Басты бет » Әлеумет » МӘМС: сұраңыз, жауап береміз!

МӘМС: сұраңыз, жауап береміз!

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты тұрғындар тарапынан сұрақ көп. Әсіресе, коронавирусқа шалдыққандар  аталған жүйе бойынша оңалту шараларын қалай алу керектігін білмейді. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Батырбек Нұрғалиевке  тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарды қойдық.  

— Коронавирус инфекциясымен ауырдым. Енді оңалтудан өткім келеді. Ол үшін қайда хабарласамын?

— Өзіңіздің емдеуші дәрігеріңізге хабарласасыз. Ол оңалту дәрігерінің немесе мультидисциплинарлық топтың кеңесіне жолдама береді. Сол жердегі мамандар  сізді қарап, тыныс алуды қалпына келтіруге, асқынуларды азайтуға, жалпы  өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған курсты таңдайды.

Оңалту шараларын медициналық ұйымдарға бармай, үйде емделген тұрғындар да ала алады. Ем тұрғынның денсаулығына, аурудың деңгейіне байланысты  стационарлық және амбулаторлық жағдайда жүргізіледі.

— Медициналық сақтандыру бойынша қандай клиникалар жұмыс істейтінін қайдан біле аламын? Мен өзім емделетін клиниканы таңдай аламын ба?

— Бұл туралы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі, яғни ТМККК және МӘМС пакеті бойынша қызмет көрсететін медициналық ұйымдардың тізімінен қарауға және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми сайтынан танысуға болады. Әр адамның дәрігер мен емхананы өзі таңдауына  құқы бар.

— Мен декреттік демалыстамын. Балама  МӘМС бойынша медициналық көмек көрсетіле ме?

—  Балалар жеңілдетілген санатқа кіреді. Сондықтан оларға жарнаны мемлекет төлейді. Профилактикалық тексерулер, маман кеңесі, созылмалы ауруларды бақылау, диагностикалық қызметтер және оңалту шаралары тегін жүргізіледі.

— Мен ресми түрде жұмыс істемеймін. Екі балам бар. Үш жылдан бері гипофиздің микроаденомасы диагнозы бойынша эндокринологтың есебінде тұрмын. Биыл  контрастты сұйықтық арқылы МРТ-дан өткім келеді. Бұл процедураны тегін ала аламын ба? Бұған дейін бұл қызметті ақылы түрде алып келдім.

— Сіз азаматтардың жеңілдік берілген санатына жатасыз. Сондықтан бұл тексеру түрінен тегін өтесіз. Ол үшін емдеуші дәрігерге қаралып, жолдама алу керек және онда  «контрастпен» деп жазылуы керек.

— Дәрігер маған МРТ-ға  жолдама берді. Бірақ барлық күндер бос емес, ал менің кезегім бір айдан кейін келеді. Неге ұзақ күтуіміз  керек?

— Бейінді мамандардың қабылдауы және диагностикалық қызметтерді алуда күту мерзімінің ұзақтығы — 10 күн. Шұғыл жағдайда көмек бір-екі күнде көрсетілуі керек. Егер сіз ұзақ күтетін болсаңыз,  МӘМС бойынша МРТ-ны басқа медициналық ұйымнан өтуіңізге болады. Тексеруден кейін қор төлемді сол емдеу мекемесіне аударады.

— Мен жүктімін. Тісімді  МӘМС бойынша тегін емдете аламын ба?

—  Иә. Ол үшін  МӘМС бойынша қызмет көрсететін стоматологиялық клиникаға барасыз. Клиникалардың тізімін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтынан табасыз. Тісіңізді емдету үшін емхананың жолдамасы болуы шарт емес.

Жүкті әйелдерге, 18 жасқа дейінгі балаларға, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, 1, 2, 3 топтағы мүгедектерге, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне, көпбалалы аналарға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, зейнеткерлерге тіс жұлу, химиялық пломба орнату тегін жүргізіледі.

— Балаларға арналған тегін дәрі-дәрмектердің тізімін қайдан табуға болады?

— 2017 жылы 29 тамызда Денсаулық сақтау министрінің №666 бұйрығымен ТМККК және МӘМС бойынша, тегін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізімі бекітілді. Бұл тізімді «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінен табуға болады.

МӘМС бойынша ақпарат қажет болса, сапасыз медициналық көмекке тап болсаңыз, әлеуметтік сақтандыру қорының аймақтық филиалына хабарласуыңызға болады.

Филиалдардың мекенжайларын, байланыс телефондарын және электрондық пошталарын жариялаймыз.

Онкологиялық диспансерде  есепте тұрмын. Жақын арада жоспарлы тексерістен өтуім қажет. Тегін тексеріле аламын ба? Жұмыс істемеймін.  МӘМС-ке жарна төлемеймін.

— Онкологиялық есепте тұрған  пациенттерді динамикалық бақылау ТМККК шеңберінде жүргізіледі. Сондықтан сақтандыру мәртебесі талап етілмейді, яғни барлығы тегін жүргізіледі.

— Үш айлық балам бар. Өзін нашар сезінеді. Бірақ қызуы жоқ. Осындай кезде дәрігерді үйге шақыртуға құқымыз бар ма?

— Бес жасқа дейінгі балалар мен жүкті және босанған әйелдердің денсаулығында қандай да бір ақау байқалып, өзін жайсыз сезінсе, медициналық көмек үйде көрсетіледі. Сіз медицина қызметкерін жұмыс күнінің аяқталуына кемінде 2 сағат қалғанда шақыруыңыз керек. Аурудың белгісіне байланысты  учаскелік медбике немесе дәрігер келеді.

—  Жеке кәсіпкермін.  МӘМС үшін жарна төледім. Бірақ қажетті мөлшерден артық төлеп жіберіппін. Қаржыны қайтаруға бола ма?

—  Қате немесе артық төленген қаражатты қайтару үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына хабарласасыз. Сол жерде өтініш жазып, төлем түбіртегін көрсетесіз.

— Сақтандырылғанымды  қалай  және қайдан біле аламын?

— Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz ресми сайты арқылы білуге болады. Сайттың оң жағындағы төменгі бұрышта жасыл шеңбер бар. Соған  ЖСН нөміріңізді енгізесіз. Сондай-ақ egov.kz электронды үкімет порталы арқылы тексеруге болады. Порталдың жеке кабинет және «Денсаулық сақтау» бөліміне кіресіз. Telegram-дағы Saqtandyru-bot  арқылы да мәртебеңізді анықтай аласыз. Qoldau 24/7 мобильді қосымшасындағы «Сақтандыру мәртебесін анықтау» бөлімі арқылы да ақпарат алуға болады.

— Жеке кәсібі бар азаматтар МӘМС бойынша жарнаны қалай және қашан төлеуі керек?

— Жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалық иелері, жеке практикамен айналысатын азаматтар ең төменгі жалақының 5%-ы мөлшеріндегі қаржыны әр айдың 25-інен кешіктірмей төлеуі керек. Биыл ең төменгі жалақының мөлшері —  42 500 теңге. Демек, жарна мөлшері — 2975 теңге. Жалдамалы жұмысшы  үшін жұмыс берушінің  бухгалтериясы жалақының 2%-ы мөлшерінде және жалақы қорынан 2% мөлшерінде төлем жасайды.

— Ресми  емес, яғни үйде  отырып жұмыс жасайтын  азаматтар МӘМС жүйесіне жарна төлеуі керек пе?

— Жеңілдігі бар 15  санатқа кіретін азаматтар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Егер сіз жеңілдігі бар санатқа жатпасаңыз, өзін-өзі қамтыған азамат ретінде ай сайын жарна төлеуіңіз қажет. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар бірыңғай жиынтық төлем төлеуіне болады.

— Бірыңғай жиынтық төлем дегеніміз не?

— Бірыңғай жиынтық төлем — жұмыспен қамтылған азаматтарды  тіркеудің оңайлатылған тәртібі. Бұл төрт міндетті төлем түрін біріктіреді. Олар —  жеке табыс салығы (ЖТС), мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетін  әлеуметтік аударымдар, БЖЗҚ-ға төленетін зейнетақы төлемдері, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына аударымдар.

БЖТ көлемі —  республикалық маңызы бар қалалар үшін 1 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), яғни  2917 теңге. Ауылдық жерлер үшін 0,5 АЕК, яғни  1458,5 теңге. Сақтандыру пакетіне енген қызмет түрлерін пайдалану үшін БЖТ соңғы 3 айда үзіліссіз төленуі тиіс.

— МӘМС жарнасын қай жерден төлеуге болады?

— Екінші деңгейлі банктер және олардың интернет-сервистері, Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы және  «Қазпошта» акционерлік қоғамының  бөлімшелері арқылы төлем жасауға болады. Төлем қабылдау терминалдары, яғни Qiwi, Kassa24 және тағы басқалары арқылы да жарна төлей аласыз. Медицина ұйымдарында да қабылдау терминалдары бар.

Кәмшат ҚОПАЕВА.