Басты жаңалықтар

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Облыстағы еңбекақы мөлшері төмен. Халықтың табысын арттыру бойынша жұмыс жалғасады

Онкологиялық ауруларға шалдыққан жерлестердің қажетті ем-домын толық көлемде ала алмай отырғаны, Алға ауданындағы шошқа фермасына қатысты шешілмеген мәселе, Елек өзенінің тартылып қалғаны, өңірдегі экологиялық ахуал, денсаулық сақтау саласындағы кейбір салғырттықтар, т.б. негізгі түйткілдер кеше облыс әкімдігі ғимаратында өткен қоғамдық кеңестің отырысында көтерілді. Алдымен облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің есебі тыңдалған отырыста бірқатар белсенді әлгіндей әлеуметтік маңызы бар мәселелерді ортаға салды.

Жиында облыс әкімі әуелі қоғамдық кеңес өкілдерінің алдында есеп беріп, өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

Бүгінгі басқосуға мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес белсенділерінің аз тобы ғана қатысып отыр. Өйткені, санитарлық талаптарға сай,Ақтөбе қаласы, аудан әкімдерінің, сонымен бірге, менің есебім де әлеуметтік желілер және жергілікті телеарна арқылы көрсетілетін болады, — деген Оңдасын Оразалин былтырғы қаңтар-ақпан айларында облыстың 36,7 мың тұрғынының қатысуымен барлық деңгейдегі әкімдердің 523 есептік кездесуі өткізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, кездесу барысында 1019 мәселенің 824-і сол жерде шешіліп, түсініктеме берілген. Қалған 195 мәселенің 30-ы облыс әкімінің іс-шаралар жоспарына, 165-і аудандар мен Ақтөбе қаласы әкімдерінің іс-шаралар жоспарына енгізіліпті. Жалпы, бүгінгі таңда 110 мәселенің орындалғаны айтылды. Яғни 85 мәселе орындалу үстінде. Артынша облыс әкімінің жоспарына енген 30 мәселенің 29-ы бойынша қаржыландыру мәселесі толық шешілгенін, тек 1 жобаның мәселесі жоғары деңгейдегі мемлекеттік органдармен пысықталып жатқаны тілге тиек етілді.

— Біз бір нәрсеге қатты көңіл бөлуге тиіспіз. Тек жұмыс жасап тұрған кәсіпорындардың әлеуетіне сүйеніп, экономикалық үрдістің тұрақты өсуін қамтамасыз ете алмаймыз. Сондықтан басты басымдықтарымыз қосымша  инвестиция тарту болуы керек. Мәселен, 2020 жылы өңіргеқомақты мөлшердегі646,8 миллиард теңгені құрайтынинвестиция тартылды.Бұл 2019 жылға қарағанда,6,6 пайызғаартық. Нәтижесінде 23 ірі инвестициялық жобаны іске асыру және 1200-ден астам жұмыс орнын құру қамтамасыз етілді.

Биылғы жоспарымызда одан да көбірек инвестиция тарту, шамамен 800 миллиард теңгеден асу межесін көздеп отырмыз. Атап айтар болсақ, «ЭкоТехПрогресс» мұнай қалдықтарын қайта өңдеу зауытын салу, «Global Service Company XXI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диализаторлар өндірісі, «Қазақстандық мұнай жабдықтары зауытының» мобильді бұрғылау қондырғыларын өндіру сияқтыірі инвестициялық жобалардыіске асыру жоспарланған. Қарғалы ауданында «Arm Wind» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жел электр станциясының екінші кезеңі іске асырылуда. Бұл жобалардың біздің өңір үшін тек экономикалық қана емес, үлкен экологиялық және әлеуметтік маңызы бар. Сондай-ақ өңірге инвестициялар ағынын арттыру мақсатында «GOSB» түрік инвесторымен бірлесіп,индустриялық аймақ құру жоспарлануда, — деді Оңдасын Сейілұлы.

Облыс әкімі өз сөзінде Ақтөбедегі еңбекақы мөлшері, еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда, едәуір төмен екенін, былтыр жасалған жұмыстардың нәтижесінде бірқатар ірілі-ұсақты мекемелердегі жалақы көлемі 30 пайызға дейін көтерілгенін айтты. «2021 жылы халықтың табысын арттыру бойынша жұмыс жалғасатын болады. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында мәдениет, халықты әлеуметтік қорғау, бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 30 пайызғаұлғайтылатын болады», — деп сабақтады сөзін Оңдасын Оразалин.

Сонымен қатар жағымды жаңалықтардың қатарында былтыр  Мәртөк, Темір, Байғанин және Хромтау аудандарында 4 спорттық-сауықтыру орталығының, сондай-ақ иппотерапия әдісімен мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуға арналғанжабық аренаның құрылысы аяқталғанын айтуға болады. Ал таяуда Ақтөбе қаласында қысы-жазы пайдалануға болатын шаңғы-роллерлік трасса пайдалануға берілді.

Мәдениет саласына келсек, есепті кезеңде «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Ер Едіге мен Есет батыр Көкіұлына ескерткіш орнатылды. Ал «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша облыс аумағында археологиялық және этнографиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілген. Мұнымен бірге облыстық мемлекеттік архив, облыстық халық шығармашылығы орталығы, 7 селолық клубтың ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, жаңадан 2 селолық клуб салыныпты.

— Бүгінгі таңда жастар өңір тұрғындарының бестен бір бөлігін құрайды. Жастаркәсіпкерлігін қолдауға бағытталған«Өз арманыңа жет!»арнаулы жобасы тұңғыш рет жүзеге асырылды. Жоба барысында 29 жасқа дейінгі 16 адам 2 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде қайтарымсыз қаржылай грантқа ие болды.

Президенттің бастамасы бойынша былтыр «Еріктілер жылы» деп жарияланғаны мәлім. Жыл қорытындысы бойынша өңірде еріктілер топтары 3 есеге дейін ұлғайды. Қазіргі уақытта облыста 94волонтер тобы бар, олардың құрамында 2 мыңнан астамерікті біріктірілген.

Елімізде енгізілген төтенше жағдай режимінде еріктілердің облыстық штабы құрылды, оның құрамында 300 ерікті еңбек етіп, 370-тенастам шара ұйымдастырды.

Жастардың өзекті мәселелерін анықтау және пікірлерін талдау мақсатында әлеуметтік зерттеулер жүргізу — өте маңызды мәселе. Оған бейжай қарауға болмайды. Жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту, іскерлікке бейімдеу, экологиялық мәдениетті көтеру мақсатында кешенді шаралар өткізілуі тиіс. Және ол тек қағаз жүзінде ғана емес, өмірде іске асатын нәтижелі болуы тиіс. «Жасыл ел» жобасын және кешенді экоакцияларды жалғастыру, жалпы еріктілерге қолдау көрсетуді естен шығармаған жөн. Жоғарыда айтылған барлық шараларды  ұйымдастырып, қатаң бақылауға алуды орынбасарым Мейрамбек Шермағамбетке тапсырамын, — деді облыс әкімі.

Облыста жол мәселесінің өзекті екені белгілі. Бұны Оңдасын Оразалин де мойындап, өткен жылы осы салада атқарылған жұмыстарға тоқталды. Кейіннен биылғы жоспарлар мен жолаушылар тасымалы жөнінде сөз етті:

— Қызметке алғаш тұрған күннен бастап жолдарымыздың жайы туралы «жырды» естіп келемін. Сең қозғалды. Өткен жылы осы олқылықтардың орнын толтыруға бірқатар жұмыстар жасалды. Қаламыздағы, ауыл ішіндегі біршама көшелерге асфальт төселіп, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар салынды. Дегенмен жол мәселесі әлі өзекті. Осыған байланысты біз бұл бағыттағы жұмысты тұрақты негізде күшейтеміз. Көптен сарыла күткен Ақтөбе-Қандыағаш жолдарын жөндеу жұмыстары басталуда. Қазір ұйымдастыру шаралары іске асырылды. Қалай қар кетіп, жер қараяды, солай жұмысты бастап кетеміз.

Сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі — қоғамдық көліктің талапқа сай жұмысы. Тасымалдаудың ыңғайлылығын арттыру, көлеңкелі экономиканы төмендету үшін автобустарда электрондық билеттеудіенгізген дұрыс.Бүгінгі таңда «ПАТП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалпы иелігіндегі автобустардың 90 пайызына стационарлық валидатор орнатты, «Автопарк» серіктестігі де осы жұмысқа кіріседі, — деді.

Қазіргі таңда атқарушы биліктің алдында халықты жүз пайыз сапалы ауызсумен қамту міндеті тұрғанын, осы мақсатта өткен жылы орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету бойынша 12 жоба іске асырылғаны айтылды. Нәтижесінде тұрғындарды тіршілік нәрімен қамту 96,2 пайызға жеткен.

Тұрғын үй мәселесі де түйіні шешілмеген түйткілдердің бірі. Облыс әкімі жоспар бойынша биыл кезек тәртібімен 891 пәтер пайдалануға берілетінін, мұнымен бірге «Бақытты отбасы»бағдарламасы аясында шамамен 300отбасы жеңілдікпен несие рәсімдейтінін баян етті.

— Расында облыстағы экологиялық жағдайдың  сын көтермейтіні баршамызға мәлім. Бұл бағыттағы проблемаларды шешуге Үкіметтің қолдауымен бірқатар шаралар қолға алынуда.

Ақтөбе қаласының тұрғындарын Қарғалы, Елек, Бұтақ өзендерінің арналарын кеңейту жұмыстарын жүргізу мәселесі де қатты алаңдатады. 

Қазіргі уақытта әкімдік Үкіметпен бірлесіп жобалық-сметалық құжатты түзету бойынша шаралар қабылдап жатыр. Жұмыстар одан әрі қоғам мен сарапшылардың пікірін ескере отырып,жүзеге асырылатын болады.Көкжиде жерасты сулары мәселесі де маңызды.Биыл  кен орны қорларын қайта бағалау жобасы аяқталады, оны іске асыру барысында ұңғымалар желісі бұрғыланды, аталған жұмыстар бойынша кейін жерасты суларына мониторинг жүргізілетін болады.

Осы мақсатта облыстық бюджеттен алдағы 3 жылда 3,1миллиард теңге бөлінеді. Бұған қоса суармалы жерлердің аумағын ұлғайту және балық шаруашылығын дамыту мақсатында бөгеттерді түгендеужүргізілді.Күрделі жөндеуді қажет ететін 34 бөгет анықталды. Сондай-ақ жүргізілген талдау нәтижесінде шамамен10 шағын су қоймасынжасақтау қажет деген тоқтамға келдік. Осы және жоғарыда айтылған шараларды қатаң бақылауға алуды бірінші орынбасарым Нұржауған Қалауовқа тапсырамын, — деп атап өтті өңір басшысы Оңдасын Оразалин.

Одан соң облыстық мәслихаттың хатшысы Амангелді Нұғманов сөз алып, биылғы сайлаудан соң 33 адамның депутаттық мандатқа ие болғанын айтты. Өткен жылғы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, 7 сессия өтіп, депутаттар 387 кездесу өткізген. Ал жеке қабылдауға барлығы 2614 ақтөбелік жазылыпты. Олардың басым бөлігін жұмыссыздық мәселесі толғандырады екен.

Жиында облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Бағлан Баймағамбетов те баяндама жасады. Оның айтуынша, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері — 35 адамнан құрылған белсенді топ. Олар өзара 6 салалық комиссияға бөлінген.Алға ауданындағы шошқа фермасының кесірінен орын алып отырған экологиялық ахуал, Ақтөбедегі ферроқорытпа зауытының қалдықтары, кәріз жүйелерінің жаңарту жайын сын тезіне алған ол жасыл желекті молайту керектігін, ол үшін әр тұрғын он ағаштан ексе деген ұсынысын білдірді.

Басқосу барысында жоғарыда аталған кеңес мүшелері Марат Қойлыбаев, Бижан Қалмағанбетов және Айгүл Дүйсеновалар өздерін мазалаған проблемалық мәселелерді ортаға салды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button