Денсаулық

53 оқушыдан вирус анықталған

Брифинг

7 ақпан күні облыста коронавирус жұқтырған 5 адам тіркелді. Науқастардың үшеуі Ақтөбе қаласынан болса, екеуі Хромтау ауданының тұрғыны. Аурушаңдықтың өсу деңгейі – 0,1% құрайды.

Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді.

Алдымен Мұхтар Сербаев Ақтөбе облысының жасыл аймақта екендігін, инфекцияның тіркелу жағдайы құбылмалы болып тұрғанын мәлімдеді.

— Соңғы бес күндікте, атап айтар болсақ, 3-7 ақпан аралығында көбею санының орташа көрсеткіші — 1,0 пайыз. Аурушаңдық көрсеткіші — 6,45 пайыз. Тәуліктік өсу қарқыны — 0,1 пайыз. 7 ақпан күні індет жұқтырған 5 адам тіркелді. Сондай-ақ тәулік ішінде вирус анықталмаған пневмонияның 1 жағдайы тіркелді.

Жалпы — 1 қыркүйектен бастап облыс тұрғындары арасында барлығы 802 адам коронавирус жұқтырған, оның 109-ы — 18 жасқа дейінгі балалар. 53 оқушыдан вирус анықталды. Олардың 24-і оффлайн, 29-ы онлайн оқитын оқушылар арасында. Ал 1-7 ақпан аралығында облыста 8 оқушы індет жұқтырған.  Интернатта оқып жатқан оқушылар арасында індет тіркелген жоқ, — деген департамент басшысының орынбасары тұрғындардан барлық санитарлық талаптарды сақтауды сұрады.

Баспасөз мәслихаты барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров күні бүгінге дейін 510 медицина қызметкері екпе алғанын және олардың бірде-біреуінен денсаулығына кері әсер еткені туралы шағым түспегенін айтты.

Брифинг кезінде журналистер отандық вакцинаның қашаннан бастап салынатынын сұрады. Басқарма басшының орынбасары аталған вакцинаны бірінші тоқсанда күтіп отырғанын, наурыз-сәуір айларында вакцинациялау жұмыстары басталатынын айтты.

Айта кетейік, облыста коронавируспен ауырған 4020  жағдай тіркелді. Оның 50,4%-ы ауру белгілерімен және 49,5%-ы симптомсыз жағдай. 3840 науқас жазылып шықса, 134 адам ем қабылдап жатыр. Облыс бойынша коронавирустан 50 адам қайтыс болған.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button