Тәуелсіздік — 30

30 нақты іс атқарылады

Қобда ауданы Тәуелсіздіктің мерейлі 30 жылдығына орай «30 жыл — 30 нақты іс» жобасын қолға алды.

Жоба аясында аудан әкімі Болат Кұлов ауыл шаруашылығы саласындағы ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша аудан кәсіпкерлерімен меморандумдарға қол қойды. 2021 жылы ауданда 5 миллиард 500 миллион теңгені құрайтын 20 жоба жоспарлануда. Соның ішінде кәсіпкерлік саласы бойынша 500 миллион теңгені құрайтын 15 жоба, ауылшаруашылық саласы бойынша 5 миллиард теңгенің 5 жобасын жүзеге асыру көзделіп отыр.

Мәселен, «Қобда жер» ЖШС директоры Есет Ибашев қуаттылығы 1000 тонна ет өңдейтін орын және 1500 ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын құру мақсатында 1 миллиард теңге инвестиция тартып, 15 жаңа жұмыс орнын ашуды көздеп отырса, «Ұлы дала» шаруа қожалығының директоры Сәндібай Әлитурлиев аудан орталығынан 3000 ұсақ мал бордақылау алаңын құруды жоспарлап отыр. Бұл жерде 12 адамға жаңа жұмыс орны ашылады. «Kobda milk» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің басшысы Асылбек Нұргелдин қуаттылығы 500 тоннаны құрайтын сүт фермасын ашып, 10 адамды жұмыспен қамтымақшы. Бұл 2021 жылы Қобдада жүзеге асырылатын істердің бір бөлігі ғана. Ауданда осындай 30 жоба жүзеге асырылады.

Жоба аясында бірінші болып жеке кәсіпкер Мәрия Күзембай аудан орталығынан «Донер-пицца» кәсіпкерлік нысанын ашты. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына қатысып, өз кәсібінің көлемін ұлғайтуды қолға алған кәсіпкер 8 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Сондай-ақ патриоттық тәлім-тәрбиені берік ұстанатын қобдалықтар аудандық Мәдениет үйінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесіне арнайы старт беріп, жергілікті мәслихат депутаттары «30 қайырымды іс» акциясы аясында аз қамтылған отбасыға тұрғын үйдің кілтін табыстады.

Ал бұқаралық спортты, оның ішінде қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында шайбалы хоккейден жарыс ұйымдастырылды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button