Жаңалықтар

Спортпен шұғылданушылар үлесі — 31,5 пайыз

Аудан

Байғанин ауданында бұқаралық спортпен шұғылданушылардың үлесі —  31,5 пайыз. Яғни аудан халқының 7222-сі спортпен айналысады.

Бұл көрсеткішке Қарауылкелді ауылында  еңсе тіктеген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің  арқасында қол жеткізілді. Сондай-ақ  Алтай батыр ауылында бой көтерген «Рысқұл ата» әмбебап спорт кешені де сеп болып отыр. Аталған кешендер  заман талабына сай жабдықталған. Оларда баскетбол, волейбол, шағын футбол алаңдары бар, — дейді аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сағынбай Дүсіп.

Оның айтуынша, биыл бұл көрсеткішті  33,5  пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Ауданда жалпы 107 спорттық нысан бар. Оның  20-сы типтік жобадағы спорт зал, 7-еуі хоккей корты және т.б. Осы алаңдар мен спорт залдарда 106 дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, спорт-нұсқаушысы мен жаттықтырушы еңбек етеді. Бөлім басшысының айтуынша, ауданда спорт кадрлары жеткілікті.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасы бойынша тұрғындар бос уақыттарын тиімді пайдалануы үшін  барлық спорт алаңдары мен спорт залдарында кешкі мезгілде  арнайы кесте ілініп,  жұртшылықтың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалып отыр.

2016 жылдан бері ұлттық спорт түрлерін дамыту қолға алынды. Қарауылкелді, Қосарал, Қаражар, Қораши, Миялы ауылының жастары арасында көкпар, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ ойындарынан жарыстар жүйелі түрде ұйымдастырылады, — дейді Сағынбай Дүсіп.

Алдағы уақытта аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жанынан ангар типтес спорт залы салынады. Сондай-ақ Жарқамыс, Көлтабан ауылдық округтерінде денешынықтыру-сауықтыру спорт кешендері  еңсе тіктейтін болады.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button