Спорт

Темірлан тәрбиелейді

Тарихы тереңге бойлайтын қазақша күреске қызығушылардың қатары көбейді бүгінде. Қандыағаш қалалық №2 орта мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Темірлан Бұрынғалиев те спорттың осы түріне тәнті болған жасөспірімдерді тәрбиелеп жүр.

Мектеп оқушыларының қазақша күреске деген қызығушылығын арттырып, жалпы, салауатты өмір салтына баулуды мақсат еткен мұғалім өткен жылдың наурыз айында мектеп әкімшілігінің қолдауымен үйірме ашуды қолға алған.

Ұстаздық қызметте бір жарым жыл жүрсе де, спортты серік еткен Темірланның жетістіктерін сөре толы медальдары айғақтайды. Темірлан — облыстық жастар арасында қазақша күрестен екі дүркін, «Жас барыс» облыстық іріктеу турнирлерінің жеңімпазы, қазіргі таңда қазақ күресінен спорт шеберлігіне үміткер.

Спорттың адам өміріндегі, денсаулығы мен тәрбиесіндегі рөлін жете түсінген жас маман ешқандай демеушісіз шәкірт тәрбиелеп келеді. Өзінің бұрын қолданған спорттық киімдерін оқушыларға үлестіріп, мектептегі төсеніштерді пайдаланып, уақтылы жаттығу жұмыстарын жүргізіп жүр.

— Қазақ халқының ең көне спорт түріне жататын қазақша күрестің берері көп. Бүгінде спорттың осы түрін таңдап жатқандардың көптігі қуантады. Қазір өздері қызығушылық танытып жүрген жасөспірімдерді тәрбиелеп жүрмін. Алдағы уақытта ұсыныстар түскен бойда оқушыларды жан-жаққа шығарып, шәкірттерімнің жетістіктерін көрсем деймін, — дейді жанашыр жаттықтырушы.

 А.АЛТЫБАЕВА,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button