Білім

Балдырған

Елорда

Жүрегімізді нұрландырған жолдама

«Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасының қорытындысы бойынша берілген сыйлықтардың ең кереметі — еліміздің жүрегі, Астана қаласына саяхатқа баруға берілген жолдама.

Әйтеке би ауданы бойынша 40 оқушыға жолдама беріліп, оның біреуі Жабасақ аулы бойынша маған бұйырған. Елордамызға баратынымды білгенде қуанышымда шек болмады.

Жолдамаға сәйкес қазан айының соңғы бейсенбісі күні Әйтеке би теміржол вокзалынан Ақтөбе-Астана бағытындағы пойызға отырдық. Барлық ауылдардан жиналған оқушыларға сәт сапар тілеп ата-аналар, ұстаздарымыз, Баязит Құдайбергенов, Зинел Бекетов, т.б. ағаларымыз шығарып салды.

Астанаға келген сәтте біздерді дана «Абай» атымен аталған қонақ үйге орналастырды. Аз тынығып алғаннан кейін бізді әсем қаланы аралатуға алып шықты. Еркелей аққан Есіл өзенінің үстіне салынған көпірлер, өзен жағалай орналасқан көкпен таласқан ғимараттар жаңа бір әлемге кіріп бара жатқандай әсер қалдырады екен.

Астанада болған күндері біз «Бәйтерек» монументін, «Нұр Астана» мешітін, Хан шатырын, Бейбітшілік пен келісім сарайын, К.Бәйсеітова атындағы опера және балет театрын, «Думан»  ойын-сауық кешенін, т.б. көптеген жерлерді көріп тамашаладық.

Осыдан екі жыл бұрын тұсауы кесілген «Қазақ елі» монументі мен Керей және Жәнібек ескерткіштерінің  сән-сипатына тәнті болдық. Қысқы Азия ойындары өтетін стадиондарының сәулеті де көз қызықтырардай екен.

Бас қаламыздың тағы бір сыйы әйгілі әнші Рамазан Стамғазиев тәрізді ағаларымызбен күтпеген кездесу еді. Олармен кездесіп, бірге суретке түсіп, қолтаңба алудың өзі мен үшін шексіз, шетсіз бала арманым орындалғандай әсер қалдырды.

Осылайша Астана қаласындағы саяхатымыз аяқталып, туған жерімізге оралдық. Елордамызға сүйсініп, жаңа достар тауып, уақытты тамаша өткіздік. Бізге жолдама әперген марафон-эстафетаны ұйымдастырған облыс әкімі Елеусін Сағындықов ағамызға, осы іске жауапты болған барлық аға-апаларымызға шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Алдағы кезде де бізді қуанышқа кенелтетін осындай игі істер жалғасын табатындығына сенімім мол.

Жұлдыз ЕРЕН,

Жабасақ орта мектебінің оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Оқушының өлеңі

АНА

Аналарға мың алғыс,

Бағып-қағып өсірген.

Жақсымызға қуанып,

Қатемізді кешірген.

Түн ұйқысын төрт бөліп,

Тербетеді аналар.

Сондықтан да оларды

Құрметтейік, балалар!

Ақниет АМАНТАЕВА,

№6 мектептің 6-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Ас атасы

Ащы тердің тәтті жемісі

Адамның бала кезінде ең алдымен білетін сөздерінің бірі — нан. Оның жаңа піскендегі иісі мен дәмін еш нәрсеге теңеуге болмайды. Халқымыз «Ас атасы — нан» дегенді бекерге айтпаған.

Егін алқаптарында маңдай терлерін төккен мыңдаған адамдардың еңбегі дастарқанға үзім-үзім нан болып оралатынына әркімнің де сенімі мол. Таудай болып үйілген астық та, қызарып піскен үлкен таба нан да — егін алқабының жемісі. Ал еліміздің байлығы — барлығымыздың байлығымыз.

Нан — қарапайым әрі ұлы ұғым. Диқандар үшін биылғы жыл ауыр болды.Жаз аңызаққа тап болып, жаңбыр аз жауды. Сонда да ағаларымыз егін алқабындағы дәнді түгел жинап алды. Адал еңбектің арқасында барлық қиындықты жеңді.

Міне, осындай көп тер төгудің арқасында келген нанды қадірлей білсек екен деймін. Қалаға барған кезде қоқыстардан аппақ нанды көргенде ішің қатты күйіп, тамағыңа бір өксік тірелгендей болады. Әрине, ауылда мұндай жағдай болмайды деп айта алмаймын. Ауылдық жерлерде де нанды жуындыға тастап жатады.

Еліміздің ерлікке толы тарихында үзім нанға байланысты ащы деректер көп. Осыны ұмытпайық. Әрі қастерлі, әрі тәтті нанды қадірлей білейік.

Райса НАСАН,

Бөгетсай орта мектебінің 5-сынып оқушысы.

Хромтау ауданы.

Табиғат

Қар — мұздықтың қоры

Мұздық деген — көп жылдар бойы жиналған сеңгір мұз. Ол қыстыгүні жауып, жазда еріп үлгермей қалған қардан құралады. Биік таулардың басындағы, Арктика аралдарындағы, Антарктидадағы мұздықтар солай пайда болған.

Жаздыгүні, ауаның температурасы нөл градустан жоғарылаған кезде мұздықтың бетіндегі қар ериді. Бірте-бірте қар мұздаққа, кесек мұз түйіршіктерге айналады. Түйіршіктер бір-бірімен соқталанып жабыса береді. Еріген судың мұздақ болып қатып, одан мұзға айналуы үшін бір ғана жаздың өтуі жеткіліксіз.

Құрлықтың барлық мұздықтарын жамылғы мұздықтар және тау мұздықтары деп бөледі.

Антарктиданы, Арктика аралдарын жамылғы мұздықтар құрсап жатыр. Олардың жылжи-жылжи мұхитқа еңкейіп барып омырылуынан айсбергтер пайда болады.

Биік таулардағы мұздықты тау мұздығы дейді. Тау мұздықтарының қалыңдығы 100 метрге, ал Антарктида мен Гренландияда (Атлант мұхитының солтүстік бөлігінде жатқан арал) 3-4 шақырымға жетеді.

Барлық мұздықтар өте баяу болса да жылжып отырады. Мұздың өзіндік қасиеті: мұз қабаты тым қалыңдаған кезде, ол өз салмағының ыңғайымен ақырын сырғи бастайды. Кавказ жоталарындағы көптеген мұздықтардың жылжуы жылына 100 метрге дейін жетеді. Ал Тянь-Шань мен Памир тауларының ірі-ірі мұздықтары 150-300 метрге дейін жылжиды.

Кейде жолдарында үлкен-үлкен кедергі тас кездесіп қалса, мұздықтар қарс-қарс айрылып, бірнеше бөлікке бөлініп кетеді. Сөйтіп, мұз көшкіні пайда болады.

Мұздықтар — үлкен тұщы су қоймасы. Мұздықтардың тұщы суынан өзендер бастау алады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button