Әкімдер есебі

30 инвестициялық жоба жүзеге асты

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров «Рика» телеарнасының тікелей эфирінде тұрғындарға есеп берді. Тікелей эфир әлеуметтік желі арқылы көрсетіліп, ақтөбеліктер онлайн түрде сауалдарын қойды.

Қала әкімі  өткен жылдың бүкіл әлем үшін  күрделі  жыл болғанын атап өтті.

Бүкіл әлемдік қауымдастық үшін 2020 жыл күрделі сынақ жылы болды. Елімізде коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Сын сағатта тұрғындар бір-біріне қолдау көрсетіп, береке, бірлікті сақтады. Мемлекетіміздің басты құндылығы — адам өмірі мен денсаулығы.

Қиын күндері індетпен күрескен еріктілердің, медицина мамандарының, полиция мен әскери қызметшілердің, кәсіпкерлердің, қарапайым қала тұрғындарының еңбегін ерекше атап өту керек. Олар ешқандай мақтау, марапат күтпестен, адам өмірін сақтап қалуға бар күш-жігерін салды.

Еріктілер күндіз-түні дамыл таппай, ауруханаларға оттегі баллондарын, дәрі-дәрмек тасыды. Қиын жағдайда қалған жандарға азық-түлік апарып, қайырымдылық көрсетті. Біз мейірімді, қарапайым, адамгершілігі мол ақтөбеліктердің арқасында қиындықты бірге еңсердік.

Пандемия мен шектеу шаралары қала экономикасына айтарлықтай қиындық әкелген жоқ. Мұны бюджеттен байқауға болады. 2020 жылы қалалық бюджеттің кіріс бөлігі 107,6%-ға орындалып, 109,3 миллиард теңгені құрады.

Қалада карантин жарияланған кезде 87 рет тікелей эфирге шықтым. 109 байланыс қызметіне 32 мыңнан астам тұрғын хабарласты. Осы қиын кезде ақтөбеліктер бір-біріне қолдау көрсетті. Пандемияға қарамастан, облыста жағымды жаңалықтар көп болды. Мәселен, облыс әкімінің қолдауымен «Ақтөбе» футбол командасы бірінші лига жеңімпазы атанды. Қиындыққа қарамастан, сүйікті қаламызды көркейтуге кірістік, жолдар жөнделіп, аулалар абаттандырылды. Өңір басшысының қолдауымен бұл жұмыстар биыл жалғасын табады, — деді Асхат Шахаров.

Былтыр 94 мың 500 мұқтаж адамға көмек көрсетілген. 15 мың 800 тұрғынның коммуналдық шығыны өтеліп, облыстық бюджеттен 19 мың 400 адамға 20 мың теңгеден жәрдемақы төленді. 3934 отбасы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алды. Әртүрлі бағдарламалар аясында 11 972 жаңа жұмыс орны ашылды.

Өткен жыл шағын және орта бизнес өкілдері үшін де оңай болған жоқ. Соған қарамастан, шағын кәсіпкерлік саласы 840,7 миллиард теңгенің өнімін өндірді. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында  697 кәсіпкерге 32,5 миллиард теңге несие берілген. Бұл қаржыға кәсіпкерлер өз бизнесін кеңейткен.

Былтыр 27,1 миллиард теңгеге 30 инвестициялық жоба іске қосылып, 1700 жаңа тұрақты жұмыс  орны ашылған.

Еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі — баспана. Қазір қалада 24 мың адам үй кезегінде тұр. Өткен жылы 800 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, бірнеше мемлекеттік  бағдарламалар арқылы 2284 отбасы пәтерлі болды. Қала әкімі бұл жұмыстар биыл да жалғасын табатынын, екі мыңға жуық пәтер беру жоспарланып отырғанын айтты.

Сондай-ақ былтыр 8,9 миллиард теңгеге қаланың айналасындағы елді мекендерге инфрақұрылым тарту жұмыстары жүрген. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақ. Қазіргі таңда құны 16 миллиард болатын 18 жоба дайындалып жатыр.

— Экономиканың күретамырына қан жүгіртетін сала — жол. Соңғы жылдары қала көшелерінің сапасы  сын көтермейтін жағдайға жетті. Былтыр 13,9 миллиард теңгеге  117 көше жөнделді. Бұл бағыттағы шаруаларды биыл да жалғастырамыз. Әсіресе, қала маңындағы елді мекен көшелеріне көңіл бөлінеді. Сондай-ақ қырық жылдан бері асфальтталмаған аулаларды қайта жаңғыртамыз. Биыл 200 аула жөнделеді.

Былтыр  ақтөбеліктердің өтініші ескеріліп, веломәдениетті қалыптастыруға көңіл бөліне бастады. Биыл 52 шақырым веложол салу үшін үш кезеңнен тұратын жоба дайындауды жоспарлап отырмыз.

Соңғы жылдары қалада жасыл желек азайып кетті. Өткен жылы  еріктілермен бірігіп, тал кесуге тыйым салдық. Биыл өсіп тұрған ағаштарды басқа жерге қайта егуге арналған техника алуды жоспарлап отырмыз.  Суару жүйелерін де қалыпқа келтіре бастадық. Осы жылы 45 мың шаршы метр жерге жасыл желек егеміз. Бұдан былай жыл сайын қаражат шығындамас үшін көпжылдық гүлдер егіледі. Ал осы шаруаны міндетіне алатын компаниялармен үш  жылға келісімшарт жасалады, — деді қала әкімі.

Қаланы абаттандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінбек.  Асхат Шахаров биыл 15  демалыс орны көркейетінін, оның ішінде қаланың шет аудандары мен елді мекендері назардан тыс қалмайтынын айтты.

Қаладағы өзекті мәселенің бірі — қоқыс, яғни тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару. Қала әкімі былтыр осы мәселені қолға алды. Қазір тұрмыстық қатты қалдықтарды тазартумен 4 компания айналысады. 400 контейнер алаңы, 3500 қоқыс жәшігі бар. 2021 жылдың соңына дейін 61 алаң салынып,  700 контейнер қойылады.

Қала мен елді мекендерді жарықтандыру жұмыстары да кезек күттірмейтін мәселе.  Өткен жылы ескі қаладағы көп қабатты үйлерге декоративті жарық шамдар орнатылды. Қазір энергия үнемдеу бағдарламасы аясында қаланың 350 көшесін жарықтандырудың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Сонымен қатар биыл 200 аула аумағы жарқырайды.

Жаз шықса, ақтөбеліктерді алаңдататын мәселе — жағымсыз иіс. Бұл туралы қала әкімі былай деді:

— Бұның бірнеше себебі бар. Соңғы 10-15 жылда қала халқының саны өсіп, канализация суының және қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі артты. Облыс басшысы Оңдасын Сейілұлының бастамасымен бұл мәселе экология министріне жетті, экологиялық ахуалды жақсарту бойынша жол картасы жасалды. Жол картасы бойынша қала аумағындағы ірі өндіріс ошақтарына талаптар қойылды. Жоспар жасалды. Оны орындау мерзімі бекітілді. Арнайы жұмыс тобы құрылып, экобелсенділер, экологтар және басқа да осы салаға жауапты мамандармен бірге жұмысқа кірістік. Мәселенің қалай шешіліп жатқаны жөнінде тұрғындарға хабарлап отырамыз. Құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталғанға дейін кәріз тазарту станциясы (КОС) катализатор арқылы тазартылып отырады. 

Соңғы жылдары қалада тұрғындар саны айтарлықтай өсті. Қоғамдық көліктердің қатары толықпаса, халықтың  қатынауы қиынға соғар түрі бар. Мәселен, қазір қалада қоғамдық көлік тасымалымен екі компания, яғни «ПАТП» және «Автопарк» мекемесі айналысады. Алайда бұл мекемелердің қызмет көрсету сапасы халықтың көңілінен шықпайды. Әсіресе, автобустардың аялдамаға келу кестесіне байланысты шағым көп. Тұрғындар автобусты ұзақ күтеді. Бүгінгі күні қалада 290 автобус бар. Қала халқының саны өсіп келе жатқандықтан, бұл жеткіліксіз. Асхат Шахаров осы мәселені шешу үшін биыл аталған екі компанияға бюджеттен дотация беру, яғни субсидиялау жолын қарастырып отырғанын айтты. Сондай-ақ тұрғындарға қолайлы болу үшін электронды билет жүйесі енгізілмек. Бұл кезде компанияларға да талап күшейеді.

Қала әкімі білім саласындағы оң өзгерістерге де тоқталды.  Қала аумағында қазіргі таңда жалпы білім беретін 84 мектеп және  2 кешкі мектеп бар.

Өткен жылы үш аусымдық оқыту мәселесін шешу үшін Батыс-2, «Нұр-Ақтөбе», Рауан-3 шағын аудандарында мектеп ашылды. Биыл Батыс-2 шағын ауданында 1200 орындық жеке мектеп және «Нұр-Ақтөбе» тұрғын үй массивінің  4-ші шағын ауданында 900 орындық мектеп пайдаланылуға берілмек.

Мәдениет және спорт салалары бойынша да биыл қыруар жұмыс атқарылады.

Сондай-ақ цифрландыру аясында «Ақылды қала» концепциясы бекітілген.  Ақтөбе қаласында Call Center «109» орталығы құрылып, былтыр 48 780 тұрғын хабарласқан.  Ал «Қауіпсіз қала» жобасы аясында қала аумағына 130 бейнекамера орнатылған.

Баяндамасын тек қана қазақ тілінде жасаған қала әкімі осы және өзге де мәселелерге тоқталды. Тәуелсіздіктің отыз жылдығы аясында арнайы жұмыстардың қолға алынатынын айтты. Тұрғындар сұрақтарды тікелей желі және әлеуметтік желі арқылы қойды. Көпшілікті толғандырған сауалдың басым бөлігі жол, су, интернет желісіне қатысты болды. Мәселен, қаланың шет аудандарында байланыс жүйесі нашар. Әсіресе, қашықтан оқыту кезінде оқушылар қиындық көрді. Қала әкімі бұл проблеманы шеші үшін арнайы жоба жасалғанын айтты. Бірінші кезекте «Нұр Ақтөбе», Батыс-2 аудандарына көңіл бөлінетінін жеткізді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button