Денсаулық

12 адам індет жұқтырды

Брифинг

Жұма күні облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды баяндады.

Бүгінде жалпы облыс бойынша коронавирусқа шалдыққан 3993 жағдай тіркелген. Ал 4 ақпан күні 12 адам індет жұқтырды.

Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша 4 күнде 500-ден астам медицина қызметкері екпе алды. Олардың ешқайсысынан денсаулығына кері әсер еткені туралы шағым түспеген.

— Бірінші кезеңде екпе инфекциялық ауруханалардың медицина қызметкерлеріне, жедел жәрдем қызметінің мамандарына, жансақтау бөлімінің, ауруханалардың қабылдау бөлімінің, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандарына салынуда.

Өңірімізде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Соңғы тәулікте коронавирус инфекциясының Ақтөбе қаласында — 10 және Хромтау ауданында — 2 жағдайы тіркелді. Бүгінде Ресеймен шектесетін Мәртөк ауданында «Жайсаң», Қарғалы ауданында «Әлімбет» санитарлық-карантиндік пункттері жұмыс істейді. Өткен жылдың 6 қазанынан бастап «Жайсаң» санитарлық-карантиндік пункті арқылы —  49150, «Әлімбет» санитарлық-карантиндік пункті арқылы 24948 адам өтті. Келгендердің арасынан 48 адамда коронавирус инфекциясы анықталды. Олардың 27-сі транзиттік көлік тасымалының жүргізушілері болса, 21-і жолаушы, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен деректерге сәйкес, ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексіне сәйкес анықталған бұзушылықтар үшін 183 миллион теңгеден астам көлемде 1353 айыппұл салынған.

— Қазіргі таңда облыстың медициналық ұйымдарында 134 науқас ем қабылдап жатыр.  Пневмония бойынша соңғы тәулікте 3 жағдай тіркелді.  Карантиндік стационарларда 64 науқас бақылауға алынды. ПТР зерттеулері бойынша 5 лаборатория қызмет жасап тұр.

Облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты, бірақ бұл ахуал түбегейлі өзгеруі әбден мүмкін. Сондықтан барынша сақтық шараларын сақтауға шақырамыз, — деді Бекболат Ізбасаров.

Қазіргі таңда үй карантиніне 560 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button