Жаңалықтар

Ақтөбеде жыл басынан бері 39 өрт оқиғасы тіркелді

Брифинг

Бейсенбі күні Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Айбат Жаңабергенов брифинг барысында жыл басынан бері қала аумағында болған өрт оқиғалары туралы айтып берді.       

Оның айтуынша, биыл жыл басынан бастап Ақтөбе қаласының аумағында 39 өрт оқиғасы тіркелген. Оның 18-і — тұрғын үй секторында, 10-ы — көлікте, ал 11 жағдай басқа нысандарда болған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл өрт оқиғалары 30 пайызға көбейіп отыр.

Жыл басынан бері өрттің салдарынан 2 адам қаза болып, 4 адам зардап шекті.

Өрттің шығуының басты себептері — электр жабдығын монтаждау кезіндегі қателіктер мен техникалық пайдалану қағидаларын бұзу, сондай-ақ отты абайсыз қолдану. Ал автокөліктерге келсек, биыл жыл басынан бері 10 автокөлік өртенді. Өрттің себебі автокөлік құралдарындағы сымдардың қысқа тұйықталуынан болып отыр, — деді басқарма басшысы.

Айбат Жаңабергеновтің айтуынша, елімізде 2014 жылғы 9 қазандағы «Өрт қауіпсіздігі қағидаларын бекіту туралы» №1077 Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының 1099-2-тармағына сәйкес жерасты паркингтерінде газ қондырғыларымен жабдықталған  автокөліктерді қоюға тыйым салынады. Сонымен қатар ас дайындау кезінде газды бақылаусыз тастап кету өте қауіпті. Биыл осындай дерек бойынша бір өрт оқиғасы тіркелген.

  • Биылғы жылдың 5 қаңтарында Ақтөбе қаласындағы Нариманов көшесі, №27 тұрғын үйдің екінші қабатында өрт болып, түрлі дәрежедегі жарақат алған 2 адам ауруханаға жатқызылды. Қазіргі таңда зардап шеккен тұрғындардың жағдайы жақсарып, үйлеріне жіберілді. Сонымен қатар жыл басында өрт салдарынан бір адам қаза болды. Ал өткен жылдың 15 қарашасында Хромтау қаласында 5 литрлік газ баллонының жарылуынан тұрғын үйдің шатыры, қабырғасы және ас бөлмесі өртеніп кетті. Өрт салдарынан 9 адам ауруханаға жатқызылып, бір адам ауруханада көз жұмды. Дәл осындай жағдай Қобда ауданында да болды. Сондықтан біз қала тұрғындарын өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауға, ақау кеткен құрылғыларды пайдаланарда мамандардың көмегіне жүгінуге, газ баллонды сақтау кезінде тігінен бекітуді, сондай-ақ баллондарды арнайы жабдықталған пункттерде толтыруды ескертеміз, — деді басқарма басшысы.

Брифинг соңында басқарма басшысы журналистердің сауалдарына жауап берді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button