Білім

Конкурс: ережелерге өзгеріс енгізілді

Брифинг

«Мамандандырылған мектептерге қабылдау тәртібі». Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг осындай тақырыпта өтті. Шараға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ  Сүлейменова қатысты.

Мамандандырылған мектептерге қабылдаудың типтік ережелеріне өзгеріс енгізілді. Бұрын құжат қабылдау маусым, шілде айларында жүргізілетін, былтыр мамыр айында ұйымдастырылды. Биыл үміткерлердің ата-аналарынан (заңды өкілдерінен) конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау 1 наурыздан 1 сәуірге дейін жүргізіледі, — деді Гүлназ Сүлейменова.

Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы №564 бұйрығымен бекітілген «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына» сәйкес  мамандандырылған білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау конкурстық негізде жүргізіледі.

Біздің облыста 3 мамандандырылған білім беру мекемесі бар. Олар — М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты, дарынды жасөспірімдерге арналған облыстық мамандандырылған «Білім – инновация» лицей-интернаты, облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернаты.

Гүлназ Төрәліқызының айтуынша, 1 наурыздан 1 сәуірге дейін екі білім шаңырағына — М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты мен облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатына түсу үшін конкурс құжаттары қабылданады. Ал «Білім-инновация» лицейіне қабылдау сәл кештеу жүргізіледі. Ол туралы қосымша хабарланатын болады.

Айта кету керек, облыстық  мамандандырылған  физика-математикалық  мектеп-интернаты  6-сыныпқа,  М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған  мектеп-интернаты 5-сыныпқа оқушыларды қабылдайды.

Конкурсқа қатысу үшін үміткердің ата-анасы немесе заңды өкілі qabyldau.daryn.kz интернет-ресурсында тіркеуден өтеді. Сондай-ақ бірнеше құжаттар тапсырады. Олар: баланың ата-анасынан немесе өзге де заңды өкілдерінен өтініш, жеке сәйкестендіру нөмірі көрсетілген үміткердің туу туралы куәлігінің көшірмесі, үміткердің электрондық мекенжайын көрсете отырып, үміткердің оқу орнынан ұйымның мөрімен расталған фотосуреті бар анықтамасы, үміткердің 3х4 көлеміндегі 2 дана фотосуреті және бар болса Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, облыстық білім басқармасы өткізген республикалық олимпиадаларға қатысқаны туралы дипломның көшірмесі қоса беріледі, — деді басқарма басшысының орынбасары.

Мамандандырылған білім беру ұйымдарына іріктеу жүргізу үшін конкурстық комиссия «Дарын» орталығында  құрылады. Конкурс материалдарын аталған орталықтың  оқу-әдістемелік кеңесі дайындап, бекітеді. Конкурстық комиссияның құрамында конкурстық комиссияның төрағасы, Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті өңірлік органдарының, «Дарын» орталығы оқу-әдістемелік кеңесінің, арнайы мониторингтік топтар қызметкерлерінің және білім беру саласындағы қоғамдық ұйымдар өкілдері болады.

Конкурс «Дарын» орталығы белгілеген мерзімде бекітілген кестеге сәйкес 15-30 сәуірде өтеді. Кесте мамандандырылған білім беру ұйымдарының және «Дарын» орталығының интернет-ресурстарында 5 сәуірден бастап 15 сәуірге дейін жарияланады.

Конкурс офлайн режимінде өтеді. Тест материалдарын «Дарын» орталығының қызметкерлері конкурс басталғанға дейін бір күн бұрын мамандандырылған білім беру ұйымдарына қағаз түрінде (пломбаланған) жеткізеді. Қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін ғимаратқа, аудиторияға және конкурстық іріктеу алаңына бейнебақылау және дыбыс жазу жүйесі орнатылады, — деді Гүлназ Сүлейменова.

6-сыныпқа түсушілерге арналған тестілеу жалпы 60 сұрақтан тұрады. Нақтырақ айтсақ, математика және логика — 35 сұрақ, оқу сауаттылығы — 15 сұрақ, Қазақстан тарихы — 10 сұрақ. Ал  5-сыныпқа түсушілерге арналған тестілеуде 40 сұрақ бар. Олар: математика және логика — 30 сұрақ,  оқу сауаттылығы — 10 сұрақ.

Тапсырмаларды шешуге бөлінген уақыт 6 сыныпта — 90 минут, 5 сыныпта — 60 минут. Айта кету керек, көрсетілген уақытқа тест материалдарын тарату, жауап парағының бөлімдерін толтыру, сондай-ақ түсіндіру жұмыстары кірмейді.

Конкурстық комиссия тест нәтижелерін өңдеуді жауап парақтарын сканерлеу арқылы жүргізеді.

P.S. «Дарын» орталығы, облыстық білім басқармасы өткізген республикалық олимпиадаларға қатысу туралы дипломның облыстық кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері басқа үміткерлермен бірдей балл жинаған жағдайда  мамандандырылған білім беру ұйымына қабылдау кезінде басымдыққа ие болады.

            Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button