Әкімдер есебі

Ойылдағы онлайн есеп — интернеттің игілігі

Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаевтың аудан халқының алдындағы қорытынды есебі онлайн режимінде өтті. Аудан әкімдігінің инстаграм парақшасында тұрғындар тікелей эфир арқылы сауалдарын жолдады.

Өткен жылғы есеп беру кездесулерінде тұрғындардың көтерген автокөлік жолдарына және әлеуметтік нысандарға жөндеу жүргізу, материалдық-техникалық базаны нығайту мәселелерi жөнінде 10 мәселе аудан деңгейіндегі іс-шаралар жоспарына енгізілген болатын.

Ондағы  аудандық маңызы бар «Ойыл-Қараой», «Ойыл-Көптоғай» автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстары былтыр басталып, халық тегіс жолдың игілігін көре бастады. Әсіресе, Ойылға «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасының тигізген пайдасы көп. Бір ғана мысал, осы бағдарлама шеңберінде жөндеу жұмыстары жүргізілген 12 әлеуметтік нысанда, жолдарды жөндеу және құрылыс жұмыстарында жұмыспен қамту орталығы арқылы 108 адам жұмысқа тартылған.

Соңғы жылдары тұрғындардың көтеріп жүрген негізгі мәселелерінің бірі  жол қатынасы. Бұрнағы жылы Ойыл мен Қараталдың арасындағы автокөлік жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, былтырғы басталған «Ойыл-Қараой» жолына күрделі жөндеу жұмысы биыл да жалғасын табады. Сондай-ақ Көптоғай, Шұбарши ауылдарына жеткізетін жол құрылысы басталды. «Саралжын-Қайыңды», Сарыбие ауылына кіреберіс 16 шақырым автомобиль жолдарын орташа жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп отыр.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл ел — бесігі» мемлекеттік бағдарламалары аясында Ойыл селосындағы Көкжар, Желтоқсан, Бақаев, Молдағұлова, Аманкелді, Шернияз көшелері асфальттанса, биыл 9 көшеге асфальт төсеуге жобалық-сметалық құжаттар жасақталды.

Сондай-ақ Көптоғай, Сарыбие, Қараой және Ш.Берсиев атындағы ауылдық округінде орталық көшелерді асфальттау биылғы жылдың еншісінде. Кейбір ауылдарға бару үшін қаражолмен жүруге тура келеді. Алайда ауылдың кіреберісі көркемделіп, елді мекеннің аты жазылған стела келушілердің көзін тартады. Биыл бірнеше елді мекендердің орталық көшеге апаратын кіреберіс жолдары орташа жөндеуден өтеді.

Бүгінгі таңда аудан халқының 92,6%-ы сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. Ауызсу құбыры бармаған 5 елді мекен суды тазартудың кешенді блоктық модулін орнату арқылы қамтылмақ.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп, Қаратал ауылына жалпы сметалық құны 547 миллион 778,0 мың теңге тұратын газ құбыры құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті.  2021 жылы құрылысты бастауға облыстық бюджеттен 50,6 миллион теңге  бөлініп отыр.  Ауданның Екпетал, Аманкелді, Көптоғай, ауылдарын газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаттарын

дайындауға 51,9 миллион теңге  бөлінген.

Ойыл облыс бойынша интернет мәселесі кешеуілдеп тұрған жалғыз аудан еді. Бір жыл ішінде ауданның бірнеше ауылдары бұған қол жеткізді.

Өткен жылы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік  бағдарламасы аясында оптикалық-талшықты интернет желісінің құрылыс жұмыстары жалғасып, Қараой, Сарыбие ауылдарында мемлекеттік мекемелер  жоғарғы жылдамдықты интернет желісіне қосылды. Жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, 14 елді мекен мен округ орталықтарында 3G «Kсell», «Beeline» ұялы байланыс желілері іске қосылды. Ендігі кезекте 250-ден астам тұрғындары бар Қарасу (Көптоғай), Шұбарши, Ақшатау, Қаракемер елді мекендері ұялы байланыспен толық қамтылады.

Мемлекеттік бағдарламалардың игілігі мұнымен шектелген жоқ. Бағдарламалар арқылы қолдау көрсетіліп, 26 шаруашылық 910 мүйізді ірі қара сатып алса, 16 шаруашылық 2459  қой сатып алды.

Былтыр аудандағы мал саны 310 асылтұқымды мүйізді ірі қарамен толықты.

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасының «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» жобасы аясында 51 жоба бойынша 237,5 миллион теңге несие алынды.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында аудан кәсіпкерлері 6 жоба бойынша 173,0  миллион теңге несие алып, шаруашылықтарын ұлғайтты.

Ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға мемлекеттік қолдау жалғастырылып, 18 шаруа қожалығына 151 миллион 324,0 мың теңгеге лизингтік жүйемен 15 трактор мен шөп шабу агрегаттарын алуға көмек  берілсе, 25 шаруа қожалығы өз қаржылары есебінен 48 миллион 815,0 мың теңгеге шөп дайындауға қажетті агрегаттар сатып алған.

Ауылшаруашылық құрылымдарын Үкімет тарапынан мемлекеттік қолдау арқылы мал шаруашылығын дамыту жұмыстары үшін   66 шаруа қожалығына 124 миллион 340 мың теңге көмек қаражат субсидия берілді.

Тікелей эфирде аудан әкімі Асқар Қазыбаев тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Тұрғындар негізінен интернет байланысының жылдамдығы, ауылдарға ауызсу, газ құбырын тарту туралы сұрады. Аудан басшысы бұл жұмыстардың жыл соңына дейін іске асатынын айтты.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button