Жаңалықтар

«Біздің міндетіміз — барлық жағдайды жасау»

Облыс  басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен аппарат жиынында санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты мәселелер қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін айтты.
Бүгін облыста коронавирус жұқтырған үш адам тіркелді. Науқастардың 95,8%-ы жазылып шықты. Төсек-орын жүктемесі — 18,8%. Карантин орталықтары мен зертханалар жұмыс жасап тұр, — деген  Нұржауған Қалауов өңірде коронавирустың болуы мүмкін екінші толқынына дайындық шаралары туралы айтты.
Қажет болған жағдайда төсек орын саны 445-тен 3603-ке дейін көбейеді. Кереуеттердің 57,1%-ы оттегімен қамтылған, 21 стационарлық рентген аппараты дайын тұр.  382 өкпені жасанды желдететін аппарат, 450 оттегі концентраты, 626 оттегі баллоны, 787 Бобров аппараты мен 424 оттегі жастығы бар. Жедел жәрдем бекеттері мен емдеу мекемелерінің автопарктері 41 санитарлық машинамен толығып, 6 мобильді диагностикалық кешен сатып алынды. Дәрі-дәрмек және жеке қорғаныс заттарының екі айлық қоры бар. Облысқа коронавирусқа қарсы  Ресейдің «Спутник V» вакцинасының  мың дозасы әкелінді.  Қаладағы №2, 3, 4 емханаларда, отбасылық медицина орталығында, облыстық кеңес беру-диагностикалық орталығында, «Медикус орталығында» қауіп-қатер тобындағы жұмысшыларға екпе салынып жатыр. Бұл жұмысқа 189 медицина қызметкері тартылған, бірінші күні 91 адам егілді.
Жиын соңында өңір басшысы Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты мәселелерді қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
— Қазіргі күні екпе салу жұмысы Ақтөбе қаласында жүргізіліп жатыр. Аудандар бұл науқанға кейінірек кіріседі. Біздің міндетіміз — екпе салу үшін барлық талаптар мен нормаларды сақтай отыра бүкіл жағдайды жасау, —  деді Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button