Жаңалықтар

Департамент басшысы екпе салдырды

Сейсенбі күні облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева №6 қалалық емханада коронавирус инфекциясына қарсы екпе салдырды.

Департамент басшысы алдымен жалпы денсаулығын тексертіп, кейін екпе алды.

Бүгін коронавирус инфекциясына қарсы екпе салдырдым. Жағдайым қалыпты. Ешқандай шағымым жоқ. Өздеріңіз білесіздер, 1 ақпаннан бастап елімізде екпе салдыру басталды. Екпе салдыру бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде екпені медицина қызметкерлері, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің және аумақтық басқармалардың мамандары алады.

Жалпы, біздің облысымызға Ресейден «Sputnik V» аталатын мың доза екпе әкелінді.

1 ақпанда облыста медицина қызметкерлері мен департамент мамандары екпенің 0,5 миллилитр болатын бірінші компонентін алды. Енді 21 күннен кейін, яғни 22 ақпанда екпенің екінші компонентін алатын болады, — деді Н.Беркімбаева.

Оның айтуынша, қазіргі таңда біздің облыс республикада жасыл аймақтар қатарында. Дегенмен індеттің алдын алу үшін барлық талаптарды қатаң сақтауымыз қажет.

Өз сөзінде департамент басшысы 20 ақпанда Ресейден екпенің екінші партиясы әкелінетінін жеткізді. Ал 26 ақпаннан бастап ақтөбеліктер Қарағанды фармацевтикалық кешенінде жасалған «Спутник V» ресейлік екпені салдыра алады. Сондай-ақ наурыз айында өңірімізге Алматыда жасалған отандық екпе де жеткізіледі. Негізінен, екпені 18-60 жастағы тұрғындар салдырады.

Айта кету керек, бүгінге дейін облыста 187 медицина қызметкері коронавирус инфекциясына қарсы екпе салдырған.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button