Жаңалықтар

«Парасат жолы»: өңірлік орталықтар ашылды

Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада «Парасат жолы» жобасының өңірлік орталықтарының таныстырылымы өтті.

Онлайн режимінде ұйымдастырылған жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев және Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты. Сондай-ақ С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында тікелей эфир арқылы өткен басқосуға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов, ақын, «Адырна» журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлы, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ертай Ашықбаев, т.б. қатысты.

Айта кету керек, қаңтардың 8-і күні «Парасат жолы» орталығы Ұлттық академиялық кітапханада ашылған болатын. Бұл тәжірибені облыстарға тарату мақсатында кеше еліміздегі облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық кітапханаларында өңірлік орталықтар іске қосылды. Мақсат — ғылыми, шығармашылық интеллигенция және дін өкілдерімен бірлесіп, қоғамда парасаттылық идеологиясын ілгерілету. Бұл орталықтар зиялы қауым, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің кездесулері үшін диалог алаңына айналмақ. Жиын барысында сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева аталған жобаның кітапханадан басталуы заңдылық екенін тілге тиек етті.

Өйткені парасаттың бәрі кітапта. Биліктегі ел тізгінін ұстайды деген азаматтарымыз жемқорлыққа жол беріп алғаны жасырын емес. Бұл қателіктер неден кетті? Кітапханаға барып кітап оқымағаннан кетті, — деді А.Бақтыгереева.
Онлайн жиында сондай-ақ Ұлықбек Есдәулет, Көпен Әмірбек, Баянғали Әлімжанов, т.б. ақын-жазушылар сөз алды.

Өз сөзінде Ақтоты Райымқұлова «Парасат жолы» өңірлік орталықтарының жұмысы адалдық, парасаттылық қағидаттарын қалыптастыруға, ұлттық мәдениет пен руханият құндылықтарын ілгерілетуге ықпал ететініне сенім білдірді.

«Адамды адам еткен — кітап» екені рас. Сол себепті «Парасат жолы» жобасы осы Ұлттық академиялық кітапханада басталып жатыр. Біздің мақсатымыз — сана-сезімді өзгерту және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, — деп Алик Шпекбаев елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрестің басты 4 бағытта жүргізіліп жатқанын, осы бағыттарда тындырылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты айтып берді.

Шара соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандумның мақсаты — азаматтық қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзара ынтымақтастықты нығайту, парасаттылық идеологиясын ілгерілету және кез келген сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button