Әкімдер есебі

12 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды

Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінде шаһар басшысы Асхат Шахаровтың және Астана ауданының әкімі Дариға Исмағамбетованың тұрғындармен есепті кездесуі өтті.  

Алдымен Асхат Шахаровтың қаланың өткен жылғы экономикалық-әлеуметтік дамуы туралы баяндамасы тыңдалды.

Оның айтуынша, былтыр қалалық бюджеттің кіріс бөлігі 107,6 пайызға орындалды және 109,3 млрд теңгені құрады.

— Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау және халықты жұмыспен қамту мақсатында Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар әзірледі. Қала бойынша азық-түлік, тұрмыстық жиынтықтарға арналған төлемдермен 94,5 мың адам қамтылды және 19,4 мың адамға 20 мың теңгеден төленді. 15,8 мың тұрғынның коммуналдық шығындары өтелді, — деді қала әкімі.

Сондай-ақ былтыр қала бойынша 3 934 отбасы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алған. Жаңа өндірістердің ашылуы және жұмыс істеп тұрған  кәсіпорындардың кеңеюі, шағын және орта бизнестің дамуы өткен жылы 12 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.

Сұрақ-жауап кезегінде Рауан-2 елді мекенінің тұрғыны бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселелерді алға тартты.

  • Он екі жыл күтіп, Рауан-2 елді мекенінен әзер дегенде жерімізді алдық. Енді ол жерде су не көгілдір отын жоқ. Суды қаладан тасып отырмыз. Уақытша ғана жарық қосылды. Қар жауған кезде қоңырау шалмасақ, тиісті мекемелер уақытында тазартпайды. Сондай-ақ бізді жол мәселесі де алаңдатып отыр. Қоғамдық көлік кестесінің уақыт аралығы тым ұзақ. Кешке қарай таксилер жүрмейді. Сондықтан «Нұр Ақтөбе» ауданына барып, жаяу жүруімізге тура келеді. Осы екі ортаны байланыстыратын жол салынса екен дейміз, — деді аталған елді мекен тұрғыны.

Бұл сауалдарға жауап берген қала әкімі былтыр Рауан-2 елді мекеніне газ тарту жұмыстары басталғанын жеткізді. Сонымен қатар биыл жол, автобус және өзге де мәселелер шешілетінін, осы аптаның соңына дейін елді мекенге барып, бұл мәселелерді бақылауға алатынын жеткізді.

Кездесу барысында тұрғындар жарықтандыру, балаларға арналған ойын алаңдарын салу, Батыс-2 ауданын абаттандыру мәселелерін де көтерді. Қала әкімі жиынды қорытындылап, қойылған барлық сауалдардың шешімін табатынын жеткізді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button