Әкімдер есебі

Газ бен су тартылып, мектептер жаңарып жатыр

Байғанин ауданы әкімі Қ.Отаровтың халық алдындағы есеп беру кездесуі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай онлайн режимде өткізілді. @Baiganin_akparat инста парақшасы мен «Байғанин ауданы әкімдігі» фейсбук парақшасында тікелей эфирде өткізілген есеп беру жиынында аудан әкімі 2020 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен 2021 жылға арналған жоспарды баяндады.

Аудан әкімінің айтуынша, былтыр ауданға 97,4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылыпты. Ауданның кіріс бюджеті — 4 597,0 млн теңге. Тұрғындардың орташа еңбекақысы 167 839 теңгеге жеткен.

Өткен жылы ауданда ел игілігі үшін біраз шаруа тындырылды. Мысалы, Қаражар елді мекені орталықтандырылған ауызсумен қамтылды. Кемерши, Ноғайты, Жарлы ауылдарының халқы көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Халықты ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші — 82,1 пайыз, газбен қамтамасыз ету үлесі — 72,6 пайыз.

Қазір Дияр, Жаңатаң, Баршақұм елді мекендерін ауызсумен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Қарауылкелді ауылішілік су жүйесін кеңейту және Алтай батыр, Көкбұлақ, Қосарал, Қораши, Қопа елді мекендерін сумен қамту мақсатындағы жобалық-сметалық құжаттар дайын.

Былтыр Бұлақтыкөлде жаңа мектеп пайдалануға берілді. Биыл Жаңатаңда 100 орындық мектеп құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Өткен жылы аудандағы 5 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, жаңарып қалды. Тағы бір мектептің жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір Оймауыт ауылында сыйымдылығы 100 орындық мектеп пен 50 орындық балабақша салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.

Облыстық бюджеттің қаржыландыру мүмкіндігіне қарай Пушкин атындағы орта мектепке,  Баршақұм орта мектебі және Қосарал негізгі мектебіне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен бірге Ешбаев атындағы және Жазықов атындағы орта мектептердегі жылыту қазандықтарын газға қосу жұмыстары жүзеге асырылмақ, — деді Қ.Отаров.

Онлайн кездесу барысында аудан тұрғындары тарапынан жол, су, газ, байланыс, жарықтандыруға байланысты сұрақтар қойылды.

Мысалы, «Әлеуметтік желілерде Қаражар, Оймауыт, Миялы ауылдарына газ тартылатыны туралы ақпарат тарады. Ауданның ең шалғайдағы ауылы Дияр ауылы осы жобаға не себепті енбей қалды? Қаражат жетпесе, өзге жобалардан қарастыруға болмай ма?», «16 пәтерлік үй қашан аяқталып, қолдануға беріледі?», «Аудан орталығындағы Жазықов көшесіне жол салына ма?», «Ақтөбе — Атырау — Астрахань автомобиль жолының біздің ауданның территориясына қарасты 125 шақырымына жөндеу жұмыстары қашан аяқталады?» сынды сұрақтар қойылды.

Аталған сұрақтарға аудан әкімі нақты жауап берді. Аудан басшысы тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстардың ескерілетінін жеткізді.

Айта кету керек, бұл кездесуге дейін Қайрат Отаров 9 ауылдық округте болып, тұрғындармен кездесіп, есеп берді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button