Мәселе

Алимент әке бола ма?

Самат НАРЕГЕЕВ,

«Ақтөбе»

Бүгінгі сөз

Айналамда алимент төлейтін таныстарым көбейіп барады. Ең қиыны, ағайынның ішінде де бар. Айлығының жартысы  алиментке кетеді. Ажырасарда сот солай шешіп берген. Балаң  18-ге толғанша алимент төлеуге міндеттісің!

Еліміз ажырасу бойынша әлемде алдыңғы қатарлардың біріне шықты. Бұрын қызы қайтып келген отбасы төменшіктеп жүрсе, қазір олай емес. Өйткені екінің бірі ажырасып жатыр…

Себеп? Себеп көп-ақ. Еркектің мал таппауы, мардымсыз жалақы, жалдамалы пәтер, үйленген кезде алынған несие көп шаңырақты шайқалтып тұр. Рас, тұрмысы төмен отбасылар ғана емес, қалтасы қалың, ішіп-жемі мол ерлі-зайыптылар да ажырасып жатыр.

Өткен ғасырдың екінші жартысына дейін қазақ әйелінің құқығы қорғалған жоқ. Ерін пірім деп санаған сол аналарымыз өз құқығы бар екенін білмеді-ау деймін. Оның үстіне жас келінді түскен әулетінің ыңғайына қарай бейімдеп отыратын  енелер институты мықты еді. Сондықтан да ерінің анау-мынау «еркелігі» білінбей қалатын.

Ал қазір ше?  Күйеуінің телефонын тінтетін қызғаншақ келіндер үшін қатты сөзді көтере алмай, төркініне шағым айтып, тіпті баласын құшақтап кетіп қалуы ерсі қылық емес. Көз үйренді.

Ажырасудың басты себебі ішкіш, жалқау отағасы ма? Күнде келіп сабай ма? Ол да бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Ақтауға болмайтын әрекет екенін де білеміз. Бірақ басты себеп арақ қана емес-ау. Байқағанымыз, қазіргі жастар ащы суға аса үйір емес. Тойға бара қалсаң, бұрынғыдай араққа тойып алып, қисалаңдап жүрген жастарды көрмейсің. Ендеше,  неге үйден ұрыс шығады?

Біздіңше, бұның бір себебі ұлттық дәстүріміздің бұзылуында жатыр. Бұрын ата-ана: «Шыққан қыз шиден тысқары» десе, қазір көп шеше: «Ішіме сыйған қыз сыртыма да сияды» дейтін болды. Ажырасу аса ұят саналмайтын кезге жеттік. Екі жасты табыстырудың орнына «әйел құқығын» желеулетіп, айыру жағын көздейтін орталықтар да көбейіп барады.

Енді алимент жағына келейік. Әрине, өз баласына көмектесу — әкенің міндеті. Бірақ алимент әке болмайды ғой. Өсіп келе жатқан балаға әкенің тәрбиесі, тіпті қаталдығы керек-ақ. Әсіресе, ұлға қажет. Бір әкенің берген тәрбиесін бір институт бере алмауы мүмкін. Ал енді алимент алып отырып та, баласын әкесіне көрсеткісі келмейтін келіншектер бар. Заң бойынша рұқсат бар. Бірақ алимент алуға келгенде заң тармақтарын шемішкеше шағатын кейбір келіндеріміз бен қарындастарымыз бұндай жағдайда «естерінен танып» қалады. Бұл да ескеретін жайт.

Әрине, ажыраспауға болмайтын жағдайлар бар. Түк ақша таппай, әйелінің  болмашы жалақысын жартылыққа жұмсайтындардың, есірткіге әуейі болғандардың, бас-көз жоқ «қатын сабағыштардың» обалы жоқ. Ал «икемге келетіндерді» тәрбиелеу керек-ақ. Мейлінше, жарастыру жағын көбірек насихаттау керек. Ал енді ажырасудан басқа жол қалмаса, кімнің кінәсі көбірек екені жіті зерттелуі қажет. Әйтпесе, біздің заңымыздың бәрі — әйел жағында. Ал шындығында, ажырасудың бастамашысы, себепшісі  сол болуы әбден мүмкін ғой. Бізде бұл мәселе мүлде ескерілмейді. Ажырастың, бітті, мойныңа алимент ілінеді. Ресми жұмыста болмағаның сені жауапкершіліктен  босатпайды. Сот алимент мөлшерін шығарып береді. Жұмыссызбын деп құтылғың келе ме? Онда тіпті борышқа белшеңнен батасың. Ақтөбе облысында орташа жалақы — 174 мың теңге. Ресми жұмысың жоқ болса, жаңағы 174 мың теңгеге шағып, бала санына қарай есептеп береді. Төлемесең, мәжбүрлейді.  Ақыры бас бостандығыңнан айырылуға тура келеді.  Жаңағы 174 мың теңгені көпсінсең, айлығы аз жерге жұмысқа тұр. Шаруа қожалықтарға, жеке кәсіпкерлерге тіркеліп қой. Сол кезде бір балаға айлығыңның төрттен бірін, екі балаға үштен бірін төлейсің. Қысқаша айтқанда, жұмыссызбын деп жалтара алмайсың.

Ажырасқан еркек міндетті түрде үйленеді.  Ал әйелдер жағы ішінара болмаса, екінші рет тұрмысқа шығуға көп ұмтыла бермейді екен. Статистика соны көрсетіп отыр. Еркек байғұс енді екі оттың ортасында қалады. Бір жағынан, отбасын бағуы керек, екінші жағынан, алимент төлеуі керек.

«Өзіне де сол керек! Ажырасып несі бар?» деуіңіз мүмкін. Әңгіме осында. Еркек ажырасқысы келмеуі мүмкін. Көбіне сотқа бірінші болып әйелдер арыз береді екен. Айтқанынан қайтпайды және. Басында қарсыласып баққан еркек кейін амалсыз мойынсынады.  Бірнеше процедурадан кейін ерлі-зайыптылар ажырасып тынады. Яғни еркек жеңіліп, әйел жеңеді. Бір отбасының шаңырағы ортасына түседі, бала тірі жетім, әйел тірі жесір атанады. Ал бұндай «жеңістің» не құны бар?

Сіз не дейсіз, қадірлі оқырман?

Басқа жаңалықтар

Back to top button