Басты жаңалықтарДенсаулық

Вакцинациялау басталды

6 айда облыстың 150 мың тұрғыны екпе алуы керек

Ақтөбеде коронавирусқа қарсы күресте қауіпті  аймақта жұмыс жасаған медицина қызметкерлері Ресейде шығарылған «Спутник V» вакцинасын алып жатыр. Облыста барлығы мың қызметкер екпе алады. Жалпы, алты айда облыстың 150 мың тұрғыны вакцинациялануы керек. Алайда тұрғындар арасында екпеге қатысты пікір көп. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді.

— Медицина қызметкерлеріне вакцина егіліп жатыр. Егілуден бас тартқандар бар ма?

— 31 қаңтар күні Мәскеуден «SCAT»  әуе компаниясының ұшағы арқылы үш қорап вакцина келді. Бұл екпелер Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыстарына арналған. Министрлік өкілдерімен бірге күтіп алып, 41-разъездегі «СК Фармация» мекемесінің хабына жеткіздік. Сол жерде тексеріп, қарадық. Барлығы талапқа сай. Өзімізге тиесілі вакцинаны облыстық балалар ауруханасына апардық. Себебі ол жерде орталықтандырылған кабинет бар. Кешкілік қаладағы сегіз емханаға таратылды. Ал 1 ақпан күні егу жұмыстары басталды. Түске дейін жетпіске жуық адам вакцина алды. Екпені бірінші кезекте коронавируспен күресте қызыл, яғни қауіпті  аймақта жұмыс жасаған медицина қызметкерлері алады. Бүгінгі күні облыс бойынша бұндай 960 маман бар. Ал қалғаны вакцина осы бағытта жұмыс істеген  медицина қызметкерлеріне салынады. Барлығы 1000 адам егіледі. Аудандарда жұмыс жасаған мамандар да келіп алып жатыр. Екпеден бас  тартқан қызметкер жоқ. Себебі екпенің пайдасын дәрігерлер жақсы біледі. Сондықтан олар өз еріктерімен алуда. Егер вакцина салдырмаймын десе, ешкімді мәжбүрлемейміз. Екпе алатын әр адам келісімге қол қояды.

Вакцина екі рет салынады, яғни алғаш егілгеннен кейін үш апта өткен соң екіншісі салынады.  Бірінші екпеден кейін  21 күн өтуге тиіс.

— Облыста екпе қай жерде жүргізіледі?

— Қазіргі күні облыс емханаларында егу жүргізетін  25 кабинет бар. Оның 12-сі қалада орналасқан. Қаладағы емханаларда вакцинаны сақтайтын тоңазытқыш, термобокстар дайын. Аудандарда 15 ақпанға дейін барлығы дайын болады.  Жалпы, вакцина  салқындығы 21 градус температурадан төмен  жерде сақталмауы керек.

—  Рүстем Қанапияұлы, алғашқылардың бірі болып өзіңіз де вакцина алдыңыз. Екпеден кейінгі жағдайыңыз қалай? Қандай да бір ауырсыну бар ма?

— Ешқандай ауырсыну жоқ. Үш күн өтті, өзімді жақсы сезінемін. Екпе алғаннан кейінгі алғашқы күні де қандай да бір ауырсыну, кері әсерді байқамадым.

— Вакцина алғаннан кейін  қандай жағымсыз әсерлер пайда болады?
—  Әр адамның ағзасы әртүрлі. Бірінде екпенің жанама әсері  білінсе, екіншісінде білінбейді. Мәселен, менде ешқандай кері әсер байқалмады. Ал енді біреудің басы ауырып, жүрегі айнып, құсуы мүмкін. Жалпы, кез келген вакцина адам ағзасына енгеннен кейін белгілі бір дәрежеде өзінің жанама  әсерін тигізеді. Дене қызуы көтеріліп, екпе орнында қызару мен ісіну сияқты жағымсыз көріністер болуы мүмкін. Әлсіздік, бас ауырып, айналуы  мүмкін. Бұндай белгілер екі-үш күннен кейін басылады.

— Қандай жағдайда вакцина алуға болмайды? «Спутник V»  екпесі аллергия тудыруы мүмкін бе?

— Медицина қызметкері екпе салмас бұрын адамнан дәріге аллергиясы бар ма, жоқ па, соны сұрайды. Егер аллергия болса, екпе салмайды. Сондай-ақ адамның қызуы 37:03-тен жоғары болса, жөтеліп, тұмауратып тұрса, қандай да бір созылмалы ауруы асқынып тұрса, екпе салынбайды. Онкологиялық дертке шалдыққан, қант диабеті бар адамдардың да вакцина алуына болмайды. Екпе салмастан бұрын медицина қызметкері қан қысымын өлшейді, жүректі, өкпені тыңдайды. Егер қандай да бір белгіні байқаса, вакцина салмайды. Ал «Спутник V»  екпесі аллергия тудырмайды. Себебі екпе 0.5 миллилитр, яғни өте аз мөлшерде егіледі. Егер аллергия болған жағдайда медициналық көмекке қажетті дәрі-дәрмектің барлығы дайын тұр. Анафилактикалық реакцияға қажет дәрі қобдишасы бар. Облыстағы медицина қызметкерлері вакцинациялауға байланысты арнайы оқытылды.

— Коронавируспен ауырғандар вакцина ала ма?

— Коронавируспен ауырған адамдар екпе алмайды. Мәселен, жазда медицина қызметкерлерінің де басым бөлігі ауырып, емделіп шықты. Олар әзірге індетке қарсы егілмейді. Жалпы, коронавируспен екінші рет ауырып, ауруханаға түсіп жатқан науқас жоқ. Бірақ ең қауіптісі —  COVID-19-дан кейінгі синдром. Коронавируспен ауырған адамдар жедел респираторлы вирусқа  тез шалдығады, жөтелі кетіп болмайды. Өкпесі қабынуы мүмкін. Бұндай науқастар ПТР-тест тапсырғанда коронавирус анықталмайды. Бірақ иммуноглобулин-М және иммуноглобулин-G  тесті арқылы ол адамның бұған дейін коронавируспен ауырғанын білеміз. COVID-19-дан кейінгі синдром кезінде науқаста  тек пневмония емес, өзге де аурулар пайда болуы мүмкін. Бұл вирус қанды қойылтады, яғни тромбтың түзілуіне әкеліп соқтырады. Қазір коронавируспен ауырып, жазылған жап-жас адамдардың өзі инсульттен көз жұмып жатыр. Кейбіреулердің ішкі құрылыстарына тромб түзіліп, ота жасалуда. Ал науқасты тексере келгенде, оның бес-алты ай бұрын індетке шалдыққанын білеміз. Жазда ауырған адамдардың ішінде әлі жөтеліп жүргендер бар. Себебі өкпеде ошақ пайда болды. Ол жер іріңге толып тұрады. Егер жөтеліп жүргенде тұмаумен ауырса, адам әлсіреп қалады. Тіпті соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін.  Сондықтан қазір оңалту шараларына баса назар аударылып жатыр. Коронавирустың салдары өте ауыр.

— Демек, коронавируспен ауырған адамда антидене қалыптасады ғой? Ал ол ағзада қанша уақытқа дейін сақталады?

— Бұл адамның иммунитетіне байланысты. Бір адамда 2-3 ай, енді бірінде бір жылға дейін антидене сақталуы мүмкін. Сондықтан коронавирустың симптомды және симптомсыз түрімен ауырған адамдар және  пневмонияға шалдыққандар вакцинаны әзір алмайды. Алты айдан кейін алуына болады.

Ағзаға қандай да бір бөгде зат, яғни инфекция түскенде иммундық жүйе реакция беріп, антидене деп аталатын молекулалар түзеді. Ол әлгі инфекцияны  жояды немесе тоқтатады.  Мәселен, қолымызға тікен кірді, ол аз уақыт тұрады. Содан кейін ол жерде өзгеріс пайда бола бастайды,  ағза одан құтылудың жолын «ойлайды». Коронавирусқа қарсы вакцина да осылай әсер етеді. Екпенің алғашқы дозасын салған кезде адам денесінде коронавирусқа қарсы антиденелер пайда болады. Екінші рет салғанда ол күшейіп, көбейеді. Осылайша ағза вирусқа қарсы тұрады. Вакцина алған адам коронавирус жұқтырса да риспираторлы вирусты инфекцияға шалдыққан сияқты жеңіл өтеді. Асқынулар болмайды. Себебі ағза вирусқа қарсы күресе алады. Ал вакцина алмай, коронавирус жұқтырса, адам оған төтеп бере алмайды. Себебі ағзада  антидене жоқ. Иммунитет мықты болса,  антидене адам денесінде бір жылға дейін сақталады.

Жазда уақытта қанша  адамның ауырғанын, қиналғанын, қанша адамның көз жұмғанын көзіміз көрді. Егер вакцина алсақ, осындай қиындықтан құтыламыз.

— Сонда індетке  қарсы вакцинаны жыл сайын алу керек пе?

— Бұл вирус тұмау тәрізді біздің өмірімізге енді. Одан құтылудың жалғыз жолы — вакцина. Мәселен, жыл сайын тұмауға қарсы вакцина шығарылады. Себебі тұмау да мутацияланып, өзінің әсер ету күшін өзгертіп отырады. Коронавирус та сол тәрізді. Уақыт өткен сайын мутацияланып, жаңаша түрге енеді. Ол қазіргі дәрі-дәрмекке  төзімді болуы мүмкін. Сол кезде вакцинаның құрамы, вирусқа қарсы дәрілік препараттардың да қатары өзгеруі мүмкін. Ал жыл сайын вакцина алмаудың жалғыз жолы —  жаппай вакцинациялау. Егер ауырмаған адамдардың бәрі вакцина алса, індет әрі қарай тарамайды. Осылайша вирус жойылады.

Коронавирустың мутацияланған жаңа түрі өте қауіпті. Қазір АҚШ пен Еуропада адам өлімі көп тіркеліп жатыр. Сондықтан бұл елдер вакцинациялауды ерте бастады.

— Ресейде шығарылған вакцина мен Қазақстан шығаратын вакцинаның айырмашылығы қандай?

— Ресей шығарған «Спутник V» вакцинасы гендік-инженерлік технология бойынша коронавирустың тірі гені арқылы жасалынған. Ал Қазақстан шығаратын «QazCovid-In» вакцинасына коронавирустың өлтірілген гені қосылған. Бірақ екеуі де бірдей әсер етеді. Отандық вакцина тұрғындарға  екінші тоқсаннан бастап салынады.

— Әлеуметтік желіде вакцинаның сапасына қатысты жағымсыз пікір көп. Біреулер қаржыны босқа шашу деп есептейді…

— АҚШ, Еуропа елдері вакцинациялауды бастап кетті. АҚШ-та далада арнайы шатыр құрылып, адамдар өз еріктерімен кезекке тұрып, екпе алып жатыр. Ал біз әлі вакцинаның сапасына күдік келтіріп, оны алу, алмау керектігі жөнінде бос әңгіме айтып, дауласып жүрміз. Расталмаған ақпаратты әлеуметтік желі арқылы таратып жатырмыз. Тіпті «адамдарды чиптейді» деген жалған ақпаратқа сенушілер бар. Біреулер  «неге Ресейдің вакцинасы егіледі?» дейді. Біріншіден Ресей — көрші ел. Қаржылық тұрғыдан вакцинаны әкелу тиімді. Екіншіден, бұл елдегі медицина ғылымы әлемдегі көшбасшы елдердің медицинасымен қатар тұр. Ресейдің  «Спутник V» вакцинасының тиімділігі дәлелденіп, бірқатар шет мемлекеттер қолданысқа енгізді. Ресей  өз халқына егуді бастап кетті. Ақпан айының ортасынан бастап аталған вакцина Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндіріледі. Бұл дәрілік субстанция арқылы  шығарылады, яғни шикі затты Ресейден алып, вакцинаны  өзіміз жасаймыз.

Қазір бір вакцинаның құны — 5600 теңге.  Бұл бір адамға екі рет салынады, яғни 11200 теңге жұмсалады. Ал елімізде 6 миллион адам екпе алуы керек. Бұл үшін мемлекет үлкен қаржы жұмсайды. Мақсат — індетті тоқтату. Тек Қазақстан емес, әлемнің барлық елінің үміті —  вакцинада. Осы мақсатқа қаржы, күш жұмсап жатыр.

Халық жалған ақпаратқа сенбеуі керек. WhatsApp желісі арқылы келген расталмаған  ақпараттарды таратпаған дұрыс.

Қазір індеттің алдын алудың бір жолы — медициналық бетперде кию, арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналатын жерге бармау. Бірақ біз өмір бойы бұлай жүре алмаймыз. Кәсіпкерлердің жұмысын тоқтатып, қаланы жауып тастау, мемлекет үшін тиімсіз. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуіміз қалыпты тіршілікке оралуымыз керек. Бұл қиындықтан шығар жалғыз жол — вакцинациялау екенін көпшілік түсінуге тиіс. Қазір екпе алмасақ, кейін өкініп қалуымыз мүмкін.  Егер, тарихқа үңілетін болсақ, әлем түрлі пандемияны басынан өткерді. Соның барлығын тек қана вакцинаның арқасында  жеңіп шықты. Ол уақытта ғылым бұлай дамыған жоқ. Ал қазіргі медицина мықты. Індет басталған кезден-ақ ғалымдар бұған мән берді. Адамдар жаппай қырыла бастағанда  вакцинаны тез шығару қажет болды.

— Екпені егде жастағы адамдардың алуына бола ма?

— Жасы алпыстан асқан адамдар да вакцинацияланады. Онкологиялық ауруы болмаса, созылмалы сырқаты қабынып тұрмаса, екпе салынады. Қазір вирустан үлкен кісілер бірінші зардап шегуде. Мәселен, облыстық инфекциялық ауруханада 72 жастағы науқастың жатқанына бір ай болды. Әлі айыға алмай жатыр.

— Вакцина алған адамдар бақылауға алына ма?

— Вакцинаның әсерін байқау үшін міндетті түрде мониторинг жүргізіледі. Оның жанама әсері қандай, қандай асқынулар болды, барлығы есепке алынады. Медицинада дәрінің кері әсері жазылатын «сары парақша» деген бар. Егер вакцинаның қандай да бір әсері болса, сол парақшаға жазамыз. Мәселен, мен Ресей шығарған вакцинаны салдырдым. Менің орынбасарларым отандық вакцинаны алады. Екі түрлі вакцина алған адамдардың денсаулығы қадағаланады. Екпеден кейін  коронавирус жұқтырса, оның қалай әсер еткенін байқаймыз. Осылайша екі вакцинаның тиімділігі мен әсері салыстырылып, мониторинг жүргізіледі.

— Індеттің екінші толқыны болуы мүмкін бе?

— Денсаулық сақтау министрлігі індетке қатысты үш сценарий  айтты, яғни наурызда індет өршуі мүмкін. Себебі көктемгі уақыт — «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін» кезі. Адамның иммундық жүйесі  әлсірейді. Егер осы кезде сақтанбасақ, індеттің асқынуы  әбден мүмкін. Сондықтан мемлекет жаппай вакцинацияға мән беріп жатыр. Қазір сау адамдардың барлығы екпе алса, жағдай тұрақты болады.

Әрине, екінші толқын болмасын деп тілейміз. Алайда сақтықта қорлық жоқ.  445 кереует дайын тұр. Қазір оның 20 пайызы ғана қолданылуда.

— Облыстағы эпидемиологиялық ахуал қалай? Науқастар саны көбейіп бара жатқан жоқ па?

— Қазір жағдайды күн сайын бақылап отырмыз. Бір күнде бес, он, он бес  адамнан тіркеліп жатыр. Ахуал тұрақты.  Бірақ қалай болғанда да жағдай жақсы емес, алаңсыз жүруге болмайды. Отбасылық мерекелерді тоқтата тұрған дұрыс. Иммунитеті мықты адам вирус жұқтырғанын білмейді. Кейбіреулер мүлде ауырмайды, біреулері сәл түшкіріп, сауығып кетеді. Бірақ олар вирусты  тасымалдаушы болуы мүмкін. Әсіресе жастар өзінің ауырғанын сезбейді, білсе де, елемей жүре береді. Мәселен, той, садақа жасағанда бір бөлмеде он адам отыр, ішіндегі жас жігіттің біреуі вирусты тасымалдаушы делік. Он төрт күннен кейін сол жерде отырғандардың бәрі ауырады. Сондықтан осыны тұрғындарға жалықпай айта береміз. Салғырттық танытуға болмайды. Былтыр жаздағы жағдайды ұмытпауымыз керек. Қаншама адам жақынынан айырылды.

Қазір жедел респираторлы вирустың инфекцияның да өршитін кезі. Коронавирус пен ЖРВИ-дің симптомдары бірдей. Сондықтан барынша абай болғанымыз жөн.

— Жазда ақтөбеліктердің жартысы  дерлік ауырып шықты. Адамдарда антидене қалыптасқан жоқ па?

— Оныңыз рас. Қазір жағдайдың қалыпты болып тұрғанының бір себебі де осы шығар деп ойлаймын. Өйткені  қазір  көрші Батыс Қазақстан, Қостанай облыстары қызыл аймаққа кірді. Өскеменде аурудың өсу деңгейі өте жоғары. Бұл қалада  барлық қоғамдық тамақтану орындары мен сауда нысандарының жұмысы тоқтатылды. Сонда да вирус жұқтырғандар саны азаймай отыр. Себебі біздің облыс тұрғындары жаппай ауырып, адамдар көз жұмып жатқанда бұл аймақтарда жағдай қалыпты болды. Қазір біздің облыста барлық сауда нысандары ашық. Күні-түні жұмыс жасап жатыр. Эпидемиологиялық ахуал бойынша жасыл аймақта тұрмыз. Өйткені былтыр ауырған адамдарда антидене пайда болды. Қазір ауырғандардың  көпшілігі вирусты сырттан жұқтырып келгендер. Дегенмен «коронавируспен бір рет ауырдым, енді ауырмаймын» деп алаңсыз жүруге мүлде болмайды. Бұл — өте қауіпті вирус.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button