Экономика

Кәсіпкерлердің 2,4 млрд теңге көлеміндегі мүліктік құқығы қорғалды

Бизнестің құқықтары мен мүдделерін қорғау — «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қызметінің басым бағыттарының бірі. Былтыр аталған мекемеге кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша 153 өтініш келіп түсіп, соның ішінде 129-ы, яғни 84 пайызы оң шешімін тапқан. Қалған 24 арыз қаралу үстінде. Өз-өзіне жұмыс істейтін азаматтарды, негізінен, қандай мәселелер мазалайды?

— Өткен жылы бизнестің мүддеcі шамамен 2,4 миллиард теңгеге қорғалды. Жалпы, кәсіпкерлер палатасына 2014 жылдан бері түскен барлық өтініштерді талдайтын болсақ, олардың 80 пайызы кәсіпкерлердің пайдасына шешілді.

Айталық, былтыр кәсіпкерлерге 21 әкімшілік кедергінің жасалғаны анықталды. Оның ішінде 8-і республикалық ауқымда болса, қалғаны жергілікті деңгейдегі мәселелер. Негізгі мәселелер жер қатынастары және сатып алу саласына қатысты.

Мысал ретінде Шалқар ауданының білім беру бөлімінің басшылығының «Дамак-Құрылыс» және «Транс Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің алдында құрылыс саласындағы жұмыстарды толыққанды орындамағанын айтуға болады. Бірінші аталған тарап мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін талапқа сәйкес жасамаған. Құрылыс жұмыстары өз мерзімінде тапсырылғанымен, тапсырыс беруші негізсіз себептермен актілерге қол қоймаған және төлемді кешіктірген. Нәтижесінде сол іс кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің отырысында қаралып, толығымен серіктестіктердің пайдасына шешілді. Бүгінгі таңда тапсырыс беруші төлемді толық көлемде жасап, кәсіпкерлердің мүліктік құқығы қорғалды, — дейді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Руслан Куйшинов.

Сондай-ақ Ақтөбе қаласының индустриялық аймағындағы жер учаскесінің құнын төмендетуге байланысты мәселе ішінара шешіліп, бұл облыстық мәслихат жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің көшпелі отырысында қаралған.

Кәсіпкерлер палатасы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесе нәтижелі жұмыстарды атқарды. Соның жарқын мысалы ретінде «Adam Decolight CA» ЖШС-ның Ақтөбе қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің іс-қимылына компанияның жарнамалық құрылымдарын бөлшектеу талаптарының фактісі бойынша оң шешім қабылдауы келтірілді. Қала әкімінің қатысуымен жарнама орнында рейд ұйымдастырылып, ешқандай заңбұзушылықтар анықталған жоқ. Нәтижесінде сотқа берілген талап-арыз кері қайтарылды. Кәсіпкердің 30 миллион теңге көлеміндегі мүліктік құқықтары қорғалды.

— Сондай-ақ біз облыс прокуратурасымен бірге «Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамы кәріз желілеріне қосылмаған 213 кәсіпкерлік субъектісінің мүддесін қорғадық. Көмек көрсету мақсатында Ақтөбе қаласы Астана ауданының прокуратурасы облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментімен бірлесіп, «Aqtobe su-energy group» компаниясы кәріз желілеріне қосылмаған кәсіпкерлерге су бұру қызметтерін ұсыну мәселесі бойынша талдау жүргізді. Талдау су бұру бойынша қызмет көрсету кезінде кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылу фактілерін анықтады.

Тиісінше аудан прокуратурасы табиғи монополияларды реттеу департаментінің атына жоғарыда көрсетілген шарттарды бұзу бойынша шаралар қабылдау қажеттілігі туралы, сондай-ақ прокуратура туралы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес прокурорлық қадағалау актісін енгізді. Онда Заңның 15-бабының 16-тармағы елді мекеннің су бұру жүйесіне сұйық тұрмыстық қалдықтарды шығару және оларды ағызу қызметтерін көрсететін арнайы автокөлік құралдары үшін су бұру қызметтеріне тарифтер саралансын және белгіленсін делінген.

Жоғарыда көрсетілген прокурорлық тексеріс шаралары негізінде департамент акционерлік қоғам басшысының атына заңбұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарды. Көп ұзамай бұл мәселе шешілді, — деп атап өтті Руслан Куйшинов.

Пандемияға байланысты карантин мен шектеу шаралары кезінде заңгер мен сарапшылардың қызметіне жүгінген кәсіпкерлер көп болған. Мамандар кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс алгоритмдерінің жобаларын әзірлеуге, кәсіпкерлер үшін қала мен облыс ішінде орын ауыстыру, келу және кету, форс-мажор туралы анықтама алу мәселелері бойынша кеңестер мен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ салықтар, несиелерді өтеуді кейінге қалдыру, айналым қаражатын толықтыруға жеңілдікпен несие беру және әлеуметтік көмек бөлігінде жеңілдіктер бойынша мемлекеттік қолдау шаралары туралы жан-жақты мәлімет берілген.

— Төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлер палатасы жалға алушылар мен жалға берушілер арасындағы дауларды реттеу бойынша медиативтік алаң болды. Соның нәтижесі деп Ақтөбедегі бірқатар ірі сауда үйлерінің жалға алушылары үшін жалдау ақысының тоқтатылып, азайтылғанын айта аламыз. Мұнымен бірге сын сағатта кәсіпкерлік субъектілері үшін коммуналдық төлемдерді кейінге қалдыру бойынша келісімдер жасалды, — деді сөз арасында әңгімелесушіміз.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Облыс әкімдігі таратқан мәліметке жүгінсек, өткен жылы жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 4,5 пайызға артып, барлығы 61,8 мың бірлікке жетті. Ал бұл саладағы халықты жұмыспен қамту көрсеткіші 5,2 пайызға ұлғайған.

«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 3,1 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағытын іске асыру аясында 2020 жылы 4,7 млрд теңгеге 953 жобаға қолдау көрсетіліпті, оның 80 пайыздан астамы ауылда іске асырылды (3,7 млрд теңге).

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында мақұлданған жобалар саны бойынша облыс республикада көшбасшылар бестігіне кіреді. 2020 жылы 38,9 млрд теңгеге 122 жоба мақұлданды, бұл 2019 жылға қарағанда, 47 пайызға артық.

2020 жылы 1,4 мыңнан астам адам бизнес негіздеріне оқытылды, олардың 159-ы несие алды, 847-сі жаңа бизнес-идеялары бойынша грант иегері атанды.

Жалпы, сотқа дейінгі медиация аясында өңірлік кәсіпкерлер палатасындағы заңгерлердің көмегімен 149 медиативтік келісім жасалды, 84 дау бойынша тараптар татуласу келісімін жасауға уағдаласты. Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотымен бірлесіп, кәсіпкерлік субъектілері арасындағы дауларды бейбіт жолмен реттеуге шақыру бойынша түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды, артынша ұсынылған 237 талап-арыз бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button