Басты жаңалықтарДенсаулық

Артық салмақтан арылғыңыз келсе…

ДҰРЫС ТАМАҚТАНЫҢЫЗ!

Қазір айналамызда артық салмағы бар адамдарды жиі кездестіруге болады. Статистикаға көз жүгіртсек, еліміздегі 9 жастағы балалардың 40 пайыздан астамының артық салмағы бар. Халықаралық даму институтының мәліметіне сүйенсек, әлем бойынша 1 миллиардтан астам адам артық салмақтан зардап шегеді. Ал өлім-жітімге себеп болатын аурулардың арасында семіздік бесінші орында екен.

Диетолог мамандар адамдардың дені дұрыс тамақтанбайтынын айтады.

Біз бүгін осы тақырыпты тәуір білетіндердің өздерімен сөйлескен едік.

Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде дұрыс тамақтанудың негізгі ережелерін үйрететін марафондар, түрлі жаттығуларға негізделген фитнес-марафондар қаптап кетті. Бәрі де ақылы. Араларында білікті, кәсіби диетологтар да бар. Ал кейбірі — диетологияға енді бет бұрып жатқандар.

Мыңдаған адамның денсаулығының жақсаруына оң ықпал етіп, сұлу келіншектердің сымбатты болуына атсалысып, ақыл-кеңесімен бөлісіп жүрген Гүлвира Ыбыраева — инста-парақшадағы танымал диетологтардың бірі. Бір кездері оның сегіз айдың ішінде 90 келі салмақтан 58 келіге дейін арықтағанын әлеуметтік желілердегі жазбаларынан білеміз. Ол ол ма, былтыр Гүлвира күйеуінің де 26 келі салмақ тастағанын хабарлаған болатын. Желідегі суреттерінен айтқан сөздерінің растығына көз жеткізуге болады. Гүлвираның дұрыс тамақтану, әсіресе, тағам құрамындағы ақуыз, көмірсудың рөлін, оларды қай кезде жеу дұрыс екендігі туралы жазбалары көпшілік сұранысына ие.

Ал әріптесім Әлия Таласованы жұрт тележурналист ретінде таниды. Алайда оның диетология негіздерін біраз адамға түсіндіріп, марафон ұйымдастырып жүргенін біреу білсе, біреу білмейді. Әлия Гүлвира Ыбыраеваның жетекшілігімен диетология курсын бітіріп, диетолог сертификатына ие болыпты.

Қашан көрсең де тойған қозыдай томпиып жүретін Әлия өзінің семіруге бейім екенін айтады, әрі дұрыс тамақтануға қатысты біреу бірдеңе айтса, қызығып тыңдайды.

— Артық салмақтың зиянын жұрттың бәрі біледі. Мысалы, менің ертеңгілік ұйқыдан тұруға, биік қабаттарға еркін шығуға қатты қиналған күндерім болды. Тіпті кейде қант диабеті, жүрек-қан тамырлары ауруларына душар етуі де мүмкін. Бірде инстаграм желісінен ерік-жігерді басқаруға қатысты бір жақсы сөз оқыдым. Содан жігерленіп, инста-парақшамдағы оқырмандарыма ертеңнен бастап табиғат аясында жаттығатынымды хабарлап кеп жібердім. Еш дайындалмастан. 41-разъезде тұратын болғандықтан су қоймасы да үйге жақын, ыңғайлы болды, негізі. Жаз айы әрі. Хабарлағаным жақсы болыпты. Парақша оқырмандарымнан ұялып, таң атпай, су жағасында жаттығу жасап, жаяу барып, келіп, онымды міндетті түрде инстапарақшаға салып жүрдім. Әрине, алғашқы уақытта жалқаулығымды жеңу өте қиынға соқты. Кейін әдетке айналып кеткенін тіпті байқамай қалдым, — дейді Әлия.

Метаболизмге әсер ететін факторлар

Диетологтардың айтуынша, денсаулығына бейжай қарамайтын адам тамақты талғаммен, мөлшермен әрі уақытында жегені жөн. Әлия да осы пікірде.

— Бұрын мен күнде бір уақытта тамақтанбайтынмын. Мөлшеріне де аса мән бермейтінмін. Осының бәрі маңызды екен. Диетологияда адамның метаболизмі ерекше рөл атқарады. Метаболизм — қуат алу үшін дененің калорияларды жұмсау жылдамдығы. Ал метаболизм жылдамдығы түрлі факторларға — жасына, жынысына, денедегі майға, бұлшық ет массасына, белсенділік  деңгейіне және генетикаға байланысты әркімде әртүрлі болады. Дененің калорияларды өңдеу жылдамдығын арттыратын бірнеше әдісін айтайын. Ең әуелі, үнемі белгілі бір уақытта тамақтанған дұрыс. Бұл зат алмасу тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі. Әйтпесе, адам көп тамақтанатын болса, ұзақ уақыт тамақ ішпей жүрсе, дене калорияларды баяу жағып, май жиналуы мүмкін. Кейбір адамдар арықтаймын деп, бірнеше күн ашығады. Алайда бұл да метаболизмге кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар ұйқыңыз қанық болғаны жақсы. Адам аз ұйықтаған кезде денеде аштық сезімін тудыратын грелин горманы бөлінеді де, бұл да метаболизмнің бұзылуына әкеп соқтырады. Негізі, зерттеулер бойынша адам күніне 7-8 сағат ұйықтағаны абзал. Диетология негіздеріне сүйенсек, метаболизмге әсер ететін фактордың бірі — күйзеліс. Күйзеліс тәбетті реттеуге көмектесетін гормон — кортизолды шамадан тыс бөледі екен. Сол кезде адам да тәбетін игере алмай қалатын көрінеді. Шынында, кейде көңіл күйі болмай отырғанда алдына келген тағамның мөлшері түгілі, дәмін де аңғармай жей беретіндер болады екен. Марафон ұйымдастырғанда осындайды байқадым,  — дейді Әлия диетологияның негізгі қағидаларымен бөлісіп.

Одан әрі ол метаболизмнің қалыпты жұмыс істеуі үшін әрі артық салмақтан арылу үшін кәдімгі суды жеткілікті мөлшерде ішу керектігін, күніне бір адам кемі 1,5-2 литр су ішу қажеттігін айтып берді. «Күнде таңертең аш қарынға бір стакан, іше алсаңыз, екі стакан жылы су ішкен дұрыс. Өзім сөйтемін», — дейді Әлия. Сондай-ақ ол метаболизм жылдамдығында В тобындағы витаминдердің маңызды рөл атқаратынын да жеткізді. В тобы болғанда, негізгілері — В1 (тимаин), В2 (рибофлавин) және В6 (пиридоксин). Ал бұл витаминдер бананда, пісірілген картопта, жұмыртқада, апельсин шырынында, бұршақта, дәнді дақылдарда бар.

Әлияның айтуынша, дұрыс тамақтану — емдік диетадан бөлек.

— Дұрыс тамақтану кезінде барлық тамақты жеуге болады, тек қай кезде қанша мөлшерде жеу керектігін білген абзал. Мысалы, майды тек түскі сағат он екіге дейін, ал көмірсуларды кешкі сағат төртке дейін, ал ақуыздарды кешкі сегізге дейін жеуге болады. Сондай-ақ кейбір адамдар тәтті жегенді ұнатады. Негізі, адамға хром жетіспесе, тәттіні көп жейді екен. Сосын азық-түлік сатып алғанда құрамына мән бермейді екенбіз. Мысалы, глютен, жасанды қоспалары бар-жоғына бас ауыртпаймыз. Осының бәрі де тағамтануға қатысты сауатымыздың жоқтығынан. Дұрыс тамақтануға, анығы, диетология саласына  көпшілік әлі еріккеннің ермегі ретінде қарайтыны қынжылтады, — дейді Әлия.

Әйгерімнің нәтижесі

Әлия Таласова бізге өзі ұйымдастырған дұрыс тамақтануды үйрететін марафоны туралы әңгімелеп берді. Марафонға өзінің айналасында жүрген 5 қыз қатысқан. (Олар Әлияның табиғат аясында жаттығу жасап жүргенін, салауатты тамақтануға ерекше мән беретінін сырттай бақылап жүрген). Осы марафонға қатысып, тапсырмаларды орындап, оң нәтижеге қол жеткізген бес қыздың бірі — Әйгерім Баткамбаева.

— Түрлі марафондарды талай естісем де, мән бермеппін. Әрине, артық салмақ еркін қозғалуыма, ұнатқан киімімді ала алмауыма, тіпті күнделікті көңіл күйіме — бәріне әсер ете бастады. Күйеуім де ескерту жасады. Содан тамақты тартыныңқырап ішіп бастадым. Алайда ерік-жігерімді жеңу оңайға соқпады. Жүгіріп те көрдім. Кейде жалқауланып қалам. Еріншектігім ертеңге ысырады. Сөйтіп, күндер өтіп жатты. Өзім ұннан жасалған тағамдарды ерекше жақсы көремін, нан-тәтті бөлкелерді көрсем, өзімді тоқтату қиын болатын (күліп.) Бойым — 167 сантиметр, салмағым сексен килограмнан асты ғой деймін. Әлия апайдың жаттығулар марафонын көріп, мен де тіркелдім. Марафонға қатысу жарнасы мың теңгеден болды. Әлия апай бірден марафоншыларға тапсырманы уақытында орындамаған жағдайда, мың теңге айыппұл төлейтіндерін қатаң ескертті. Сөйтіп, бесеуміз де ертеңгі сағат сегізге дейін (іссапарда жүрсе де) таңғы жаттығуларды жасағандығымыз жөнінде бейнематериал жолдап отырдық. Сондай-ақ бюджеттік азық-түлікке негізделген меню бойынша тамақтанып, соның да фотосын Әлия апайға жолдадық.  Тапсырмаларды  уақтылы орындап, салмақ тастап, үздік шыққаным үшін, бірде лампа, тағы бірде фитнес-сағатын жеңіп алдым. Ол күніне қанша қадам жасағанымды, қанша шақырым жүргенімді көрсетіп тұрады. Бұл марафон барысында  менің түйгенім — дұрыс тамақтанудың ережелерін сақтап, жаттығуларды жасап жүрсе, кез келген адам артық салмақ қоспайды екен. Сосын ауыр салмағы бар адамдар үшін жүгіргеннен жүрудің соншалықты пайдалы екенін түсіндім. Арықтауды мақсат еткен кезде мақсатыңның дұрыс екенін айтып, жігерлендіретін әңгімелер айтылса, қанаттанып, дұрыс жолда екеніңе риза боласың. Бақылау мен тәртіп бар жерде нәтиже де оң болды. Сөйтіп, он келідей салмақ тастадым, гардеробымдағы киімдерімді жаңарттым, — дейді Әйгерім Теміржанқызы.

Марафоншылардың пікірінше, дұрыс тамақтану тек артық салмақтан арылтып қана қоймайды, көптеген аурулардың да алдын алады. Мысалы, бұрын басы ауырғандар енді ауырмайтынын, ісігі барлар едәуір басылғанын айтып берді.

P.S. «Дұрыс тамақтан, салауатты өмір салтын ұстан, уақтылы ұйықта. Сапалы өмір сүрудің негізгі факторлары — осы». Әңгімемізді академик Төрегелді Шармановтың осы сөзімен түйіндеуді жөн көрдік. 

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button