Тұлға

Намыс

Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, Ауған соғысының ардагері, «Ер Бақыт» әскери-патриоттық клубының төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Марат Қойлыбаевтың өткені мен бүгіні — кейінгі жастар үшін жақсы үлгі. Сексенінші жылдардың орта шенінде Алға қаласынан бес жігіт: Кенжеғали Көшербаев, Олег Красюк, Сергей Пыжов, Бақыт Сүлейменов және Марат Қойлыбаев әскер қатарына бірге шақырылады. Түрікменстанда алғашқы жаттығу сабақтарынан өткеннен кейін Ауғанстанға тап болып, бір батальонда қызмет етеді.

Ол жөнінде майдандас серігі Кенжеғали Көшербаев былай дейді: «Біз бәріміз де жас едік, жарты жыл да қызмет етіп үлгермей жатып, күллі батальон қазақтардың ерлігін сөз ете бастады. Марат Қойлыбаев сержант болмастан, ротаның старшинасына тағайындалды, взвод командирінің орынбасары болды. Жеке автомобиль батальонының командирі полковник Иванов: «Қазақтар көп емес, бірақ батальон тізгінін ұстап тұр», —  дейтін. Ал штаб бастығы: «Егер қазақтар болмағанда, біз Ұлы Отан соғысында жеңе алмайтын едік. Соғыста қай кезде де қазақтар алда жүреді», —  деп ашық айтатын. Бірде Маратпен бірге біз Жалалабадқа бардық. Жолда жаудың құрсауына тап болдық. Сонда Марат бүкіл ротаны бораған оқтың астынан аман алып шықты».

Ауған соғысының нағыз батырының жүрекжұтқан тәуекел істері туралы мұндай пікірлер жалғыз-жарым емес. Ал осындай ержүрек азаматтың ұшқан ұясы, өскен ортасы, майданнан оралғаннан кейінгі тыныс-тіршілігі бүгінгі оқырман қауымды, сөз жоқ, қызықтырса керек. Белгілі журналист Аманқос Орынғалиұлының Ауған соғысының ардагері туралы жазған «Намыс» деп аталатын деректі туындысы осы тақырыптарды қамтиды. Біз осы жазбадан үзінді жариялауды жөн көрдік.

Қарабұлақтан Қандағарға дейін

Мезгіл мамыр айының іші еді. Ақтөбеден шығып, Қарабұлақ ауылына бағыт алған джип көлігі Алға қаласының ішін аралай жүрді. Көлік ішінде үш адамбыз. Рульде отырған шымыр денелі, ұршықтай үйірілген жігіт, ауған соғысының ардагері Марат Қойлыбаев жүріп келе жатқан машинаның қапталынан бір көшені нұсқап:

— Мына жердегі №118 СПТУ-да оқыдым. Ол кездегі мұндай училищенің біраз артықшылықтары бар еді. Тегін тамақ, киім береді. Спортпен еркін айналысуға мүмкіндік бар. Мен палуандықты осы жерде жалғастырдым. Аудандағы, облыстағы жарыстарға қатысып, күресіп жүрдім. Бұл оқу орнының беретін негізгі мамандығы — тракторшылық. Оған дейін де мен барлық ауыл балалары сияқты арнаулы құжатым болмаса да, ұжымшарда жазда  трактор жүргізіп, жұмыс істедім. Бірақ ендігі кезде шаруашылықтың  тракторшысы болу үшін арнаулы училище бітіру талап етілді, — деді өткен жылдарға ой жүгіртіп.

Негізінде, бала Маратты ауылдан алтыншы сыныпты бітіргеннен  кейін әкесі  Қарағанды қаласындағы дарынды балалар оқитын мектеп-интернатқа оқуға жібереді. Бұл оқу орнын ұзақ жылдар есімі елге белгілі азамат, ақтөбелік  Бақдәулет Өрбісінов басқарды. Ол басқарған оқу орны, әсіресе, спорттан республикаға, одаққа кеңінен танымал еді.  Интернат балаларды спортқа бейімдеп оқытып-тәрбиелейтін-ді.

Ақтөбеде мектеп оқушылары арасынан күрестен кезекті республикалық жарыс өткен-ді. Соған Қарағанды қаласынан жаңағы оқу орнының жаттықтырушысы арнайы келіп, көзге түскен спортшыларды  іріктеп алды. Осы іріктеуге Ақтөбеден, кейін палуандықтан есімі елге танылған Қуаныш Мырза екеуі ілігіп, төрт жыл интернатта бірге жатып оқиды.

Интернаттағы оқуды бітірген соң олар Қарағандының  физкультура институтында қалуға тиіс  еді. Ол жоспар аяқ астынан бұзылды. Ақтөбенің  азаматтық жоғары әскери ұшқыштар училищесіне баратын болды. Өйткені бұлар оқу бітіріп жатқан сәтте Қарағандыға Ақтөбеден ұшқыштар училищесінің өкілі келе қалды. Сол «болашақ ұшқыш боласыңдар, спорттан училище намысын қорғайсыңдар, онда да күресесіңдер» деп үгіттейді.

Бір жағынан, Қуаныш досының ұшқыш болу бала кезден арманы еді. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ұшқыштар туралы кітаптарды көп оқитын. Ұшқыш болуға оның дене тұрқы да сұранып тұрғандай еді. Бойы ұзын, салмағы да жоғары — 68 келі, ал Марат небәрі 48 келі. Бойы бір метр алпыс сантиметрге де жетпейді.

Сонымен, екеуі де емтихандардан, жаттығулық талаптардың бәрінен сәтті өтеді. Алайда  соңғы  іріктеу кезінде «бойың аласа» деп, Маратты қабылдамай тастайды.

Марат оқуға түспегесін қабылданып тұрған жерінен Қуаныш досы да бас тартып, құжаттарын алып, Ақтөбенің пединститутына  тапсырады. Марат болса «ауылға барамын, Қарабұлақта  трактор айдаймын» деп қисаяды.

Бір қызығы, әкесі трактордан гөрі, мал баққанын қолайлы көреді. Қарабұлақ ауылында арнаулы мамандандырылған шаруашылық бар еді. Тап сол 1985 жылы мұнда 7 мың ірі қара тұрды. Сонша мал сыятын кең қолтық баздары болатын. Малға  азық дайындап беретін цехтар жұмыс істеді. Бұл жерлерде салмағы 800 келіден бір тоннаға дейін жететін өгіздер семіртілді.

Алайда аудандық әскери комиссариаттан келген хатпен Алғадағы СПТУ-ға оқуға жолдама алады. Мұнда оқыды деген атақ еді әншейін. Ұдайы жарыста жүреді.  Бірден жақсы нәтиже көрсетіп, ауданда да, облыста да жеңімпаз атанды. Ақтөбедегі  жаттықтырушысы өз жанына алғысы келді. Алғадағы оқу орны да бұған қарсы болмайды. Олар осындай палуанымыз бар деп мақтаныш ететін сияқты. Училище директоры «облыстың намысын қорғап жүр» деп үлгі етеді.

Марат Ақтөбе қаласындағы  №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде де қатар оқиды. Бірақ оқудан гөрі, көбіне күресіп, қайда жарыс болса, сонда  жүреді. Одақтың гүрілдеп тұрған кезі, спорттық жарыстар жиі өтеді. Өзі қатысқан республикалық, одақтық  жарыстардан жеңіске жетіп, жеңімпаз болып оралады көбінесе. Сөйтіп жүріп еркін күрестен КСРО спорт шебері атанады.

1986 жылы әскер қатарына шақырылғанға дейін күрестен біраз аты шықты. Ол кезде спортпен әуестенетін жастар әскерге де өтімді еді. Спорт арқылы шымыр болғаны және әскерге барғанша көлік жүргізетін мамандық алуы — соғыс өрті өршіп тұрған Ауғанстанға жол тартуына себепші болған секілді. Осылайша Ақтөбенің Қарабұлағынан Ауғанстанның Қандағарына дейін сапар шекті. Өмір мен өлім шарпысқан екі жарым жыл. Ұдайы аңдыған жау-ажал жаныңда жүреді. Барлық уақытта лаулаған оттың ішіндесің. Сондай сұрапыл соғыстан қалай аман шыққанына сенбейді кейде.

Елге қайтып келгесін, тоқсаныншы жылдары, күресті қайта жалғастырды.

Тыңдаушы болып отырған біз палуанның сөзін бөлгіміз келмейді. Алайда арасында ойымызға келіп қалған жалғыз-жарым сауалдарымызды да ірікпейміз.

— Сонда қандай салмақ дәрежесі бойынша қатыстың күреске?

— Әскерге дейін жеңіл салмақта — 48-52 келі аралығында күрестім. Әскерде жүргенде салмағым өсті. Ауғанстаннан оралғанда салмағым 74-82 келі  аралығында болды. Елде булығып жүрген екенмін, қимыл-қозғалысы, арпалысы көп ортада жақсы шынықтым. Екі жарым жылдың ішінде бойым 20 сантиметрге өсіп, салмағым 20 килограмға артты.

Соғыстың ішінде жүргесін адам өмірден түңіледі, торығады. Содан аулақ болу үшін әскерде қиналып жүрсем де, спортпен шұғылданып, өзімді шынықтырумен болдым. Соғыс қаупі жоқ жерде күн сайын 20 шақырымға жүгіремін. Белтемірге асыламын.

Соғыс жағдайында жүргенде де бар ойым, есіл-дертім — елге шынығып бару, сөйтіп, өзім бала күннен сүйген күрес өнерін қайтадан жалғастыру. Бұл дағдыны, тәрбиені  мен әскерге алынғанға  дейін, Алғаның училищесінен алғанымды айттым ғой.

Мен де әскерден оралғасын өзіміздің Ақтөбенің педагогикалық институтының физкультура факультетіне баруға талап қылдым, қазіргі Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті.

Ауғанстаннан кеңес әскерлері шығарылатын 1989 жылы келген едім. Ол кезде әкем Қарабұлақ ауылынан Ақтөбе қаласына қоныс аударып, теміржол саласында жұмыс істеп жүр екен. Қаладан пәтер алыпты. Бұл бір қиын уақыт еді. Негізі, мен әскерден 1988 жылдың қараша айында келуім керек еді. Соның алдында, қазан айында әскерден босату жөнінде бұйрық  шыққан-ды. Әскерден босаймыз деп, қуанышымыз қойнымызға сыймай жүргенде, батальон командирі Иванов сапқа тұрғызып, күтпеген жерден сарбаздарға сөз арнады.

«Сарбаздар, Сіздерден Отан сұрайды, күллі Кеңестер Одағы сұрайды. Сіздердің тәжірибелеріңіз бар. Әскерді жат елден шығару оңай шаруа емес. Өздеріңіз қатыспасаңыздар, қатарға кейін қосылған сарбаздардың шығын болу қаупі бар. Сондықтан Сіздер әлі де әскерде қала тұруға өз еріктеріңізбен келісесіздер деп ойлаймын», — деді.

Әскердің жағдайы, тәртібі белгілі, мұндай сәтте ешкім «қалмаймын, елге қайтамын» деп айта алмайды. Сонымен тағы табандаған төрт ай әскерде қалуға тура келді.

Бір қиыны, бұл кезде  ауылда біздің әке-шешеміз, бауырларымыз қараша айында келеді деп күтіп отыр еді. Біз оларға «жағдай осындай болды» деп айта алмаймыз. Содан төрт ай бойы үйге бір хат жаза алмадық.

1989 жылы ақпан айының 13-і күні Ауғанстаннан Термез Достық көпірі арқылы өтіп, кеңес әскері елге оралды. Біз бірінші болып өттік. Біздің артымыздан 15 ақпан күні 40-Армияның қолбасшысы генерал-лейтенант  Борис Громов оралды.

Еңбек майданына оралу

Содан елге жеткенше 17-18 ақпан болды. Әскерден, алыс жолдан келгеніммен, үйде ұзақ жата алмадым. Наурыздың басында жұмыс іздедім. Шопырлық мамандығым бар, Ауғанстанда «КамАЗ» көлігін жүргізгенмін. Әскерге дейін училище бітіргенім тағы  бар. Бірақ бұрынғыдай емес, біз әскерде болған екі жылда елдегі  жағдай қиындап кеткен екен. Шамалы барлап қарап жүріп, Ақтөбе қаласындағы бір автобазаға шофер болып кірдім. Кәсіпорын басшысы Ауғанстанда соғысып келді ғой деп қарамады,  шашылып жатқан жаман «ЗИЛ» көлігін берді. Күні-түні қара майға батып, біраз бейнеттеніп, соны жөндеп шығардым. Сол сәтте біздің автобазаға гараж меңгерушісінің туған жиені келе қалды жұмысқа, менің жөндеп шығарған  «ЗИЛ» көлігімді соған беріп жіберді. Ренжіп ол жерден кетіп, Ақтөбе қаласындағы жүктерді тасымалдау автоколоннасына келдім. Бастығы: «Сен  Ауғанстанда «КамАЗ» көлігін жүргізген екенсің. Сондай көлік берейін», — деп, жұмысқа қабылдады. Бастық орыс ұлтынан еді. Соның айтуы бойынша  гараждың ішіне кірсем, әлгі «КамАЗ» көлігі тұр деген жерде бір рама жатыр. Кабинасының жартысы жоқ. «Ауғанстаннан келген камазиссің, саған осыны сеніп беріп тұрмын. Бұрын «ЗИЛ» көлігін құрастырып шығарыпсың. Ал бұл оған қарағанда оңай. Сен пысық жігіт екенсің!» — деп қарап тұр. Рамаға отыра кеттім. Мотордың жартысы жоқ, астау-қорабы алқа-салқа, доңғалағына дейін түгел алып кеткен. Салып ала қоятындай өзге қосалқы бөшектер де бермеді. Оның орнына: «Өзің түнге қарай тіршілік жаса, әр жерден іздестіріп тап, жолдас-жораларыңнан аласың ба? Уақыт та болып қалды, бір айдың ішінде бітір, Комсомол ауданына астық жинауға барасың», — деді.

Содан жарғақ құлағым жастыққа тимеді. Күні-түн жүгіріп, анадан-мынадан құрастырып, бір ай дегенде, әлгі «КамАЗ» көлігін қатарға қостым. Бір жақ есігім көк, бір жақ есігім қызыл, әр доңғалағым әртүрлі, көшеге салдырлатып айдап шықтым.

Кәсіпорынның басшысы көріп:

— Ай, афганец, мынаны қалай құрастырдың? — деп таңдай қақты.

— Енді қайтейін. Жұмыс істегім келеді. Отбасындағы жағдайым қиын. Толып жатқан кішкентай іні-қарындастарым бар, — деймін.

Жаман машинаны құрап-сұрап шығарғаным сол еді, қаланың іргесіндегі «Сазды» кеңшарынан құм тасуға карьерге жіберді. «Әзір құм тасисың, орақ  басталғанда астық жинауға жіберемін, бірақ сенің оған енді категорияң келмей тұр» деп қояды. «Категорияны өзім  бірдеңе қылармын. Маған тек тіркеме тауып беріңіз, норма орындауым керек» деймін.

Көлігімнің сыртқы түр-өңі келмегенімен, моторын тәуір жөндеп, сықитып қойғанмын. Елдің керемет «КамАЗ» көліктері ертеңгілік  оталмай жатады, менікі басып қалсам, дүр ете түседі. Талай заманнан бері машина айдап жүрген кәнігі жүргізушілер келіп, айнала қарап, «Қалай жасап алғансың?» деп таңғалысады.

— Аға, мен түнімен ұйықтамаймын ғой. Ана автоқұрылыс автобазасына барып, тұрған машиналардың астына кіріп, әрқайсысынан бір данадан алып, құрастырып алдым ғой, — деймін әзіл-шынын араластырып. Олар: «Мына бала пәле!» — деп күліп, мәз болады.

Бір күні Саздыға құм тасуға бара жатсам, аялдамада Ақтөбе қаласындағы №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы тұр. Өзімше «КамАЗ»-бен келе жатқасын мақтанып, тоқтай қалып: «Ағай, қай жаққа бара жатырсыз?» деп сұрадым. «Саяжайға барамын» деді. «Отырыңыз! Апарып тастаймын»  дедім. Машинаға жайғасқасын ұстаз аға: «Сені Ауғанстанда деп естіп едім, қашан келдің?» деді. «Осы жақында келдім» дедім. «Енді не істеп жүрсің?» деп сұрады. «Автобазаға келдім, «КамАЗ» берді басшысы. Осыны айдап жақсы болып жүрмін» дедім.

Көліктен түсер жерде спорт  жаттықтырушы: «Әй, бала, бұл «КамАЗ»-ды үлгересің. Әскерде жүріп те күрескеніңді білемін, естігенмін. Сен күресуің керек, оқуың керек. Жұмыс ешқайда қашпайды, әлі жассың», — деп біраз ақылын айтты.

Содан бастап жаттықтырушы Төлепберген Түздікбаев күнде үйге келетінді шығарды. Айтатыны әлгі  бір әңгіме. Мен қарсылық білдіріп: «Ауғанстаннан келдім, жұмыс істеймін, әке-шешемді, іні-қарындастарымды бағуым керек, қайдағы күрес» деймін.

Ол сыртымнан сүйсініп қарап: «Бойың да, салмағың да өскен. Сөзді қой! Спорт залға кел, нағыз күресетін уақытың!» — дейді. Қоймай, күнде жаттығуға шақырады. Ақыры көндірді. Автобазадан босап шығамын да, үстіме спорттық киімімді киіп, жүгіріп спорт залға барамын, жаттығудан қайтып келе жатып, автобазаның шарбағынан секіріп кіріп, жұмыс киімімді киемін. Өйткені үйде әкеме спорт залға жаттығуға барып жүргенімді  білдірмеуім керек. Қанша кеш келсем де, таңғы сағат бесте үйден  шығып кетіп, алтыда жол жүру  қағаздарымды алып, рейске-жолға шығамын.

Сөйтіп, дымымды білдірмей, спорт пен жұмысты қатар алып жүрдім. Бір күні Ақтөбеде еркін күрестен үлкен жарыс өтіп, бірінші орын алдым. Сосын Қазақстанның біріншілігіне қатысып, үшінші орынды иелендім. Содан оралғасын жаттықтырушым енді бұрынғыдан да бетер үгіттей бастады. «Жұмысты қой, оқуға түс!» деп жалынды. Амал жоқ, автобаза басшысы Черепановқа бардым. Бір жағынан, біраз бейнеттеніп, өзім әрең құрастырып шығарған «КамАЗ» көлігін де қимаймын, тастағым келмейді. Содан айттым: «Юрий Михаилович, мені жаттықтырушым қоймай шақырып жатыр. Күресуім, оқуым қажет» деп.

Ол болса бет бақтырмайды: «Саған оқу не керек! Сен камазиссің. Қазір бар жастық күшіңді салып жұмыс істе. Ақшаны күреп тап. Уақыты келгенде сырттай оқырсың» деп. «Бір кезде, көрерсің, сен осы автобазаның директоры боласың» деп те қызықтырып қояды. Дегенмен мен бір талаптанып бағыт алдым да, алған бетімнен қайтпадым. Сосын айттым: «Жақсы, мен оқуға түссем түсермін, түспесем, қайтып келіп өзімнің «КамАЗымды» жүргізейін. Тек соған дейін ешкімге тигізбеңіз, тонап кетпесін. Қарап қойыңыз!» дедім. Ақыры солай келістік. Бастық әскерден қарайып келген мені оқуға түсе қояр деп ойламаған да сияқты, жіберді.

Содан Ақтөбенің пединститутына құжаттарымды тапсырдым. Өзімше емтиханға дайындалып жүрмін. Бір күні Ауғанстанда болған интернационалистерді институттың ректоры Мұхтар Арынов шақырып жатыр деген хабар жетті. Мен сияқты тағы да үш-төрт Ауған соғысына қатысқан талапкер табылды. Содан бардық. Жақсы қарсы алды.

— Сендер Ауғанстаннан келдіңдер ғой. Құжаттарыңды өткіздіңдер ме? — деп сұрады. «Өткіздік» дестік бірауыздан.

— Енді бір отыз жылдан кейін сендер де жастарың елуден кеткен жігіт ағасы боласыңдар. Сол кезде елге соғыстың сұмдығын айтатын сіздер. Екінші дүниежүлік соғысқа қатысқан бүгінгі ардагерлер ол кезде болмайды, — деп бір қойды. Сосын әңгімесін одан әрі жалғап:

— Қай факультетке құжат тапсырсаңыздар, сол оқуға емтихансыз, ешқандай конкурссыз түсесіңдер! — деп кесіп айтты.

Сөйтсек, шынымен, ректор бұйрық шығарып, тізіммен бізді оқуға қабылдап та қойыпты. Содан біз Ауған соғысына қатысқан талапкерлер институтқа түсерде емтихан тапсырмай, ешқандай  конкурстан да өтпей, қабылдандық.

Қазір Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне әр кездесуге  барған сайын, ректор Арыновтың сол әңгімесін, Ауған соғысына қатысушыларға жасаған жақсылығын студенттерге айтып беремін. Қандай дана адам десеңізші! Сол кездің өзінде әріден ойлап, соғыстан оралған деп, бізге оқуға түсуге жеңілдік берді. Ол кезде елде ондай жеңілдік қарастырылған арнайы Заң да жоқ болатын. Мәселені өз жауапкершілігіне алып шешкен. Әне, сол азаматтың арқасында біз жоғары оқу орнына түстік. Сөйтіп, мен студент қатарына қабылданып, камазист болмай қалдым. Есесіне, спортпен еркін айналысуға, институт қабырғасында жүріп күреске, түрлі жарыстарға қатысуға мүмкіндік алдым.

Алайда ол еркіндік ұзаққа бармады. Бұл кезде тоқсаныншы жылдардың қиындықтары қылтиып қыр астында тым жақын тұр еді. Оқуды аяқтамай жатып, соңғы курста жан бағу үшін кәсіп жасауға көштік. Үйдегі анамызға дейін ала дорбасын арқалап, көшеге сауда жасап кетті. Әкем күйзелді. Әрқайсысымыз шапқылап, тіршілік жасап жүрдік.

Менің Ауғанстанда болғаным, әсіресе, әкеме ауыр тигенін білетінмін. Соғыстың жағдайын білетін адам ғой. Қашан мен үйге келгенше қайғыдан қан жұтып, ішкен асы бойына сіңбей, уайымдаумен болған. Содан да мен әскерден оралғанда  әкем жылап қарсы алды. «Тірі көрмейтін шығармын деп ойлағанмын. Аман келдің, енді өле берсем де болады. Құдайдан талай мәрте солай тілек тілегенмін», — деді. Сонда әкем 47 жаста екен, қазір мен оның жасынан асып кеттім. Ішінен қатты күйзеліп уайымдаған. Сол қайғының, торығудың әсері болар, 1999 жылы өмірден өтті. Әкемнің, ең болмаса, 60 жасқа жетпегені жаныма батады.

Бұл күндері мен Ауған соғысына қатысушы, ардагер ретінде кездесулерге жиі барамын. Сонда жастармен кездескенде, әкемнің Ауғанстанда жүргенде маған жазған хаты туралы жиі айтамын. Хат былай басталады: «Ақ Матам, соғыс қой, жан-жағыңа қарап жүр. Оң жағыңа қара, сол жағыңа қара! Соғыстың аты — соғыс қой, байқа! Тірі келгенің жақсы ғой бізге…». Осы хатында әкем: «Бірақ тірі келемін деп, басыңды салбыратып жүнжіп те кетпе! Адамда құны зор бір нәрсе бар ғой — ар мен намыс деген» депті тағы. Қорқақ болма дегені ғой. Әрине, мен ол кезде жиырма жаста едім, шынымды айтсам, сол сәтте не жазғанын толық пайымдап, түсінбедім. Қазір баламызды сабаққа жібергенде мектепке бара ма, бармай ма деп қауіптеніп, күдіктеніп отырамыз ғой. Ал ол кісілер бауыр етінен жаратылған балаларын «ар, намыс үшін соғысқа қалай ғана қиды екен?» деп ойлаймын…

Жастық шағым өткен жер

Көлігіміз бірде даланың байырғы сүрлеу соқпағымен, бірде теп-тегіс асфальт жолмен жүйткіп келеді. Рульде отырған Марат әңгімесін екінші арнаға бұрып, басқа бір жайды еске алды:

— Алғада СПТУ-да оқып жүргенімде ауылға практикаға жібереді. Ол кезде мына маңда бос жер жоқ, айнала егістік. Неше түрлі тракторларды жүргізе беремін. Жазда «ДТ-75», күзде «МТЗ», «Алтай Д-4»-пен мен жыртпаған алқап  жоқ бұл маңда.

Еңбектің қызығына түскен адам бәрін ұмытады. Мен де солай, осы жерлерде алаңсыз еңбек етіп жүрдім.

Сондай шақта, 1986 жылы, тура егіс алқабынан шаруашылықтың  директоры «УАЗ» көлігіне салып алып кетті, әскерге шақырған екен. Осы Сарыбұлақтың егіс алқабынан әскерге аттандым. Кішкене әргіректе Шилінің  алқабы бар. Ол жерлер теп-тегіс. Комбайнмен талай егін ордым. Егіс алқабынан түнде темір кезіксе, комбайнның жаткасын  қопарып тастайды. Ондайда қол шам жағып, бұлғап, жөндеушілерді  көмекке шақыратынбыз.

Жастық шағым өткен жер — осы. Бірақ қазір ол кездегідей  өнім жоқ. Егін дұрыс шықпайды. Себебі ол кездегідей еңбек жоқ. Жер де жемісін еңбекке береді емес пе? Агротехникалық шаралар сақталмайды. Сүдігер жыртылмайды, қар тоқтатылмайды, тыңайтқыш шашылмайды. Ол кезде  шаруашылыққа көмекке арнайы ұшақтар жіберілетін. Онда сондай қалыптасқан жүйе бар еді. Жер қаралмаса, күтілмесе не болады? Біз  құрығанда әр гектардан  7-8 центнер өнім алатын едік. Қуаңшылық дегеннің өзінде, тәуір алқаптардан 15-17 центнерге дейін түсім түседі гектарына. Көбіне арпа дақылы егіледі, малға  жемге беріледі. Ірі сабақты мал азығын ұсақтайтын, жемді тартатын үлкен цехтар болды. Сондай жем жеген ірі қара шошқа сияқты семіретін.

Мынау Ақжар деген жер, Сарыбұлаққа жақын. Анау — Қарабұлақ. Іргедегі  көрініп тұрған ауылдың қорымы. Міне, Қарабұлақ ауылдық округі деп жазулы тұр.  Осы жерде жазда жүгіретінмін.

Осы маңға ауыл тұрғындары көкөніс, картоп салатын. Біздің ауылдың жерінің құнарлылығы, ылғалдығы сондай — картоп тұқымын отырғызсаң болды, суармай-ақ өзі шығады. Өкінішке қарай, қазір бұл ауылда ешкім картоп екпейді, халық жалқауланып алды.

«Тұқым әкеліп берейін, ең болмаса күзде тойып жейсің, артығы болса, базарға өткізесің» десем де, ешкім картоп екпейді. Жер  бос жатыр.

Көлік ішінде әңгімеге ұйып келе жатып, ауылға да кірдік. Марат көлігін көше бойлап жүргізіп, әңгімесін жалғастыра берді.

— Ауылдың осы бөлігін «микрорайон» деп атайтынбыз. Қатар-қатар үйлер еді. Көбін тоқсаныншы жылдары бұзып алып кеткен. Қазір бұл ауыл — селолық округтің орталығы. Әлі де 200-дің үстінде үй бар. Бір қуанарлық жағдай, орта мектеп сақталды. Қарабұлақ мектеп-балабақшасы деп аталады. Ал енді ауылда Тәуелсіздік жылдарында пайда болған мешітке де келдік, — деді көк күмбезін көріп, мешіт екенін айтпай-ақ білетін әсем ғимараттың жанына көлігін тоқтатып жатып.

Ұшқан ұя

Ауылдағы еңселі ғимаратты біздің де көруге аңсарымыз ауған-ды. Сол сыңайымызды  ұқты ма, әлде өзінің де көздеп келе жатқаны ма, жолбасшымыз көліктен түсіп жатып:

  • Ауылға бұл мешітті мен салдым. Биыл он жыл болды, — деді.

Мешіт жанына көлік тоқтағаннан соң, ауылдың бір-екі тұрғыны да келе қалды. Әрине, Марат бұл ауылдың еңкейген кәрісінен еңбектеген баласына дейін біледі. Сондықтан жанымызға келе қалған жас жігіттерді есімдерімен атап, жан-жаққа жұмсай бастады. Имамды шақыртып, мешіттің кілтін алдырды. Біз оған дейін ауылдың бүгінгі жай-күйімен таныса бердік. Ауылға үш-төрт жылдықта газ келіпті. Ауыз суды орталықтандырылған су құбырынан ішеді екен.

Біз барғанда Ақтөбегі медреседен келген жас жігіт уақытша имам болып отырды. Ол  ауылдың балаларына арабша үйретіп, біраз жұмыстар жасап жатқанға ұқсайды.

Жол бойында да, мешіт ішінде де байқағаным, Мараттың өзі де дін жолын берік ұстанған азамат екен. Бес уақыт намазға жығылатыны, иман-сабағын білетіні көрініп тұрды.

Имамның Құран бағыштауы аяқталғасын-ақ, ауылдық жердің әдетінше, келген қонақтармен аман-саулық сұрасу, танысу  басталды да кетті. Өзін Қарасаева деп таныстырған әйел, ешкім сұрамай-ақ, жай-күйін айта бастады.

— Осы жерде туып-өстім. Совхозда бухгалтер болдым. Мына отырған Марат—  інім. Бухгалтерлік оқуды бітіріп, жұмысқа келгенде үйінде жаттым. Әжеміз болды, үлкен кісі. Анасы Қымбат Қарабалина ерекше адам еді. Әкесі Айтуған Қойлыбаев ағайым менің. Маратты  құйттайынан білемін, осы жақта тұрды, өсті. Осы мешітті салды. Мешітпен бірге ауылға имандылық та келді. Биыл көптен жаңбыр тамбай қойып еді.  Жақында мешітке жиналып, тасаттық бердік. Сол-ақ екен, жаңбыр керім жауды. Соны көргенде жылап жібердім, — деді ол.

Мешіттен шыққасын да Марат көлік үстінен әлі де ауылды таныстырумен болды.

— Мынау, — дейді ол, бір кішкентай ғимаратты көрсетіп, — бұрынғы мектебіміз. Көне, кішкентай, бір қабат үй еді. Осында бірінші сыныпқа бардым. Орта мектептің бір бөлігін клуб, кітапханаға айналдыруды ұйғардық. Алдыңғы жылы сол клубты күрделі жөндеуден өткізіп бердім. Мен қаржы тауып ұйымдастырушымын, қалған шаруасын ауылдастарым өзі жасайды.

Аманкелді ауылына қарай шығу үшін ауыл ішімен батысқа өрлей жүрдік.

Бұл ауылдың тұрғындарының Марат Қойлыбаевқа  ерекше құрметпен қарайтынын, ауылдың көшесіне бір кезде Елбасымен түскен суретін іліп қойғанына қарап та білуге болатын еді.

Көлік ауылдың шетін айналып, тепсеңді, сай-салалы жермен ілгерілей берді.

— Мына жерлердің бәрі сылдырап аққан бұлақ еді. Табиғаттың сән-салтанатына оранған ауыл еді ғой кезінде, — деп қояды Марат қабаққа қарай көз тастап.

Ауылдың шеткі ашық бір тұсынан тұрғындардың бірі келістіріп жеке тұрғын үй тұрғызып жатыр екен. Бұған біз қуандық. Өйткені, мұндай үйлерді көбіне қаладан тұрғызатын еді. Бізге ауылдағы бастама жаңалық болып көрінді.

Әңгіме барысында кәсіпкер Мараттың тағы бір сырын білдік. Оны өзі айтты:

— Жылқыларымды, басқа да малдарымды осы жерде бақтырамын. Оған ауылдың бар адамы  бас-көз болып жүреді. Өйткені, мен малымды алып кетсем, ұрлық күшеюі мүмкін. Қазір көпшілік ауылдың бар малын менікі сияқты санайды. Өзгенің малы  бара жатса да, «Мараттың малы ғой» дейді. Мал ұрлайтындар содан қорқады. Ауылдың күллі малына менің қатаң бақылау, берік күзет қойғанымды олар жақсы біледі.

Мараттың әңгімесі бір  мезет өзі түлеп ұшқан үлкен әулеттің  адамдарына, өзінің балалық шағына ауды.

— Қойлыбай атамның үлкен ұлы Жұмалы 1939 жылы туыпты. Одан кейін менің әкем Айтуған 1942 жылы дүниеге келген. Жұмалы Амангелдіде тұрды, біз Қарабұлақта кеңшар құрылғасын орталыққа көштік. Олар қалды. Сол үйді әжеміз отау дейтін. Тентек болсақ, тыңдамай жатсақ, әжем «Қап, бәлем, осыдан отауға кетем» дейді.

Біз Амангелді аталатын шағын ауылға келіп кіргенде, Марат көлікті ауыл ішіндегі бір ескі орынға тіреді. Бір кезде ауыл мектебі болған екен.

— Мен 1975 жылы осы мектептің бірінші класына бардым.  Бірінші қыркүйек екен. Елдің бәрі қатарда тұрса, мен әжемнің арқасында отырыппын. Қолымда портфелім болған. Бірінші класты оқытатын апайымыздың  есімі Бәтима еді. Сол кісі: «Әже, балаңызды жерге түсіріңіз, балалармен қатарға тұрсын», — дейді ғой. Сонда әжем марқұм:

— Бәтима, менің балам жоғарыда отыратын бала болады, жоғарыда жүреді. Сен оған қиналма, арқа менікі ғой, — дейді.

Сабақ болып жатады. Әжем мектептің шарбағының қасында мені күтіп жүреді. Үйге арқалап әкеледі.

…Кейде әлгі айтқан отауға кетіп қалады әжем. Сол кезде үйде әке-шешеммен ұрысып қаламын. Ренжудің ақыры Амангелдіге, әжем кеткен отауға  жаяу кетумен аяқталады. Жол бойы бағаналарды жағалап жүремін. Адасып кетемін бе деп қорқамын.

Ол ауылға жеткенде мен жай, тыныш бармаймын. Өкіріп, бақырып әжемнің құшағына құлаймын. Ұрысты, ұрды, жеймін дегенімді бермеді деп арыз-шағымымды айта барамын. Сондағы мақсат — әжемді қалай да ауылға әкету. Ақырында әжем: «Қой, ауылға барайын, балам келіп тұр!» — деп, жинала бастайды буыншақ-түйіншектерін. Әжеміз үйге жетсе, біз үшін мереке, төрт құбыламыз түгел.

Марат әңгімесін қайтадан сабақтады.

…Ауғаннан келгенімде әжем бар, тірі. «Әже, менің әскерден келгенімді күттің ғой» десем, «Білмеймін, сен соғыста жүр дегесін қатты уайымдадым. Балам келгесін өлсем болды деп ойладым» дейді. Сол тілегі қабыл болғандай, 1991 жылы мен келдім, 1992 жылы қайтыс болды. Менің үйленгенімді, балалы болғанымды көріп кетті. Алғашқы сәбиіміз қырқынан шыққанда шетінеді. Үлкен қызым, шөбересі —Гүлжүзім. Одан кейінгісі әжемнің есімін алған — Талайлы.

Қойлыбай атамыз кезінде «жалаңаяқ бригадир» атанған. Соғыстың кезінде жалаңаяқ жүріп, ел аштан қырылып қалмасын деп, кәдімгі ойбайлап жүріп баққан ғой халықты.

Атамыз өмірде жолы болған адам. Алғаш қосылған бәйбішесінен ұл көрмей жүргенде, талайына қарай құдай айдап, босып келе жатқан жас келіншек тап болған. Есті әрі атама сөзін өткізе алатын бір замандасы:

— Әй, Қойлыеке, мына келіншекті алып қал. Бір баладан кейін бала көрмедің ғой, бәйбішең ренжімес, — деген. Сөйтіп, әлгі көрсеткен жас адамды әйел үстіне әйел қылып алып қалған. Талайлы әжеміз біздің үйдің босағасын солай аттапты…

Мен де атам мен әжемді мақтан тұттым, тар жерде рухына сиындым. Палуан болуымның түп-тамыры да осында жатыр деп білемін.

Ауғанстанда, жеке автомобиль батальонының бір жорығында жарылғыш снарядтар тиелген автокөлік жол апатына ұшырады, кабинасы бүлініп, алдыңғы әйнегі қирады. Алайда қару-жарақты көзделген жерге жеткізу керек еді. Командир Иванов: «Бауыржан Момышұлының ұрпағы, қалай қарайсың?» — деді. Мен тілге келмей, кез келген уақытта жарылуы мүмкін көлікті айдап, 200 шақырым межелі жерге жеткіздім. Сол кезде де мені көтеріп кеткен атамнан бойыма дарыған намыс оты еді. Қазаққа тән намыс мені әр кез қанаттандырып, алға жетелеп келеді…

Марат Қойлыбаев әңгімесінің бір тарауын осылай түйіндеп, терең ойланып қалды…

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button