Ауыл

Төрт түлікті тең өргізген атбегі

Мемлекеттік бағдарлама

Қыстақтары ұлы борсық құмы бойын бойлай орналасқан Жаңақоныс ауылдық округінде бүгінде 56 шаруа қожалығы бар. Округ бойынша мүйізді ірі қара — 2880, қой — 8120, ешкі — 1310, жылқы — 1797, түйе — 618 басты құрайды.

Ауыл әкімшілігінің мамандары осы округке қарасты «Медет-М» шаруа қожалығының төрағасы Сәндіғали Тобажановтың қайырымдылық істердегі белсенділігін айрықша атайды. 2015 жылы құрылған бұл шаруашылықта қазір төрт түлік мал тең өсіп келеді. Дегенмен қожалық иесінің Қамбар ата түлігіне бүйрегі ерекше бұрады. Оның себебі де дәйекті.
Марқұм әкесі Әділқан Тобажанов кезінде «Жаңақоныс» кеңшарында аға жылқышы болып, өнімді еңбегінің арқасында аудан, облыс, республикалық деңгейдегі марапаттарды алып, «Озат жылқышы» болған екен. Әке құрығын жерге тастауды  намыс санаған бала атакәсіпті одан әрі жалғауға бекінеді. Құрылғанына санаулы жыл болса да, бұндағы шаруа бір жүйеге түскен.
Мал азығы жеткілікті, жәрдемшілеріне жағдай жасалған. Жастайынан үйірдің ішінен жүйрігін танып, есейе келе небір аламандарға ат баптаған Сәндіғали аға талай жүлделерді қанжығасына байлапты. Осы қырымен оның есімі облысымыздағы атбегілер қауымына да жақсы таныс. Жылқы шаруашылығын дамытуды мақсат еткен ол қайырымдылық істерден шет қалмай, қажетті жерде қымызын тегін үлестіретінін ауылдастары жомарттыққа санайды. Қазір өзі Жаңабаз деп аталатын қыстағының басында. Мал иесі жәрдемшілерімен тең жүрсе шаруада да береке болатынына сенеді.

Аты шыққан атбегі ағадан кеңес сұраушылар аз емес. Әрбірінің өтінішін кері қайтармай, бар тәжірибесімен бөлісуді Сәкең де өзіне парыз санайды.
Келешекте мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алып, шаруашылығын одан әрі дамыту жоспарында бар екенін айтты бізге.
— Жаңақоныс ауылдық округіндегі шаруа қожалықтар ет, сүт өнімдерімен облыстық, аудандық ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне үздіксіз қатысып жүр. Өткен жылы індет өршіген кезеңде аудандық ауруханаға түскен  науқастарға сүт өнімдерімен көмектесті. Өз тарапымыздан жылдың қай мезгілінде де әрдайым шаруалармен тығыз байланыс орнатамыз. Әсіресе, қыста олар ұдайы назарымызда болады. Дегенмен биылғы қыс әзірге жайлы болып тұр, қыстақтарға да жол ашық. Барлығында жепшөптен қорлары бар, — дейді ауыл әкімішілігінің бас маманы Марина Мұқан.
Округ бойынша өткен жаздағы науқанды кезеңде 22 000 тонна шөп дайындалып, барлық меншік түріндегі шаруашылықтар қысқы азықпен қамтылған. «Сыбаға» бағдарламасымен қой малын көбейту мақсатымен «Қопасор» шаруа қожалығы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 16 миллион теңге несиеге 400 қой, 16 қошқар сатып алған. «Тайжетер» шаруа қожалығы «Кәсіпкерлікті қолдау» бағдарламасымен тұрғын үй, мал қорасы құрылысын салу үшін  6 миллион теңге несие алған. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен «Жоламан-С» шаруа қожалығы 12 миллион теңге несиеге 27 жылқы алса, «Есқалина Шекер Елубайқызы» ЖК аталған бағдарламамен жылқы өсіру үшін 4 миллион теңге несиеге 10 жылқы алған.

Сәндіғали Тобажанов секілді ілгеріге ұмтылған мұндай кәсіпкерлер қатары алда да толыға түседі деп күтілуде.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button