Әкімдер есебі

Ақтөбе қаласында көтерме-тарату орталығы салынады

Кеше Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров және қалаға қарасты екі ауданның әкімдері мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері алдында есеп берді.

Ақтөбе қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Абай Сақтағановтың төрағалығымен өткен жиынға қалалық мәслихаттың хатшысы Анар Даржанова, сондай-ақ қала әкімінің орынбасарлары мен депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік мекеме басшылары қатысты.

Жиында әуелі қалаға қарасты Алматы және Астана аудандарының әкімдері — Әміржан Оразғалиев пен Дариға Исмағамбетовалар есепті мерзім ішінде атқарылған жұмыстар, биылғы міндеттер жайында баяндады. Содан соң қала әкімі Асхат Шахаровтың есепті баяндамасы тыңдалды. Ол өз сөзінде 2020 жыл бүкіләлемдік қауымдастық үшін күрделі  сынақ жылы болғанын, елімізде пандемияға байланысты төтенше жағдай жарияланғанын, сын сағатта қала тұрғындары бір-біріне қолдау көрсетіп, береке-бірлікті сақтағанын ерекше атап өтті.

Мемлекетіміз басты құндылық — адам өмірі мен денсаулығы екенін дәлелдеді. Қиын күндері індетпен күрескен еріктілердің, медицина мамандары мен полицейлердің, әскери қызметшілердің, кәсіпкерлер мен қарапайым қала тұрғындарының еңбегін ерекше атап өту керек. Олар ешқандай мақтау, марапаттау күтпестен, адам өмірін сақтап қалуға бар күш-жігерлерін салды. Волонтерлер күндіз-түні дамыл таппай, ауруханаларға оттегі баллондарын, дәрі-дәрмек тасыды. Қиын жағдайда қалған жандарға азық-түлік жеткізіп, қайырымдылық көрсетті. Біз мейірімді, қарапайым, адамгершілігі мол ақтөбеліктердің арқасында қиындықты бірге еңсердік, — деді Асхат Шахаров.

Шаһар басшысы төтенше жағдай кезіндегі шектеу шаралары қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай кері әсерін тигізбегенін айтады. «Мұны бюджеттен байқауға болады. Біздің індет кезіндегі қиын күндерді еңсере  алғандығымызға экономикалық өсім, бюджеттен бөлінетін қаражат пен салықтың өсуі дәлел. Былтыр қалалық бюджеттің кіріс бөлігі 107,6 пайызға орындалды және 109,3 миллиард теңгені құрады. Карантин және салықтық жеңілдіктерге байланысты салықтық түсімдердің төмендеуі болжанған болатын. Бірақ біз іс жүзінде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсімін негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерден және  жалақыны өсіруді қамтамасыз еттік», — деді қала әкімі.

Елімізде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау және халықты жұмыспен қамту мақсатында Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар әзірлегені белгілі. Осы мақсатта мәжбүрлі демалыстағы қызметкерлерге 42,5 мың теңгеден төленді. Бұл орайда Ақтөбе қаласы бойынша 94,5 мың адамға азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін қаржылай қолдау жасалса, 19,4 мың адамға 20 мың теңгеден төленген.  Сонымен қатар 15,8 мың тұрғынның коммуналдық шығындары өтелген.

Қала әкімі өзінің есепті баяндамасында өткен жылы әр салада атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды.

Белгіл болғандай, былтыр қала бойынша 3934 отбасы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алған. Жаңа өндірістердің ашылуы мен жұмыс жасап тұрған  кәсіпорындардың кеңеюі, сондай-ақ қалада шағын және орта бизнесті дамытудың нәтижесінде өткен жылы 11 972 жаңа жұмыс орны ашылған.

Асхат Шахаровтың айтуынша, биыл жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің санын кемі 2 мың бірлікке ұлғайту жоспарда бар. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде 3 млрд теңгеден астам қаражатқа 15 жобаны қаржыландыру жоспарланған. Сол сияқты ол биыл қалада «Рамазан» ЖШС  2,6 мың сауда орнына көтерме-тарату орталығының  құрылысын бастауды жоспарлап отырғанын атап өтті. Жоба құны — 12 млрд теңге. Егер бұл жоба іске асырылса, 5 мың жұмыс орны ашылатын болады.

Есепті кездесуде мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан нақты сауалдар жолданбағанымен, қаланы көркейтуге, көгалдандыруға, автомобиль жолдары мен тротуарларға, қоғамдық көліктердің жұмысын оңтайландыруға қатысты ұсыныс-пікірлер айтылды. Жиналғандар есепті кезең ішінде атқарған әкімдер жұмысына бірауыздан оң бағасын берді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button