Жаңалықтар

Мұнай компанияларындағы еңбек дауы шешілді. Жұмыс қалыпты жағдайда жалғасуда

Брифинг

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық еңбек инспекциясының басшысы Саламат Аманбаев пен облыстық кәсіподақтар орталығының басшысы Алтынбек Әмірғалиев жергілікті мұнай компанияларында еңбек ететін жұмысшылардың ереуіліне қатысты брифинг өткізді. Атап айтсақ, спикерлер «АМКМұнай» ЖШС және «КМК Мұнай» АҚ ұжымдарындағы қазіргі жағдай туралы айтып берді.

— 29 қаңтарда Темір ауданындағы «АМК-Мұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 80 жұмысшы жұмысын тоқтатып, еңбекақыны жүз пайызға көтеру жөнінде талап қойған болатын. Олардың орташа жалақысы 77 мың теңге еді. Осыған байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, қажетті жұмыстар жасалды.

Тиісті келіссөздерден соң әр жұмысшының ақпан-сәуір айларындағы жалақысына 40 мың теңгедей қосылды. Сондай-ақ наурыз мерекесіне байланысты компания басшылығы жұмысшыларға жалақыларының 50 пайызын сыйақы ретінде беретінін хабарлады. Енді үш айдан соң қайтадан келісімшарт жасалып, бұл мәселе кезекті рет пысықталатын болады. Жалпы алғанда, мәселе оң шешілді. Компанияда жұмыс қалыпты режимде жалғасып жатыр.

«КМК Мұнай» акционерлік қоғамындағы жағдай бойынша айтар болсақ, басшылық пен жұмысшылар арасындағы дау жалақыны 20 пайызға дейін өсіру мен тарифтік разрядтарды көтеру туралы келісіммен аяқталды. Мұнда да еңбек дауы оңтайлы шешілді, — деді Саламат Аманбаев.

Ал өз сөзіндеоблыстық кәсіподақтар орталығының 131 мыңнан астам мүшесі барын айтқан Алтынбек Әмірғалиев:

Барлық көтерілген мәселелер тараптардың өзара келісімімен шешілді. Жұмысшылар арасынан келісім комиссиясы құрылды және компания басшылығы оны талқылай отырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі нәтижесінде жұмысшылардың көтерген мәселелері шешімін тапты. Компаниялардың басшылығымен және кәсіподақ төрағасымен кездесу ұйымдастырылып, жұмысшылардың алдында уақтылы есеп беру керектігі жөнінде ескерту берілді, — деді ол.

Айта кетейік, өңірде мұнай саласында 7 мыңнан астам адам қызмет етеді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button