Жаңалықтар

Жансақтау бөлімінде 6 науқас ем қабылдап жатыр

Брифинг

1 ақпан күнгі дерек бойынша біздің облыста жалпы короновирусқа шалдыққан 3955 жағдай тіркелген. Үй карантиніне 361 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізіліп жатыр.

Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров айтты.

Соңғы дерек бойынша облыста індет жұқтырғандардың жалпы саны — 3955. Олардың 15,4 пайызы науқас адамдармен байланыста болған, ал 3,5 пайызы сырттан келген. Тіркелгендердің 26,7 пайызы профилактикалық зерттеу барысында анықталған.

31 қаңтар күні коронавирус инфекциясына шалдыққан 5 науқас тіркелді. Оның 4-еуі — Ақтөбе қаласында, 1-еуі Мұғалжар ауданында анықталған. Соңғы 5 күн аралығында, яғни 27- 31 қаңтарда індеттің көбеюінің орташа көрсеткіші — 0,94 пайыз. Аурушаңдық деңгейі — 5,77 пайыз. Тәуліктік өсу қарқыны — 0,1 пайыз, — деді Мұхтар Сербаев.

Оның айтуынша, тәулік ішінде вирусты пневмонияның 2 жағдайы тіркелген. Желтоқсан айында 160 адамнан вирусты пневмония анықталған.  Қаңтар айында 122 жағдай тіркеліпті. Ресеймен шектесетін Мәртөк ауданындағы «Жайсаң» және Қарғалы ауданындағы «Әлімбет» шекара бекеттеріндегі санитарлық-карантиндік пункттерде барлығы 638 адам тексерілген. Індетке шалдықпағандығы туралы анықтамасы жоқ 38 адам госпитальге жатқызылыпты. Осы бекеттер арқылы өткен 48 адамнан індет анықталған.

Өткен жылдың қыркүйегінен бастап бүгінге дейін 737 індет тіркелді. Оның 100-і 18 жасқа толмағандардың арасында анықталды. 45-і оқушылар арасында тіркелді. Интернатта оқитындардың арасында індет  тіркелген жоқ, — деді М.Сербаев.

Қазір 361  адам үй карантиніне алынған.

Облыс бойынша мониторингтік топтардың жұмысы жалғасып жатыр. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес, 183 миллион теңгеден астам 1344 айыппұл салыныпты.

Мұхтар Сербаевтың айтуынша, жалпы біздің облыс эпидемиологиялық ахуалды бағалау көрсеткіші бойынша «жасыл аймақта» тұрғанмен, жағдай өте күрделі. Сол себепті тәртіп қатаң сақталуы керек.

Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, қазір 134 науқас ем қабылдап жатыр. Оның 42-сі инфекциялық стоционарда емделуде. Қазір облыс ауруханаларында 50 науқас пневмониядан емделіп жатыр. 36 науқас — Ақтөбе қаласында, қалғандары — аудандарда (Алғада — 4, Қарғалыда — 2, Мұғалжарда — 4, Темірде — 1  Қобдада — 3) ем қабылдауда. Жансақтау бөлімінде 6 науқас емделіп жатыр.

Карантиндік стационар бойынша 34 науқас бақылауда тұр. ПТР зерттеу бойынша 286 мыңнан астам зерттеу жүргізілген.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button