Әкімдер есебі

Биыл 3 ауылға ауызсу, 4 ауылға газ құбыры жеткізіледі

Сенбі күні Ырғыз ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев ауданның 2020 жылғы  әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2021 жылға арналған міндеттері туралы тұрғындар алдында есеп берді.

Тұрғындар арасында коронавирус инфекциясы таралуының алдын алуға арналған Қазақстан Республикасы Бас санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 25 желтоқсандағы №68 қаулысын орындау мақсатында әкім есебі онлайн режимде аудан əкімдігінің @irgizakimat инстаграм парақшасында өткізілді.

Тікелей эфир барысында аудан әкімі өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Оның айтуынша, өткен жылы аудан бойынша жалпы мөлшері 844 млн теңгенің өнімі өндірілген. Өсім — 102%. Негізгі капиталға инвестиция тарту көлемі — 4 млрд 464,9 млн теңге. Оның ішінде республикалық бюджеттен 1 545,3 млн теңге, жергілікті бюджеттен 558 млн теңге, жеке көздерден 232,8 млн теңге қарастырылған. Ал ауыл шаруашылығы саласында 16136,7 млн теңгенің өнімі өндіріліп, 2019 жылға қарағанда 5,4 пайыз өсімге қол жеткізілген.

Бүгінгі күні ауданда кәсіпкерлік саласы бойынша тіркелген шағын және орта бизнес нысандарының саны — 789. 2020 жылы аудан бойынша бөлшек сауданың көлемі 1 400 миллион теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 5 пайыз артып отыр. Бұған жол бойында қызмет көрсететін жанар-жағармай құю бекетінің пайдалануға берілуі себеп болды. Сондай-ақ былтыр ауданда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жалпы құны 79,2 миллион теңгеге 4 жоба, ал «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша 53,6 миллион теңгеге 4 жоба жүзеге асырылды, — деді Ә.Әуелбаев.

Аудан әкімі бүгінгі күні тұрғындарды ауызсумен қамтуда аудандағы 18 елді мекеннің 13-і  орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылғанын, өткен жылы Жарма ауылына «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында ауызсу құбыры тартылғанын атап өтті. Биыл Шеңбертал, Жаныс би, Қарақұдық ауылдарын ауызсумен қамту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ өткен жылы Жаныс би елді мекеніне газ тарату стансасы іске қосылған. Биылғы жылы Ақши, Құрылыс, Шеңбертал ауылдарына газ тартылады.

— «Ауыл — ел бесігі» жобасы шеңберінде өткен жылы республикалық бюджеттен 149 миллион 694 мың теңгеге жалпы ұзындығы 4,6 шақырым ауылішілік Жамбыл, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы көшелеріне асфальттау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жалпы мөлшері 267 миллион теңгеге Мұхаметжан Қарабаев, Тел Жаманмұрынов, Тәуелсіздікке 20 жыл, Қабырға және Темірбек Жүргенов көшелеріне тас төселді. Аталған бағдарлама бойынша ауданда  жалпы құны 818 миллион теңгеге 8 жоба жоспарланып, оның жетеуі жүзеге асырылды. Бір жоба биыл аяқталады, — деді Ә.Әуелбаев.

Өз есебінде аудан әкімі биылғы жылы жүзеге асырылатын жобаларға да тоқталып өтті. Атап айтсақ, биыл Ырғыз ауылында қуаттылығы жылына 70 тонналық жылыжай салынып, аудан орталығындағы Ұ.Құлымбетов көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ Жарма ауылында 60 орындық мектептің құрылысы басталып, Құтикөл ауылына жеткізуші және ауылішілік газ құбыры жүргізіледі.

Биыл «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша ауданда 51 әлеуметтік жұмыс орны ашылып, 94 адам жастар іс-тәжірибесінен өтеді. 52 бизнес-идеяны іске асыруға гранттар бөлініп, 76 шағын несие беріледі, — деді аудан әкімі.

Өз сөзінде Әділкерей Әуелбаев қазіргі таңда ауданда коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында сақтық шаралары қатаң сақталып, қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Оның айтуынша, бүгінгі күні ауданда екінші деңгейлі 45 төсек-орындық инфекциялық стационар жұмыс жасап жатыр. Стационарға ауруханадан 9 дәрігер, 11 мейірбике, 10 кіші қызметкер бұйрық бойынша бекітілген. Ал орталық ауруханада дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Ауданда 2 дәріхана жұмыс істейді («Желдорформация» ЖШС, «М.Есімбаев» жеке кәсіпкерлігі). Сондай-ақ аудан бойынша 2 мониторингтік топ, полиция қызметкерлері санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуы бойынша тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Есеп беру кездесуі соңында аудан әкімі әлеуметтік желілер арқылы тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауап берді.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button