Әкімдер есебі

Тұрғындар сауалы: жарық, жол және көлік қатынасы

Кеше «Геолог» мәдениет үйінде Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров Алматы ауданының тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді.

Жиында қала әкімі өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен биылғы жылға қойылған міндеттер жайлы баяндады.

Оның айтуынша, өткен жылы Ақшат және Өлке елді мекендерін ауызсумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп, Жаңақоныс-2 тұрғын үй алабына инженерлік желілер тартылған. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 127 шақырым болатын 97 көшенің жолына жөндеу жүргізілген. Биылғы жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары, құрылыс саласын дамыту және қаланы абаттандыру бойынша жұмыстар жалғасатын болады. Жалпы, 2020 жылы қаланың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өсу қарқыны сақталған.

Биылғы жылы қаламызда жүзеге асырылатын жобалар көп. Мәселен, бюджет есебінен 9 қабатты тұрғын үй мен 994 пәтерлі 6 аз қабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтау, сондай-ақ 424 пәтерлі 9 қабатты екі үйдің құрылысын бастау жоспарлануда. Сондай-ақ ағымдағы жылы «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабының №3 және №4 шағын аудандарында 9 қабатты 10 кірпіш үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленетін болады. Адамдардың өміріне қауіп төндіретін және өрт қауіпті болып табылатын 22 апатты үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіледі.

Қазіргі таңда тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алу кезегінде 144,8 мыңнан астам қала тұрғыны тұр. Ал тұрғын үй кезегінде Ақтөбе қаласы бойынша 24 мың адам бар. Тұрғын үй проблемаларын шешу үшін алдағы уақытта жүйелі жұмыстар жүргізіледі, — деді А.Шахаров.

Қала әкімі өз баяндамасында өткен жылы ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық, мәдениет, спорт, т.б. салаларда атқарылған жұмыстарға да тоқталып, биылғы жылға қойылған міндеттерді айтып берді.

Кездесу соңында тұрғындар қала әкіміне сауалдарын қойды. Заречный-2 ауылының тұрғыны Қарлығаш Серікқалиева өзі тұратын елді мекенде балаларға арналған ойын алаңы жоқ екенін, көп жылдан бері көше жолдары жөнделмегенін жеткізсе, «Сая» тұрғын үй алабының тұрғындары атынан сөз сөйлеген ақсақал бұл ауданда қыс айларында жел, боран болса, жарық жиі сөніп қалатынын айтты. Сондай-ақ ол қала әкімінен қоғамдық көлік мәселесін шешіп беруді сұрады.

Биыл Заречный-2,3 елді мекендеріндегі бірқатар көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Ал елді мекендерде балалар ойын алаңын салу алдағы уақытта қолға алынбақ. Сондай-ақ биылғы жылы қаламыздағы бірқатар тұрғын үй алаптарына электр желілерін жүргізу бойынша жұмыстар жалғасады. Біз Алматы ауданы әкімдігімен бірге «Сая» тұрғын үй алабына электр желілерін жүргізу бойынша жұмыстарды қолға алатын боламыз. Қоғамдық көлік мәселесі де шешіледі, — деді қала әкімі А.Шахаров.

Жиында, сондай-ақ Рауан елді мекенінің тұрғыны ауыл маңында қаңғыбас иттердің көбейгенін, сол үшін балалардың қауіпсіздігіне алаңдайтынын жеткізсе, ауыл ақсақалдары қалаға қатынайтын қоғамдық көліктер әр сағат сайын жүргізілсе деген ұсыныстарын айтты.

Тұрғындардың сауалдарына жан-жақты жауап берген қала әкімі алдағы уақытта аталған мәселелердің шешілуіне ықпал ететінін жеткізді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button