Экономика

Қаңтар: қарбалас шаруалардың бастауы 

Жыл басы Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттары депутаттары сайлауына қызу әзірлік, оны өткізу жұмыстарымен есте қалды.

Қаңтардағы қалың қар ел тіршілігіне елеулі қиыншылықтар тудыра қойған жоқ. Жол бойлары мезгілінде тазартылып, жолаушылар қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.

Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты деп бағаланып, сақтық шаралары барынша жан-жақты жүргізілді.

Аудандарда, облыс орталығында әкімдер халық алдындағы есептерін берді. Ең негізгі мәселе ретінде көгілдір газдың қажеттігі, ауызсудың проблемасы, жол жайы, т.б. айтылды.

Айға тән ерекшелік — өткен жылдың қорытындысын шығарып, алғы міндеттерді айқындау болды.

Ауыл шаруасы қолдау табады

Ауыл шаруашылығында былтыр 324,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, саладағы өсім ілгері жылмен салыстырғанда 6,7% пайызды құрады.

Мемлекеттік қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен 19,1 миллиард теңге субсидия бөлінді. Оның 4,4 миллиард теңгесі  мал азығын субсидиялауға жергілікті бюджеттен төленді.

Мемлекеттік бағдарламалар бойынша 13443 ірі қара, 23217 қой-ешкі сатып алынды. 447,8 мың гектар алқаптан 513,8 мың тонна дәнді дақыл, 45,9 мың гектар алқаптан 35,4 мың тонна майлы дақыл алынды.

Егіс салуға биыл да айрықша көңіл бөлінбекші. Техника сатып алуға субсидия мөлшері жылдағыдан ұлғайтылды. Бүгінгі күні облыс бойынша 40 мың тонна тұқым әзірленіп, шаруа қожалықтарына таратылуда. Сондай-ақ суармалы жерлердің мүмкіндігін де кеңінен пайдалану ойластырылуда.   

Мұнайшылар талабы орындалды

Темір ауданындағы «КМК Мұнай» компаниясының жұмысшылары жұмыс берушіге талаптар қойып, 25 қаңтардан өз жұмыстарын тоқтатқан еді. Кейін бұл топқа «АМК-Мұнай» компаниясы жұмысшылары да қосылды.

Көтерілген мәселелердің шешімін табу мақсатында облыс әкімінің пәрменімен облыстық комиссия құрылды. Соның нәтижесінде мұнайшылардың бірқатар талаптары орындалды. Мәселен, «АМК Мұнай» ЖШС-да әр жұмысшының ақпан-сәуірдегі айлығына 40 мың теңгеден қосылады, Наурыз мерекесіне жалақының 50 пайызы мөлшерінде сыйақы беріледі.

«КМК Мұнай» компаниясында да мәселелер оң шешілгені айтылды.

Қазіргі уақытта «КМК Мұнай» және «АМК Мұнай» жұмысшыларының ереуілді тоқтатқаны хабарланды.

Жол жақсарады

«Ақтөбе-Атырау» тасжолының, әсіресе, оның Ақтөбеден Қандыағашқа дейінгі бөлігінің сын көтермейтіндігі жолаушылардың ұдайы наразылығын тудырып келе жатқаны мәлім.

Биылғы жылы осы бағытта ауқымды жұмыстар қолға алынбақшы.

Ең бастысы, Ақтөбе-Қандыағаш бағыты бойынша жол жөндеу жұмыстарына конкурс рәсімдері ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталғаны ресми түрде айтылды. Екі учаске бойынша компаниялармен келісімшарт жасалып, бірінші учаске жобасына — 39,8 миллиард теңге, екіншісіне 22,8 миллиард теңге бөлінді.

Енді сәуір айында құрылыс жұмыстары басталып кетпекші. Жоба жұмыстарына барлығы бір мыңға жуық адам тартылады деп белгіленіп отыр.

Жастар белсенділігі күтіледі

Облыста 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың саны — 178 712. Олардың күш-жігерін пайдаланумен бірге, өнімді еңбек етуіне жағдай жасау да маңызды. Былтыр облыстық жастар ресурстық орталығының көмегімен 700-ден астам жас жұмысқа орналасты.

Біріккен Ұлттар Ұйымының «Даму» бағдарламасы бойынша Шалқар, Мұғалжар, Темір аудандарының бірқатар жастары өз кәсіптерін ашты.

Облыста республикада бірінші болып өңір жастарының электронды базасы құрылды. «Жастар» базасында жастардың проблемалық мәселелері анықталып, ауыл жастарын әлеуметтендіру мақсатында жастар ахуалының мониторингі зерттеледі.

Облыстық жастар ресурстық орталығы биыл негізгі басымдықты ауыл жастарына бөлмекші. Бұл ретте кәсіптік бағдарлау, жұмыссыздық деңгейін азайту, жас отбасыларға көмек сынды міндеттер жобаланып отыр.

Жастарға арналған «Tur de Auyl-2021» жобасы аясында қала жастары мен ауыл жастары арасында әлеуметтік көпір қалыптастырылмақшы.

Медициналық сақтандыру қоры жұмысы жүйеленуде

 «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстық филиалы биылғы жылға 63 медицина ұйымымен 57,5 миллиард теңгенің келісіміне қол қойды.  

Бұл қаржы кепілдендірілген тегін медициналық көмек аумағындағы қызметтерге жұмсалады. Аталған 63 медициналық ұйымның жартысына жуығы — жекеменшік емханалар.

Негізінде облыс тұрғындарының 81,88 пайызы медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған.

Кейінгі үш жылдан аса  уақыт ішінде Ақтөбе облысынан қорға түскен қаржының мөлшері  22,9 миллиард теңге деп есептеліп отыр. Оның басым бөлігі жұмыс берушілердің аударымын құрайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 118,6 миллион теңге бірыңғай жиынтық төлем төлеген.

Едіге — Елорда төрінде

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада ақтөбеліктердің бастамасымен «Ер Едіге» — Ноғайлы дәуірінің жыры» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

Онда аталған туындының музыкалық альбомын таныстыру, сондай-ақ «Едіге батыр» эпосының ұлттық фольклордағы, руханиятымыздағы алар орнын айғақтау күн тәртібіне қойылды.

Жинақ 10 дыбыстық жазба дискіден құрастырылған. Ол арқылы өнерсүйер қауым қырықтан астам жыршының аузынан жалпы көлемі алпыс сағаттық жырды тыңдай алады.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына лайықталып, сондай-ақ Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Едіге батыр» эпосын насихаттау ісі Ақтөбе өңірінде біраз уақыттан бері жүйелі жүргізіліп келе жатқаны айтылды.

* * *

Ақпан айында да атқарылар шаруалар аз емес. Әкімдердің есеп беруі аяқталып, алдағы межелер белгілену үстінде. Енді күн өткізбей, халыққа берген уәделерді орындауға кірісу — басты парыз.

Ең бастысы, елдің амандығы, халықтың денсаулығы.  

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button