Басты жаңалықтарДенсаулық

Ақтөбелік дәрігерлер екпе салдыра бастады

Бірнеше ақтөбелік медицина қызметкері алғаш болып коронавирусқа қарсы екпе салдырды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев та әріптестерімен бірге №3 қалалық емханаға барып, екпе салдырды. Бұл күн —елімізде әлемді әбігерге салған коронавирус дертіне қарсы иммунитет қалыптастыратын екпе салдырудың алғашқы күні. Өте маңызды күн.

Басқарма басшысы Рүстем Исаев алдымен дәрігердің қабылдауында болып, жалпы денсаулығы жағдайын тексергеннен кейін екпе салдыратын бөлмеге өтті. Екпе салдырып алғаннан кейін мойнына «КВИ-ге қарсы екпе жүргізілді. 30 минут бойы дәрігердің бақылауында болады» деген жазуы бар бейдж тағып шықты да, журналистерге сұхбат берді:

—  Жағдайым жақсы, еш қобалжығаным жоқ. Кез келген қауіпті вирустан тек соған қарсы екпе салдыру арқылы құтылуға болады. Екпе салдырмаса, вирустың таралуын тоқтату қиын. Сондықтан тұрғындарға үлгі болайын деп алдымен екпе салдыруға өзім келдім. Екпе салдыру иммунитетті қалыптастыруға септігін тигізеді. Былтыр коронавирус, өкпе қабынуынан көп адам көз жұмды. Қазір де ауыр халде жатқандар бар. Сондықтан екпе алып, иммунитетті көтеру керек. Тіпті екпе алғаннан кейін де ауру жұқтырғандай жағдай болса, ол жеңіл түрде өтеді, себебі иммунитет бар. Сондықтан екпе салдырудан қорқудың қажеті жоқ, — деді ол.

Рүстем Исаевтың айтуынша, кеше облысқа 1000 дана екпе әкелінген.

— Жексенбі күні 41-разъездегі «СК Фармация» компаниясына әкелінді. Сол жерде тексеріп, облыстық балалар ауруханасындағы орталықтандырылған қоймаға алып барып, қаламыздағы 8 емханаға таратып бердік. Бүгінде Ақтөбеде қауіпті аймақта 960 медицина қызметкері жұмыс істейді. Олар — жедел жәрдем, мобильді бригадалардағы медицина қызметкерлері мен учаскелік медицина қызметкерлері. Әкелінген мың доза екпе алдымен осы қауіпті аймақта жүрген әріптестерімізге салынады, — деді ол.

Ақтөбеге Ресейден шыққан екі компонентті «Спутник V» екпесі әкелінді. Кеше медицина қызметкерлері екпенің 0,5 миллилитр болатын бірінші компонентін алды. Тура 21 күннен кейін, яғни 22 ақпанда екпенің екінші компонентін алатын болады.

— Ақпан айының 20-ларында Ресейден екпенің екінші партиясы әкелінеді. 26-сынан бастап Қарағанды фармацевтикалық кешенінде жасалған «Спутник V» ресейлік екпені аламыз. Ал наурыздан бастап Алматыда жасалған отандық екпені ала бастаймыз. Жалпы алғанда, облысқа тұрғындар санына байланысты 150 мың доза екпе аламыз. Негізі екпені 18-60 жастағы адамдар салдырады. Дегенмен алдағы уақытта 60-тан асқандар да бұл екпені алуы керек, себебі үлкен кісілердің қауіпті вирусты көп жұқтырғанын білеміз.  Биыл жалпы еліміз бойынша 6 миллиондай тұрғын екпе алуы керек, — деді Р.Исаев.

Созылмалы аурулары бар, соның ішінде жүрек, гипертониялық, онкологиялық аурулары бар, қант диабеті, аллергиясы бар адамдар екпе салдырмайды. Коронавируспен ауырғаннан кейін тек жарты жылдан кейін ғана екпе алуға болады. Қандай да бір аурумен ауырып жүргендер де екпе салдырмайды, тек жазылғаннан кейін екі аптадан кейін ғана салдыруға болады.

—  Екпе салдырғаннан кейін сол ине салған жердің қызаруы, бас ауруы, температура көтерілуі, тамақтың қышуы, бұлшықеттің әлсіреуі секілді белгілер болуы мүмкін. Дегенмен оны тек қана коронавирусқа қарсы екпенің салдары деуге болмайды. Кез келген екпеден кейін, кезкелген препарат қабылдаудан кейін де дәл осындай белгілер байқалуы мүмкін. Кішкентай балаларда екпе алғаннан кейін температура көтерілетіні бар ғой, бұл да сондай жағдай, — дейді №3 қалалық емхананың бас дәрігері  Жәнібек Нұрмұхамедов.  Оның айтуынша, қазір осы емханада 500 адам жұмыс істейді екен, оның 300-і — медицина қызметкерлері.

— Әзірге жедел жәрдемде, мобильді бригадада, сүзгіде, учаскелік қызметте істейтін қауіпті аймақтағы медицина қызметкерлері екпе алады. Бүгін емханамызда шамамен 40 адам екпе салдырады. Медицина қызметкерлерінің арасында жүкті, бала емізіп жүргендер мен аллергиялық, созылмалы аурулары бар әріптестерімізді анықтадық. Олар екпе салдырмайды. Жалпы алғанда біздің емханаға 100 доза екпе әкелінді. Мен алғашқы бес адамның бірі болып екпе салдырдым. Жағдайым жақсы, — дейді №3 қалалық емхананың статистика кабинетінің меңгерушісі Ләззат Бисенова.

Коронавируспен ауырып кеткен медицина қызметкерлері де әзірге екпе салдырмайды. Себебі олардың денесінде антидене бар. Сондықтан алдымен қауіпті аймақта жүргендер, кейін коронавируспен ауырмағандар екпе салдырады.

Рүстем Исаев екпе салдырып алғаннан кейін мойнына: «КВИ-ге қарсы екпе жүргізілді. 30 минут бойы дәрігердің бақылауында болады» деген жазуы бар бейдж тағып шықты деп айттық жоғарыда. Журналистер басқарма басшысынан шамамен жарты сағат сұхбат алды. Яғни дәрігердің бақылауында болуы тиіс жарты сағат өтті деген сөз.

— Жағдайым жақсы. Ешқандай бас ауруы, басқалай белгілер байқалған жоқ, — деді ол. Одан соң басқарма басшысы тағы да дәрігерге қаралып, қан қысымын өлшетіп, дәрігерге жалпы жағдайы туралы айтты.

Ақтөбеде екпе салдыратын 25 кабинет жасақталған. Басқарма басшысының айтуынша, алғашқы партиямен келген мың доза екпе 2-3 күнде толықтай медицина қызметкерлеріне салынып болады.

— Екпе салу тегін жүргізіледі. Екпе алу туралы ақпарат электронды түрде базаға енгізілетін болады. Оны жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы тексеруге болады. Жалпы, елімізде эпидемиологиялық жағдай әлі де болса күрделі. Алты облыс — қызыл аймақта, біздің өңір — жасыл аймақта. Бірақ бұл еркінсуге болады деген сөз емес, барынша сақтануымыз керек, — деді Рүстем Исаев.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button