Жаңалықтар

Саламат АМАНБАЕВ: Мәселе жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында ғана шешіледі

Кеше облыстық еңбек инспекциясының басшысы Саламат Аманбаев «КМК Мұнай» акционерлік қоғамындағы жағдайға байланысты түсінік берді.

Өздеріңізге мәлім, биыл 25 қаңтардан бастап Темір ауданындағы «КМК Мұнай» компаниясының жұмысшылары жұмыстарын тоқтатып, жұмыс берушіге біраз талаптар қойды. Бес күннен бері жұмыс тоқтап тұр. Жұмысшылар жұмыс берушінің алдына төрт талап қойған.  Олардың ең бірінші талабы — жалақыны 100 пайызға көтеру. Сондай-ақ жатақхана мен тамақ мәселесі, аттестация кезінде жұмысшыларға қысым көрсетілмеуін талап етеді.  Сондай-ақ жұмысшылардың тағы бір талабы — компанияның Кәсіподақ комитеті басшылығы 2020 жылдың есебін беруді сұрайды. Осы мәселеге байланысты 25 қаңтардан бастап облыс әкімінің тікелей тапсырмасына сәйкес комиссия құрылды. Комиссияға облыс әкімінің орынбасары Сәлімгерей Бекбергенов басшылық етеді. Сонымен қатар комиссия құрамына аудан әкімі, аудан прокуроры, еңбек инспекциясы, басқа да мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері кірді. Қазіргі күні осы мәселені қадағалап отырмыз. Комиссия мүшелері жұмысшылармен кездесіп, пікірлерін тыңдадық, олардың қандай ұсыныстары бары екенін білдік. Осыған байланысты комиссия бұл мәселені жан-жақты талқылап, жұмыс берушімен бірге проблеманың шешілу жағын қарастырды, — деді С.Аманбаев.

Оның айтуынша, өткен жылы бұл мекеме жұмысшылар үшін жалақыны 33 пайызға көтерген. Қазіргі таңда «КМК Мұнай» АҚ-да 290 адам жұмыс жасайды. Мекеме қызметкерлерінің орташа жалақысы — 213 мың теңге, ал жұмысшылардікі — 162 мың теңге.

— Жоғарыда айтып өткеніміздей, бес күннен бері бұл мекемеде жұмыс тоқтап тұр. Дегенмен жұмыс тоқтап қалған жоқ, аталған мекеменің техникалық қызметкерлері жұмысты жалғастырып жатыр. Егер еңбек қатынастары бойынша дау көтерілсе, ол жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы мәселе ретінде саналады. Сондықтан мұндай мәселеге жергілікті атқарушы органдар болмаса мәслихаттардың, мемлекеттік мекемелердің кірісуіне тыйым салынған. Бұл жерде мәселе тек жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында заң аясында шешілуі керек. Бұл компанияда ұжымдық шарт бар. Ұжымдық шартта жыл сайын индексацияға байланысты мәселелер де жазылған. Егер жалақы көтерілген уақытта, оларға индексация да қосылып тұрады. Осы күнге дейін екі бригада, яғни оның бірі жұмыста болатын, екіншісі демалыстағы жұмысшылар да вахталық поселкеде жүр. Жұмыс беруші оларды үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіп жатыр. Жұмыстағы бригада жатақханамен қамтылған. Ал қалғандарын кешкілік жақын ауылға автобуспен жеткізіп салу жағы да қарастырылған. Сондықтан жұмыс беруші осы мәселенің оңтайлы шешілу жағын өздері қарап, жалақыны 20 пайызға көтеруге рұқсат алдық деп, жұмысшылары алдында ұсыныс білдіріп, мәселені түсіндірген. Сондай-ақ олар разрядтық ставканы көтеру жағын да жан-жақты ойластырған. Сөйтіп, аталған компанияның бас кеңсесінен есепшілерге дейін барып, жұмысшыларға жалақыларын 20 пайызға көтергенде әрі разрядтық ставканы өсіргенде, қолдарына қанша тиетіндерін олардың әрқайсысына жеке-жеке түсіндіріп, есептеп берген. Алайда жұмысшылар жұмыс берушінің бұл ұсынысын қабылдамай, жалақыны 100 пайызға көтеруді талап етіп отыр, — деді облыстық еңбек инспекциясының басшысы Саламат Аманбаев.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button