Басты жаңалықтарЖастар

Биыл көңіл бөлінетін бағыт — ауыл жастары

БҮГІНГІ ТАҢДА ОБЛЫСТАҒЫ ЖҰМЫССЫЗ ЖАСТАРДЫҢ ҮЛЕСІ — 3,2 ПАЙЫЗ. ӨҢІРДЕ 14 ПЕН 29 ЖАС АРАЛЫҒЫНДАҒЫ ЖАСТАРДЫҢ САНЫ 178 712 ЕКЕНІН ЕСКЕРСЕК, БҰЛ КӨРСЕТКІШ АЙТАРЛЫҚТАЙ КӨП ТЕ ЕМЕС. АТАЛҒАН МӘСЕЛЕНІ ШЕШУ ҮШІН ӨҢІРДЕ БІРҚАТАР ЖОБАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНЫП, БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕЛЕРІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛЫП ТҰРАДЫ. МӘСЕЛЕН, ТЕК ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ ӨЗІНДЕ ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ КӨМЕГІМЕН 700-ДЕН АСТАМ ЖАС ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСҚАН.

Ал бұдан өзге өз кәсібін бастап, мемлекеттік бағдарлама игілігін көріп отырған жастар қаншама. Сонымен қатар Шалқар, Мұғалжар, Темір аудандарында Біріккен Ұлттар Ұйымының «Даму» бағдарламасы арқылы бірқатар жастар өз кәсібін ашып, екі қолына бір күрек тапқан. Жыл басында өңір жастарының бастамаларын қолдап, оларға кез келген бағытта ақпараттық-әдістемелік көмек көрсетіп жүрген жастар ресурстық орталығының өткен жылы атқарған тың жұмыстарымен танысып, биылғы жоспарларын білдік. Біз қойған сауалдарға облыстың жастарға жауапты орталығының басшысы Гүлнар Қабиева жауап берді.

Жастардың өз үйі бар

Ресурстық жастар орталығы құрылған уақыттан бастап облыста өңір жастарының электронды базасы құрылыпты. Осы ретте бұл базаның республика бойынша алғаш рет Ақтөбеде құрылғанын да айта кеткен жөн. «Жастар» базасы жылына екі рет жаңартылып отырады екен. Мұнда 14 пен 29 жас аралығындағы барлық санаттағы жастардың проблемалық мәселелерін анықтауға мүмкіндік барын айтады орталық басшысы. — Жастар арасындағы өзекті әлеуметтік проблемаларды анықтау және ауыл жастарын әлеуметтендіру мақсатында жастар ахуалының мониторингі зерделенеді. Мекенжай жұмыстары барысында анықталған мұқтаж жастарға қолдау және көмек көрсетіледі. Мекенжай жұмыстары барысында жастар ресурстық орталықтарының күшімен жыл басынан бері NEET санатына жататын 303 жас анықталды. Қазіргі уақытта NEET санатына жататын жастардың егжей-тегжейлі ахуалын анықтау мақсатында жұмыстар жүргізілуде, — дейді Гүлнар Қабиева. Былтыр орталыққа 3 мыңға жуық жас түрлі мәселелермен жүгінген. Жастардың негізгі проблемалары бүгінгі таңда қоғамның басты проблемасына айналған — жұмыссыздық пен баспана мәселесі. Сұхбат барысында Гүлнар Қабиева өткен жылдың ең елеулі оқиғаларының біріне тоқталды. — 2020 жыл облыс жастары үшін есте қалар жыл болды. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен қыркүйек айында Жастар үйі берілді. Бұған дейін Халық шығармашылығы үйі болған ғимарат қазір облыс жастарының баспанасына айналды. Екі қабатты ғимаратта концерт залынан бөлек, шағын кеңестер өткізуге арналған мәжіліс залы да бар. Алдағы уақытта ғимарат ішін жабдықтасақ, өңір жастарының бас қосатын алаңына айналары сөзсіз. Біз осы жердің жастардың өз идеяларын ортаға салып, көкейдегі сұрақтарына нақты жауап алатын алаң болғанын қалаймыз. Сол үшін де жұмыстанып жатырмыз, — дейді орталық басшысы. Қазір аталған ғимаратта облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, облыстық және Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталықтары орналасқан. Алдағы уақытта осы орталыққа жастар ұйымдарын, үкіметтік емес ұйымдар мен волонтерлік топтарды орналастыру жоспарлануда. Сондай-ақ алдағы уақытта бұл жерден жастар кеңес беретін заңгер мен «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» қызметкерлерін, жұмыспен қамту орталықтарының мамандарын таба алады.

Халық алғысын иеленгендер

Өткен 2020 жыл еліміздің тарихында Волонтерлер жылы болып қалды. Әлемді жайлаған пандемия кезінде Ақтөбенің жастары қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, қайырымдылық істердің басы-қасында жүрді. Қиын кезеңде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» білген ақтөбелік волонтерлер 500-ге жуық іс-шара ұйымдастырыпты. — Волонтерлер жылы аясында «Біргеміз» ұлттық жобасының 7 бағыты негізінде жұмыс жүргіздік. Жыл соңында «BIRGEMIZ: Bilim» бағыты бойынша біздің облыс үздіктер қатарынан көрінді. Жалпы, қай бағытты алып қарасақ та, біздің волонтерлердің еңбегі өте зор. Қарапайым бір мысал ретінде айталық, Нұрбек Жалғасбаев жетекшілік ететін «Volonter.2020_ aqtobe» волонтерлік ұйымы Ақтөбедегі баспанаға мұқтаж 2 отбасына үй салып берді. Бұл — кез келгеннің қолынан келе бермейтін үлкен еңбек. Сондай-ақ тілді еркін меңгерген жастарымыз өзге де замандастарының тіл үйренуіне бейжай қарамай, түрік, ағылшын тілі курстарын өткізді. Ал пандемия кезінде ауруханаларда кезекшілікте тұрып, оттегі баллондарын тасыған жастарымызға ерекше алғыс білдіреміз, — дейді орталық басшысы.

Жыл бойы атқарылған еңбек елеусіз қалмады. Жүздеген жас Елбасының, Мемлекет басшысының, министрліктердің Алғыс хаттарымен марапатталса, 17 жас кеудесіне «Халық алғысы» медалін тақты. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен арнайы шара өтіп, бірқатар еріктілер тобы мен мүшелері «Жыл волонтері-2020» жастар сыйлығымен марапатталды. Олардың қатарында «Үздік волонтерлік топ», «Салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысқаны үшін», «Birgemiz» ұлттық жобасының «Qamqor» бағытына қосқан үлесі үшін, «Үздік волонтерлік ұйым», «Birgemiz» ұлттық жобасының «Bilim» бағытына қосқан үлесі үшін, «Коронавирус инфекциясымен күреске қатысқаны үшін», «Төтенше жағдайларды жоюға белсенді қатысқаны үшін», «Үздік әлеуметтік көмекші», «Волонтерлік қызметті насихаттауға белсенді қатысқан медиа саласының үздігі», «Волонтерлік қызметті дамытуға белсенді атсалысқан жастар ресурстық орталығы», «Денсаулықты сақтауды дамытуға белсенді қатысқаны үшін», «Үздік көшбасшы» және басқа да номинациялар бойынша марапатталған 26 еріктілер тобы мен мүшелері бар. «Ырғыз жастары» волонтерлік тобы — «Үздік волонтерлік топ», «Волонтер-2020» волонтерлік ұйымы — «Үздік волонтерлік ұйым» атанды.

Жаңа жоба: «Tur de Auyl-2021»

Облыстық жастар ресурстық орталығы 2021 жылы негізгі басымдықты ауыл жастарына бөлуді жоспарлап отыр. Бұл бағытта бірнеше жоба әзірленіп жатыр. — Кәсіптік бағдарлау, жұмыссыздық деңгейін азайту, жас отбасыларға көмек сынды міндеттермен қатар, биыл ауыл жастарына үлкен көңіл бөлуді мақсат етіп отырмыз. Мәселен, «Tur de Auyl-2021» жобасы — ауыл жастарына бағытталған көлемді жобаларымыздың бірі. Бұл жоба аясында қала жастары мен ауыл жастары арасында әлеуметтік көпір қалыптастыра отырып, қала жастарын аудан, ауылдарда қызмет етіп жатқан жастардың тыныс-тіршілігімен таныстырмақпыз. Сондай-ақ әр ауданға көрікті тарихи жерлерін насихаттайтын турлар ұйымдастырылады. Ал «Жас тілші» жобасы арқылы аудан, ауыл жастарының арасынан тілшілік, шешендік қабілеті бар жастардың базасын қалыптастыруды көздеп отырмыз. Бұл жоба аясында облыстық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен сауатты жазу, көркем сөйлеу, көркем ойлау, оқиғаны жылдам жеткізу дағдыларын жетік меңгерген немесе қызығушылығы бар аудан, ауылдарда тұратын жастар арасында кастинг ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл кастинг арқылы кадр жетіспеушілігі, белді шараларда көрермен алдында сөз сөйлей алатын жаңа жастардың базасын қалыптастыруды қолға алғымыз келеді, — дейді биылғы жобаларының бірқатарына тоқталған Гүлнар Қабиева. Сондай-ақ биыл жастар арасындағы отбасы құндылығын сақтау мақсатында «Отбасы — береке бастауы» жобасы аясында бірнеше байқаулар ұйымдастырылмақ. Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай облыстық жас ақындар мүшәйрасы, ал Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына орай «Жастар лигасы» облыстық спартакиадасы өтеді. Және де жылдағы дәстүр бойынша облыс әкімінің атаулы стипендиясы, «Жалындаған жастық шақ» облыстық фестивалі, «Жас Ақтөбе» облыстық белсенді жастарды марапаттау шаралары өз жалғасын табатын болады. — Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында облыстық жастар ресурстық орталығы және өңіріміздің белсенді волонтерлік топтарымен бірлесіп, «Үздік волонтер» облыстық жастар сыйлығының номинанты Әлішер Садықтың «30 қайырымды іс» атты челленджін жүзеге асырудамыз. Әйтеке би аудандық жастар ресурстық орталығының қолдауымен ауыл жастары бұл челленджді бастап кетті. Қарабұтақ ауылында тұрғындарға «тегін такси» қызметі ұсынылса, Талдысай ауылында балаларға арналған «Мұз айдыны» жасалды. Мұндай игі істер басқа да аудандар арасында өз жалғасын табуда. Осы сынды жоспарлармен жаңа жылға қадам баса отырып, ел игілігі үшін қызмет етуге, елді жаңа белестерге жеткізу үшін аянбай тер төгуге жастар әрқашан дайын екендігін айтқымыз келеді, — деп қорытты сөзін облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button