Денсаулық

Сәйгүлік үстінде сауыққандар

«Қазақ пен жылқы — егіз ұғым». Осы сөздің қалай дөп айтылғанын уақыттың өзі тайға таңба басқандай дәлелдеп беріп отыр. Әйтпесе, соңғы жылдары саумал ішіп, атқа мінетін қаладағы жұртшылықтың күрт артқанын қалай түсіндіреміз? Бұрынғыдай емес, Қамбар ата тұқымына қай жағынан да сұраныс ерекше. Бұл денсаулығы дімкәс балалардың еміне де қатысты.

Біз көпшілік арасында иппотерапия деген атаумен таныс оңалту түрінің Ақтөбедегі аяқ алысына тоқталсақ дейміз.

Ақтөбеде 5 ат аурудан айықтыруға арналған

Атқа мінудің адамға әкелер пайдасы көп. Мәселен, бұл ағзаға биомеханикалық әсерін тигізіп, оны шынықтырады деседі. Яғни жылқы жүгендегеннің қозғалыс импульсі реттеледі, мысалы, жүре алмайтындар жаяу жүргендей күй кешеді. Жануардың бұлшық еттері қозғалысқа түскенде, адамның денесіне массаж жасалады әрі жылынады (аттың температурасы адамдыкінен 1,5 градусқа жоғары). Ең бастысы — ер үстіндегі ем кезінде кіші жамбас бөлігіндегі қан айналым жүйесі жақсарады, бұның шарапаты зор. Сол арқылы сал ауруына шалдыққандарға, сондай-ақ аутизм, Даун синдромы, артрит мен жүйке ауруларына тап болғандарға иппотерапияның көмегі орасан.

Медицинаның бір тармағы біздің өңірде де біртіндеп дамып келеді. Көпшілікке ат спорты мектебі ретінде жақсы таныс мекеме — Ақтөбе қаласының іргесінде орналасқан облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде иппотерапияға арналған 5 ат бар.

Біздің мектеп жанынан салынған арнайы алаңда дене мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жаттығулар күнделікті өтеді. Жаңа манеждің аумағы — 76х36. Мекеме ерекше қажеттіліктері бар ұл-қыздардың ақысыз атқа мініп, емделуі үшін ғимарат пен қылқұйрықтыларды ұсынып отыр. Ал бұл ем түріне баратындарды іріктейтін, оның қаншаға созылатынын белгілейтін арнайы клуб бар, бәрін солар шешеді. Бүгінгі таңда спорт мектебінің аумағында барлығы 40 Қамбар ата тұқымы шауып жүр. Соның 15-і күнделікті сабақ барысына қолданылса, 14-і көкпарға түсетін сәйгүліктер, ал 6-уы аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату сынды ұлттық ойындарға жұмылдырылады. Иппотерапияға арналған және 5 жылқымыз бар. Яғни әрқайсысы өзіндік «міндетке» ие. Барлық аттар мемлекет бекіткен заңнама негізінде қоректендіріледі. Айталық, 1 төрт түлік малына күн сайын 1900 теңгенің азығы беріледі. Жем-шөбін есептемегенде, сәбіз, жұмыртқа, дәрумендері бар. Ауырып қалса, екпе салуымыз да мүмкін. Бұл бағытта жануарды күтіп-баптайтын атшылар, мал дәрігерлері, өзге де мамандар қызмет етеді, — дейді жоғарыда аталған спорт мектебінің директоры Бақтияр Төлеуов.

Әкімшілік ғимарат, күрес залы, 2 арнайы алаң (жабық манеж) мен 2 ат қорасы бар спорт мектебінің материалдық-техникалық базасы барлық талаптарға сай келеді. Әңгімелесушіміз өз сөзінде соңғы бірер жылда атқарушы билік тарапынан қамқорлықтың күшейгенін атап өтті.

Аннаның арманы

Біз спорт мектебінің арнайы алаңына барғанда ат үстінде ем алып жүрген Татьянаны кезіктірдік. Он жастағы қыз бала аутизммен ауырады екен. Анасын әңгімеге тартқанымызда:

— Қызыма осы ем түрін дәрігер тағайындады. Аутизммен ауыратындардың көпшілігі иппотерапияға келеді екен. Бұның оңды әсері болатыны әлдеқашан дәлелденіп қойылған. Бұған дейін 2 курс ем алдық. Мынау — 3-ші жылымыз. Бүгін, міне, 13 жаттығуға келіп отырмыз. Әр сабақ 20 минутқа созылады. Аптасына екі рет келеміз. 3-курстың арасында үзілістер болғандықтан, нақты бір мынадай өзгерісті байқадық деп айта алмаймын. Бірақ Таняның осында келгеннен кейін көңіл күйі көтеріңкі болады. Атқа мінгеніне мәз. Соның өзі неге тұрады? Үйде отыра бергеннен далаға шығып, ойы бөлінгені де жақсы. Бұрынғыдай емес, қорықпайды, «досындай» қабылдайды. Мен де ат «көңілді» болсын деп үйден сәбіз алып келуді әдетке айналдырдым. Балаң үшін барлығын істейсің ғой. Орталықтың қаланың сыртында орналасқаны ғана қиын. Осында екі автобуспен қатынаймыз. Дегенмен, баламның бал-бұл жанған жүзін көргенде,  бұның барлығы ұмытылып кетеді. Тілегім — аз да болса денсаулығы жақсарып, өзге қатарластары секілді өмір сүрсе деймін. Ақтөбеде аутизммен ауыратын балалардың арнайы қауымдастығы бар. Сондағы тағдырластарым осында келуге кеңес беріп, мүгедектік туралы анықтама, туу туралы куәлік пен дәрігерлердің рұқсат қағазын тапсыру керектігін айтты. Соны орындап, иппотерапияға осымен үшінші жыл келіп жүрген жайымыз бар, — деп сыр бөлісті Анна Николаева.

Әлгінде айтқанымыздай, Ақтөбеде үлкен-кішіден қажетті құжаттарды қабылдап, арнаулы ем түріне жіберетін орталық бар. Иппотерапияға қатысты барлық жұмыстармен солар айналысады. Енді сол мекемеге тоқталсақ…

 «АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Уикипедия ашық энциклопедиясының мәліметінше, «Иппотерапия» сөзінің өзі бізге ежелгі грек тілінен енген, қазақ тіліне тәржімалағандағы мағынасы «ат үстіндегі ем» дегенге саяды. Бұл туралы алғаш рет Гиппократ өз еңбектерінде жазған деседі. Ал XVIII ғасырдың ортасында ағартушы-философ Дени Дидро өзінің трактатында атпен жүруді жоғары бағалап, денешынықтырудың озық үлгісі ретінде сипаттайды. Бірақ XIX ғасырда ғана аталған сала ғылыми түрде зерттеле бастайды. Иппотерапия тұңғыш рет Германия, Австрия, Швейцария мемлекеттерінде қосымша ем түрі ретінде қолданылғанын айта кету керек.

Иппотерапия бойынша алғашқы стандартты һәм кешенді бағдарлама канадалық және американдық дәрігерлердің бастамасымен 1980 жылдардың соңында жарыққа шыққан.

«Былтыр 700-ге жуық адам ақысыз ем алды»

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының директоры Наталья Сокольскаяның айтуынша, жыл өткен сайын иппотерапияға жүгінетін балалардың саны артпаса, кемімей отыр. Бұған себеп болар жағдайлар өте көп. Экологиялық ахуал, тамақтағы жасанды қоспалар, болашақ ата-ананың тіршілігіндегі тауқыметтер айналып келгенде ұрпағына залалын тигізеді екен. Мына санайғақтардың өзі адамның сай-сүйегін сырқыратады: өткен жылдың 11 айында 640 (!) бала біз айтып отырған сауықтыру әдісін қолданыпты. Яғни осынша бала мүгедек деген сөз. Ал иппотерапияға кезекке тұрғандардың санын білгенде, тіптен жүрегің ауырады…

— 2020 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында 640 ақтөбелік жас иппотерапияның ақысыз курсынан өтті. Олар — бір жарым және 18 жастағы ұл-қыздар. Біз әр минутты есептеп, барынша көп науқас баланы қамтуға тырысып жатырмыз. Соның өзінде кезегін күтіп отырғандар мыңдап саналады. Мұнда негізінен диагноздары әртүрлі — аутизм, церебралды паралич, көру қабілеті нашар, сколиозбен ауыратындар келеді. Бұл ем түріне жазылу үшін бізге ата-аналар баланың мүгедектігін растайтын анықтама, туу туралы куәлік пен дәрігердің рұқсат қағазын тапсыруы қажет. Иппотерапия әр жарты жылда бір жарым айға созылады. Аптасына — 2 сабақ. Бірақ диагнозға байланысты сабақтың мерзімінде өзгерістер болуы мүмкін, — дейді Наталья Сокольская.

Бүгінгі таңда мекемеге қарасты 12 нұсқаушы мен 1 психолог қызмет етеді екен. Олардың барлығы Өскемен қаласындағы арнайы курсқа қатысып, мамандардан бағыт-бағдар алған.

Айта кетейік, материалды жазу барысында ақылы негіздегі иппотерапияға баратын жерлестеріміздің де аз емес екенін білдік. Олар әр сабаққа орташа есеппен алғанда 2,5 мың теңге төлейді екен. Ата-аналардың үзеңгіге ілінген үміті ақталғай…

P.S. Денсаулығы сыр берсін, басқалай жағдай болсын, қазақтардың жылқы малына жақындығы, оның пайдасы ұшан-теңіз екендігі, осылайша, жылма-жыл беки түсіп жатыр. Мұндайда «Ат айналып қазығын табады» деп бір ауыз сөзбен айтуға да болады… Бірақ атқа мініп, оның өнімін тұтынуға екінің бірінің қалтасы көтере бермейтіні және бар. Сондықтан барлығы әлеуметтік жағдайға келіп тірелетіні айтпаса да түсінікті…

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button