Рухани жаңғыру

Жаңғырудың жарқын жолы

Осындай тақырыппен Алғадағы І.Мәмбетов атындағы балалар кітапханасы ақынның «Көктемір» дастаны бойынша тарихи танымдық кеш өткізді. Шараға Ақтөбе қаласындағы белгілі ақын, жазушылар, тарихшылар онлайн режимде қатысты.

Жиында Алға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бекжан Аппазов аталған шараның маңызына тоқталды. Ақын, көсемсөзші Мейірхан Ақдәулетұлы «Көктемір» дастанына арқау болған Сапура Мәтенқызы туралы айтты.

Ақын бұл поэманы жазғанда халық арасындағы аңыз-әңгімелерге сүйенгені анық. Себебі Сапура Мәтенқызы туралы Нәйла Бекмаханованың кітабында ғана кездеседі. Сапура Мәтенқызы әлі де зерттеле түсуі керек. Сол дәуірде батыр қыздың даңқы патшаға дейін жетті. Халық арасында Көктемір атанған қыз соңына елді еріте білді. Табын, тама және  әлім рулары  батыр қыздың айналасына жиналды. Көктемірдің нұсқауымен атқа мінген Сапура Мәтенқызының әскері аз ғана уақыт ішінде екі мың адамға жетті. Таңғаларлығы сол – қазақ даласындағы айтулы батырлар да дәл Сапура Мәтенқызы сияқты қолды тез жиып, орыс бекіністеріне шабуылды тез арада бастамаған-ды. Аз ғана уақыт ішінде Көктемірдің Қобда мен Елек аралығына орналасқан әскері Красногорск, Чернореченский, Елек қамалдарына шабуыл жасап, көптеген орыс деревняларын талқандады. Жалпы, Сапура француздың  Жанна д’ Аркі секілді дәріптелуі керек, — деді Мейірхан Ақдәулетұлы.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Тілектес Тоқсанбаева  «Ізтай Мәмбетов поэмаларындағы  тарихи фактор және көркемдік шешім» тақырыбында баяндама жасады.

— Ізтай Мәмбетовтің  тарихи тақырыпқа жазылған «Пугачев нөкері» атты поэмасымен үндес, көтерілген мәселесі де ортақ тағы бір поэмасы — «Көктемір». Ақынның бұл поэмасы алғаш рет «Жұлдыз» журналының 1971 жылғы №4 санында жарияланады. Одан кейін 1974 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Жылы жел» атты кітабына енеді. 1983 жылы «Ақпан» атты өлеңдер мен поэмалары жарияланады. Ізтай Мәмбетовтің «Көктемір» поэмасының жинақтағы нұсқасын да қолжазбасымен  салыстырып, тексеріп қараған едік. Бұл поэмаға да автор өзгерістер енгізген, толықтырулар жасаған.

Қолжазбада жоқ бірнеше шумақтың жинақта жарық көруі біздің назарымызды өзіне аударды. Ол жолдар мыналар:

Көрген жоқ ешкім түр-түсін,

Көрген жоқ ешкім тілдесіп.

Естіртпей үнін, күлкісін,

Ғайыпта жүрді күн кешіп.

Көктемір жайын білгісі

Келгендер қойса сауалын,

«Сапарда жүр, — деп, — ол кісі»

Қайырар қысқа жауабын, — деген шумақтар қолжазбада жоқ. Алайда бұл шумақтар поэмада  өз орнын тауып, жымдасып кеткеніне қарағанда, ақын өзі қосқан толықтырулар екенін байқайсыз.

Әлбетте, біз поэмадағы басты кейіпкер Көктемір-Сапардың өмірде болғанына күмәніміз жоқ. Сонда да біздің ең басты мақсатымыз осы тарихты өз поэмасында ақын қалай бейнеледі, сюжет желісі қалай дамиды, тарихи тұлға образы қалай жасалады деген мәселелерді анықтау болды, — деді Тілектес Тоқсанбаева.

Сондай-ақ шарада ақынның туған апасы Айман Елмағамбетова, ақын Нұрлыбек Қалауов, журналист Шара Елеусіз, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік институтының профессоры Өтеген Исенов ақын шығармасына қатысты және ондағы бас кейіпкер Сапура Мәтенқызы туралы өз ойларын айтты. Тарихшы И.Бітік, өлкетанушы Ж.Абдуллина, А.Сарыбай және өзге де қатысушылар ойларын ортаға салды. Шараны ұйымдастырушы Ақшолпан Әбдіхалықова бұндай кеш алдағы уақытта да өткізілетінін айтты.

№1 Алға мектеп-балабақшасының балалары «Көктемір» дастанынан үзінді қойды. Қойылымды қатысушылар онлайн режимде тамашалады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button