Әлеумет

Қос шаруа тізгінін нық ұстаған Әбдікер

Әр жылдың аяғында ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, оның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген бір топ азаматқа аудан әкімінің өкімімен «Жыл адамы» атағы беріледі.

Өткен жылы дәл осындай құрметті марапатқа ие болғандардың бірі – ауданымыздағы Кішіқұм селолық округіне қарасты «Жұман» шаруа қожалығының және Тоғыз селолық округіне қарасты «Айыртау» селолық тұтыну кооперативінің төрағасы Әбдікер Жұман. Қашанда адам баласының қоғам үшін атқарған адал еңбегі өзінің лайықты бағасын алады.

Біз көктемнің жайма-шуақ күндерінің бірінде қос шаруашылықтың тізгінін қолына алып, оны өрге домалатып отырған Әбдікер Шәріпұлына жолығып, өзі жетекшілік ететін шаруашылықтардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.

Жастайынан шаруаға ерте араласқан Әбдікер еңбек жолын «Тоғыз» кеңшарында тракторшы болып бастайды. Әкесі Шәріп те кезінде осы кеңшардың трактор бригадасына жетекшілік жасапты. Содан болар, әке жолын қуып, осы кәсіпті меңгеруге бел буады. Мұнда ол 13 жыл трактор жүргізіп, 14 жыл қой бағады. Кездескен қиындықтарға мойымай, ширек ғасырдан астам уақыт кеңшардың өркендеуіне өз үлесін қосады. Оның айтуынша, кешегі тоқсаныншы жылдарда ауыл шаруашылығын реформалау басталғанда «Тоғыз» кеңшары құрамынан 4 өндірістік кооператив және 4 шаруа қожалығы бөлініп шығады. Солардың қатарында «Жұман» шаруа қожалығы да бар.

«Жұман» шаруа қожалығы Кішіқұм селолық округінің орталығы Шілікті ауылынан 12 шақырым жерде «Төрехан қыстағында» орналасқан. Оның шабындық жерін қосқанда 3582 гектар жер аумағы, еншісінде «МТЗ-80» трактор тіркемесімен және «ГАЗ-53» автокөлігі мен бір отбасына жетерлік ірі қара малы бар. Көктем шыға қожалық иелері жайлауға көшіп, жаз бойы сонда отырады. Қожалық төрағасының айтуына қарағанда, қолдағы мал биылғы қыстан ойдағыдай шығыпты. Кішіқұм – малға жайлы өңір. Төрт түлік көбінесе құмда жайылады. «Кезінде кеңшарда еңбек етіп жүргенімде мынадай бір төтенше жағдай орын алды. Әлі есімде, 1979 жылдың мамыр айының 24-і болатын. Аяқ астынан ауа райы күрт суытты. Ойда жоқта қалың қар жауып, аяз болды. Кеңшардың қырқылған қойларының көбі қырылып, қозылар жетім қалды. Жүнделген түйелер де сондай күй кешті. Несін айтайын,  біраз малдан едәуір шығын болды», – дейді қожалық егесі.

2006 жылы  ауданда селолық тұтыну кооперативтері құрылғаны белгілі. Солардың бірі – «Айыртау». Өзге селолық тұтыну кооперативтеріне қарағанда «Айыртаудың» жұмысы  қауырт.

– 2006 жылы Тоғыз селолық округінің әкімі Әбдуәли Жақанов ауылдан селолық тұтыну кооперативі құрылатынын айтып, маған жетекшілік етуге ұсыныс білдірді. Негізгі атқаратын қызметіміз – ауылдың тазалығымен айналысамыз, көгалдандыру жұмыстарын жүргіземіз дегендей… Аудан, ауыл басшылары  үлкен сенім артқасын келісім бердім. Шүкір, ісіміз алға басып келеді, – дейді Әбдікер аға.

Ауыл әкімі Әбдуәли Жақановтың айтуынша,  селолық тұтыну кооперативі ауыл қарттарына қамқорлық жасап, жалғыз басты аналарға және аз қамтылған отбасыларына жем-шөп, қысқы отын жөнінен көмек көрсетіп келеді. Оның жанынан құрылған тазалық бригадасы көктемгі су тасқынынан бұзылған сай өткелдерін қалпына келтіріпті. Ең бастысы, ауыл ішіндегі көп жылдардан бері тау-тау болып үйіліп қалған күл-қоқыстар шығарылған. Биыл ауылдың ішімен қатар сыртына да тазалық жұмыстары жүргізілмек. Тоғыз стансасына барсаңыз, көшелері таза. Әрине, бұдан Әбекеңнің тынымсыз еңбегінің нәтижесін аңғаруға болады.

Әбдікер Шәріпұлы 2006 жылы «Ақжанат» шағын несие ұйымы арқылы екі асыл тұқымды бұқа сатып алып, мал тұқымын асылдандыруда, сонымен қатар бау-бақша егумен де айналысады. Ал бау-бақша егуді 1985 жылдан бастап қолға алыпты. Бақша егетін жері де құнарлы. Тек оны баптай білсең болғаны, өз жемісін береді. Судан тапшылық жоқ. Бұлақтың суымен суарады екен. Селолық тұтыну кооперативі жетекшісінің сөзіне қарағанда, қожалық маңында әр жерден ағатын бұлақтар бар. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, кооператив төрағасының соларды пайдаланып, жер көлемін ұлғайтпақ ойы бар. Бұлақ суы малға да, бау-бақшаға да тиімді. Қарапайым шаруа адамының қалтасына да көп салмақ салмайды. Бау-бақша егуге қажетті техника, құрал-жабдықтары да жеткілікті. Ауыл тұрғындарын көкөніс өнімдерімен мүмкіндігінше қамтамасыз етеді. Биыл да картоп, бау-бақша дақылдары егілмек. Алдағы уақытта ауылдан көкөніс сататын дүкен ашу да ойында бар.

Шаруа адамын ойландыратыны – мал жүнінің өтпей, сайдың бойында пайдаға аспай жатқандығы. Әбекең келешекте бұл мәселенің оң шешімін табатынына сенімді.

Ауылдықтардың алғысына бөленген бұл қарапайым шаруа адамымен болған әңгімемізден байқағанымыз, кооперативтің алда атқарылатын жұмыстары ауқымды. Мына нарық заманында екі бірдей шаруашылықтың жұмысын жүргізу, әрине, анау-мынау адамға оңай шаруа емес. Алдағы уақытта да Әбекең осы бағытынан таймай, ауыл әкімдігімен бірігіп ел игілігі үшін аянбай еңбек ете бермек.

С.ҰЛЫҚПАНОВ,

Шалқар ауданы.

Пікір

Оқитын жасқа мүмкіндік бар

тәртіп пен тәрбиеге көңіл бөлсек…

Қазіргі студенттің жағдайы жақсы. Олардың білім алуын Елбасымыздың өзі қадағалап,  өте үлкен мүмкіндіктер қарастырып, қолдап отыр. Әлемдік дағдарыс тұсында Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында да Елбасы студенттердің оқу ақысына ерекше сөз арнады. Бұл – «оқимын» дейтін жасқа мемлекет тарапынан үлкен жәрдем. Мұндай мүмкіндікті оқу орнында оқып жатқан әр студент жіберіп алмағаны дұрыс, үздік оқып, белсенді болуы шарт. Одан басқа Елбасымыз Н.Назарбаевтың халықаралық «Болашақ» бағдарламасы да бар. Бұл арқылы да Қазақстанның әр талапкер жасы шетелде оқуға мүмкіндік алып, кейін өзге елден алып қайтқан білімін өз елімізде тәжірибеде қолданады. Бұл буын – ел болашағының жарқын болуының кепілі. Бізде техникалық салада жас мамандар жетіспейді. Н.Назарбаев бұл жағдайды да ерекше атап, екінші мамандық алу немесе қайта даярлау туралы тапсырма берді. Әрине, болашақта орта буында өте білікті жас мамандар көп болуы тиіс және олар өз ісінің маманы болуы керек. Іні-қарындастарыма ой саламын, келешек кәсіби мамандарды қажет етеді!

Жастардың тәртібі мен тәрбиесі білім ошақтарында айтарлықтай жақсы емес. Бір-біріне күш көрсету бар, ішімдікке жақын, ер баланы былай қойғанда, қыз балалар да темекіге әуес. Негізі, жастарға үйден және оқу орындарынан көбірек бақылау болуы тиіс. Оқу орындары тарапынан студенттер арасында сайыстар, би кештері ұйымдастырылса, олар мәдени шараларға белсенді қатыстырылса, тәртіптеріне ол да ықпал етер еді… Сондай-ақ, спорт секциялары да жастарды жаман әдеттерден аулақ болуға үйретеді ғой.

Бір қорқыныштысы, қазіргі кезде ата-ана бала тәрбиесіне көп көңіл бөлмейді, қазақы тәрбие азаюда, өзімшіл жастар көбеюде…

Теміржан СЕРҒАЗИН,

Ақтөбе техникалық колледжінің оқытушысы.

Дін

Сын айтуға асықпаңыз…

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері дінге бет бұрған адамдар саны көбейді. Оның ішінде жастар мол. Ислам дінінің бес парызын орындап, Алла жіберген Құрандағы парыздар мен Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеттерін орындап жүрген жастар санының көбеюі – қазіргі шетелге еліктеген заманда қуантарлық жағдай.

Жастардың намаз оқып, Алла разы болатын дұрыс жолды таңдауы қоғамның бір бөлігін қуандырса, кейбір білімі аз қоғам мүшелерін толғандырады, не тіптен қорқытады деп те айтуға болады. Оның себебі, ең біріншіден, білімнің аздығында, екіншіден, қазіргі қоғамымыздағы әр топтар құрып алған, тыйым салынған секталардың санының көбеюінде.

Қоғамда секталардың көбеюінен үрку, басына орамал тартып, намаз оқығанның барлығын вахабшы санау, әрине, дұрыс емес. Себебі Алла тағаланың бар екендігін, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.). оның елшісі екендігін және Құранның жіберілгенін ешкім жоққа шығара алмайды. Намазға жығыламын, орамал тартамын, Алланың құрандағы парыздарын орындаймын деген ұл-қыздарыңызға «саған ерте, жас кезіңде ойнап-күл» немесе «зейнетке шыққанда, делать нечего болғанда оқисың» деген кеңестер беру дұрыс емес. Алла тағала адамның жүрегіне иман береді. Егер бала Ислам дінін қабылдаймын, дұрыс жолға түсемін десе, қуаныңыздар, Аллаға шүкіршілік етіңіз, балаға өзіңіздің қолдайтыныңызды білдіріңіз.

Егер балаларыңыздың секта мүшесі болуынан қорықсаңыз, онымен бірге мешітке барыңыз, оқитын кітаптарын мешіт қызметкерлерімен ақылдасып алыңыз, мешітте жүргізілетін сабақтарға қатысыңыз. Бұндай әрекеттердің сізге де, сіздің дін қабылдағалы жатқан, Алланың разылығына бөленуге асыққан балаңызға да қайыры болады.

Хиджаб киген қыздарды көргенде «жас қыздардың орамал тартуы қазақта болған емес, ата-бабамызда ондай салт болмаған» деген пікірлер жиі айтылады.

Қарап отырсақ, қазақ ата-бабаларында кіндікті, омырауды көрсетіп немесе өте тар киіну де болмаған, ал қазір қыз бала еңкейгенде іш киімі көрінсе, қолын көтергенде кіндігі көрінсе, ешкім оған ренжімейді, «сен дұрыс жолда жүрген жоқсың» деп айтпайды, бәрі іштен тыйылып жүре береді. Ал басына орамал тағып, ұятты жерлерін жауып, Алланың парызын орындап жүрген қыз балаларды, әйел адамдарды көрсе, оларға сын айтып, баға беруге асығады.

Кейбір арнайы орта және жоғары оқу орындарында қыз балалардың хиджабпен жүргендері үшін «оқудан шығарамыз» деп қорқытып жатады. Қыздардың хиджаб киюі мазасыздандырады, ал шетелдің сәнін қуып, оқу орнына би кешіне келгендей, ашық-шашық киінетін қыздардың жағдайы неге толғандырмайды? Алтыннан да, маржаннан да қымбат қазақ қыздары неге басқа елге еліктеп, ашық-шашық жүруі керек? Ең алдымен, қыз бала – болашақ ұрпақты өмірге әкелетін, тәрбиелейтін адам. Олар сәнді киім кигенмен, денсаулығы болмаса, болашақ ұрпақтың жағдайы қандай болмақ? Ойландыратын да, мазалайтын да жағдайдың бірі – осы.

Ал басына орамалын тағып, денесін жауып жүрген қыз балаларды, әйел адамдарды көрсеңіз, қуаныңыздар, оларға дұға қылыңыздар, Алла тағалаға шүкіршілік етіңіздер. Алланың парызын орындап, оның елшісі Мұхаммед пайғамбардың сүннеттерін орындап жүрген ұл-қыздарымызды көргенде, білмей сын айтуға асықпаңыздар.

Алла тағала иманымызды берік, білімімізді арттыруды нәсіп етіп, әрекеттеріміздің қайырын берсін, иншалла.

Айкен АБАЙҚЫЗЫ,

Ақтөбе қаласы.

Ұсыныс

Көше аттарын өзгертіп, жарнаманы қазақша жазсақ…

Өткен жылдары Ақтөбе қаласының әкіміне Заречный-1 поселкесінің кейбір көше аттарын қазақтың зиялы азаматтарының атымен атаудың ретін сұрап өтініш жазып едім. Қалалық әкімдіктің 3-кабинетінде отырған азаматшалар: «Бұл мәселені мәслихат шешеді», – деген соң, мен арызымды мәслихатқа тапсырдым. Бір айдың ішінде 2003 жылы 9 наурызда қала әкімі аппаратының әлеуметтік және мәдени даму бөлімінің бастығы С.Өмірбековадан хабар алдым. Бұл хабарда былай делінген: «2004 жылдың 10 ақпанында қала әкімі аппаратына келіп түскен арызыңызға мынаны хабарлаймыз. Заречный-1 поселкесінің кейбір көше аттарын қазақтың зиялы азаматтарының атымен атау жөніндегі ұсыныс хатыңыз қалалық ономастикалық комиссияның кезекті мәжілісінде қаралады». Одан бері қанша уақыт өтті, хабар жоқ. Енді мәселенің мәнісіне көшейік. Заречный-1 поселкесінде Новая, Водная, Гуцало, Папилова дейтін көшелер бар. Бір молдаван жоқ, «Молдавская» көшесі бар. «Машиностроительная» көшесі бар, машина жасап жатқан зауыт жоқ. «Тополиная» көшесі бар, ал өсіп тұрған терек жоқ. Қарғалы, Жилянка, Заречный-1 селоларының көше аттарын Отан үшін жанын аямаған белгілі, зиялы замандастардың атымен неге атамаймыз?

Мысалы, «Полевая» көшесін «Ахмет Байтұрсынов», «Тополиная» көшесін «Әлихан Бөкейханов» деп атауға болады ғой. Бұл есімдер сынға түсуді де қажет етпейді, қазақтың арыстары ғой…

Ақтөбе қаласының 11-шағын ауданында теміржол саласының ардагері, Ленин, «Қызыл ту» ордендері, басқа да медальдары бар, жасы 104-тен асқан Жантеке Есентаев  дейтін зейнеткер тұрады. Бір көшеге бір ғасырдан асқан осы кісінің есімін неге бермеске?.. Кавказдың  әзірбайжан, армяндары көшелерді көп жасаған қарттарының есімімен атайды екен.

Ұлы Отан соғысы кезінде Құрманғали Ермағанбетов бұрынғы Жұрын ауданында «Коминтерн» деген ұжымшардың басқармасы болды. Сол кезде аудан бойынша үнемі бірінші орынды ұстап тұрды. Бұрынғы «Орқаш» кеңшарының орталығы Михайлов ауылында туып-өскен, қан майданда болған Құрманғали Ермағанбетовтің де есімін бір көшеге беруге ешкім де қарсылық етпес. Бұл зиялы азамат туралы повесть жазуға болады. Басқарма болған кезінде жетім-жесірге көп жәрдем берді. Аштықтан  талай адамдарды құтқарып қалды.

Әйтеке би ауданындағы Щербаков, Ярослав, Комсомол деген атауларды қазақтың қойған жер аттарымен неге атамаймыз?

2004 жылдың мамыр айында мен Қырғызстанға бардым. Бішкек, Тоқмақ, Қант қалаларында болдым. Бішкек қаласында Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаев атындағы көшелер бар екен. Тоқмақ, Қант қалаларында «Казахская» көшелері бар. Ал біз тұратын Заречный-1 поселкесінде 3-4 үй қырғыздар тұрады. «Молдавская» көшесін немесе «Попов» көшесін «Қырғыз» көшесі деп атауға болмай ма екен?..

Германияда, Францияда, Англияда көше аттары, жарнамалар неміс, француз, ағылшын тілінде жазылады. Қазақтар да жарнамаларды неміс, француз, ағылшын тілінде жазады, бұл қалай? Қазақ тілінде неге жазылмайды?

Егер де әкім болсам, бір ғана шет тілінде жазылған жарнамаларды жұлып алып, жарнама жазған мекеме басшыларын үш күнге қамап қойып, айыппұл салар едім.

Егемендік ел болдық, қашан қазақ боламыз? Кім көрінгенге мазақ болып жүре береміз бе?..

Адайхан СӘРСЕНБАЕВ,

Заречный-1 поселкесі.

Жаңғырық

Келінің қандай дегенше, ұлың қандай десейші…

«Ақтөбе» газетінің «Бұқара» бетінде студент Айбек Тасқалиевтің «Келінің қандай?» атты пікірталасқа шақырған мақаласы өткен өмір жолымды еріксіз еске түсірді.

Біреудің наласына қалмағанымды еске ала отырып, қазір ұл-қызымның алдында жүзім жарқын, қатарымның алдында ұялмайтын болған соң, тек өз өмірімнен өткенді жазғалы отырмын. Мұның бір адамға болса да пайдасы тиер, мүмкін, ешкімге де әсер етпес. Сонымен…

Мен 1971 жылы 23 жасымда әскер қатарына аттанып бара жатып, мені шығарып салып тұрған қызға: «Бұйырса, екі жылдан соң елге оралам, мені күтіп алуға көңілің соға ма, ал ұнатқан адамың болса, обал жасауға қақым жоқ», – дедім. Әзер дегенде ол: «Аман-сау орал, күтіп алам», – деді. Екеуміз фотоға түстік. Күткен адамым бар, көңілсіз емеспін.

Жыл жарымның шамасында сүйгенімнен төбеме суық су құйғандай хат келді. Хатында: «Сенің шешең қарғы бауымен секіріп алысқан тентек көрінеді, рас па?» – деп жазыпты. Ол қыздың атын айтпай-ақ қояйын. Балаларының алдында ұялмасын. Әр балаға анасы алтын емес пе?! Өзім де шешемді қатты сағынып жүргенмін. Мен үшін ол кісінің ақ дегені ақ, қара дегені қара болуға тиісті. Ғұмырымды сол адамға арнадым. Ол қатал, мойындаймын. «Әйелсіз өтсем де, ешкімге жалынбаймын, енді хат жазба!» – деп жаздым. Күндер өтіп жатты. Хат жаза қойғаным жоқ. Ренжігенімді сезген болар, кешірім сұрап: «Сені сынадым, көңіліңе ауыр алма», – депті.

Біраздан соң менің де ойыма ой түсті: «Менде де талғам болуға тиісті, мен неге сынамаймын» деген. Сол қолыммен хат жаздым: «50 метр биіктен құлағаным есімде, көзімді ашқаныма бір жұма болыпты. Екі аяғым тізеден жоқ. Оң қолым шынтақтан жоқ. Шығатын уақытта телеграмма жіберем. Өздігімнен машинаға міне алмаймын. Бар сенерім бір өзің ғана», – деп жазып, хатты сендіру үшін госпитальдан жібердім.  Жауап та тез келді. «Мен жиырма жасымда кескен томарды бағып, өмірімді қор қылатын жағдайым жоқ. Енді маған хат жазба», – депті. Соңғы хатты оң қолыммен жаздым: «Бұйырса, алты айдан соң елге барам, қара тырнағым да сынған жоқ еді. Сен сияқты қатыгез адамнан құтылғаныма қуанам», – дедім. Тұңғыш сөз айтуым осылайша сәтсіз аяқталды.

Елге келіп, механизатор болып жұмыс істедім. Айналамда тым жақсы қыздар көп болды. Сыйласып жүрсем де, ішкі түйсігім: «Асықпа, беттің ажары мен киген киіміне емес, ішіне үңіл», – деп тұрғандай… Сөйтіп, 30 жасқа келгенімді байқамай қалдым.

Содан әке-шешемнің араласатын адамдарының қызына, қазіргі кемпіріме үйлендім. Қазір бір шаңырақ астында сыйласып, 6 бала өсіріп, немере сүйіп отырған жайымыз бар. Анамыз біздің қолымызда болған жоқ, еш уақытта реніш те болмады. Бір күні ренжіп шешеме: «Біздің қолымызда неге болмайсың?» – дегенімде, «Қай келін жақсы болса, соның қолында болу керек. Бұл – сырт көздің ойы, балам. Ұлыңның кемшілігі болса, қатты айта аласың. Ал келінге айта алмайсың. Ата-ене тәрбиесіне бағыну ақылдылықты керек етеді. Келінге жылы-жылы сөйлеп, тырнақ астынан кір іздемей, кешіріммен қарай білсең, ол да пенде, адам жанын түсінеді», – деген.

Неге айтып отырмын, қалада да, ауылда да ұл-келін бар, тұрмысқа шыққан қыздарым бар. Әлі де өмір берсе, келін түсу керек.

Осы күнгі жастарды байқаймын, ұлдар жағы дәрменсіз, ата-ананың қорғанышы емес. Келінге күйеу емес, келін күйеуіне күйеу, ал ұлдар – келіннің сөзін сөйлейтін сүйеу. Білімім жоқ. Бар бітіргенім, сегіз-ақ сынып. Сонда да Айбек балама келінің қандай дегеннен гөрі, келін алатын ұлың қандай деп айтпақпын. Осы пікірімді оқыған қыздарыма тірек болар ертеңгі азаматтар – қазіргі ұлдар ойланар…

Самат САРИН.

Сарбие ауылы,

Ойыл ауданы.

Махаббат

Нәзік сезім ой салар…

Махаббат жайында қай ақын өлең жазып, қай жазушы сыр шертпеді десеңші?!

Өзімнен үлкен жиырма жастан асқан бір қыз мені сынағандай былай сұрақ қойды: «Егер сен бір жігітке ғашық болсаң, өз сезіміңді білдірер ме едің?» – деді. Сонда мен: «Мен үшін бұл қыз балаға жат қылық секілді», – дедім. Шынында да солай емес пе?! Анам әрқашан: «Жігіт көзіне тіке қарама, ер адам алдында сықылықтап күлме, кеудеңді керме, намысшыл, салмақты бол!»  – дейді. Иә, бұл сөздердің қай-қайсының астында ұшқыр ой, астарлы сөз жатыр…

Қазіргі жастар махаббатсыз үйлене ме? Бұл сұраққа жауап беру мен үшін қиын. Өйткені мен әлі өз басым отау құрып, отбасылық өмірді бастан өткермедім…

Қазір неге «кәрі қыздар» көп? Олар байлыққа қызыға ма, әлде өмірде өз алдына мақсат қоя алмағандық па? Құрбыларымнан естіп жүрмін, мейрам болса, олар жігіттерінен француз әтірін, алтын сақина секілді қымбат заттарды алып беруін талап етеді екен. Неге олар талап қояды? Мәселе қымбат сыйлықта емес, оны қандай ниетпен бергенінде емес пе?

Менің ойымша, болашақ жарың ең әуелі адамгершілігі мол, білімді болуы керек. Ал білімді болса, ол тек білімі арқылы ғана дәулетті бола алады. Махаббат жайында айта берсек, шертілер сыр да көп, айтылар пікірлер де сан алуан.

Осы бір нәзік сезім арқылы біз де дүниеге келіп, өмір есігін аштық емес пе?! Әрине, ол ардақты ана мен қадірлі әке арқасында…

Келешегіміз кемел болсын десек, махаббатқа адал, адамгершілігі мол тұлға болайық!

Азель ЖАНҚҰЛОВА,

Ә.Молдағұлова атындағы гуманитарлық колледж студенті.

Әттең-ай!

Әлем чемпиондары бар, спортзалы жоқ

Құрашасай орта мектебінің тарлығына қарамастан бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін бір сынып асхана болып жасақталды.

Сәуір айының басынан 1-4 бастауыш сыныптағы 100 оқушыға тегін ыстық тамақ беріле бастады. Бұл жаңалық ата-аналар мен оқушыларды үлкен қуанышқа бөлеп отыр.

Құрашасай елді мекені Новый селолық округіне қарайтыны белгілі. Сол округ орталығының өзінде ғана Олимпиада ойындарына қатысқан екі спортшы тәрбиеленіп шықты. Бүгінде сол қос палуан Асхат Шахаров пен Саламат Отарбаевтың ізбасарлары да аз емес. Мектептің тарлығына, спортзалдың жоқтығына қарамастан, мектеп оқушыларының спорттағы жетістіктері әлемдік деңгейге дейін көтерілді. Мәселен, 9-сынып оқушылары Айгүл Байқұлова (самбо күресінен әлем чемпионаты) және Жұлдызай Бауыржанова (дзюдо, самбодан Азия жүлдегері) 7-18 сәуір аралығында Ресей Федерациясының Тверь қаласында дзюдо күресінен өтетін халықаралық жарысқа жаттықтырушылары – мектептің  дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Сәтжан Тойлыбаевпен бірге аттанып кетті.

Облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, облыстың 182 мектебінде спортзал жоқ. Оның ішінде,  Ақтөбе қалалық білім бөліміне қарасты Құрашасай ауылындағы жоғарыда аталған жетістіктерімен қатар самбо күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын иемденген үш оқушысы бар мектепке қосымша спортзал (сметалық құжаттары дайын) салынса деген үмітіміз бар.

Клара ҚАЛЫБАЕВА,

ата-аналар комитетінің төрайымы.

Құрашасай ауылы.

Алғыс

Ықылас та бір ырыс

Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ұлағатты сөз бар. Расында да, жаныңда жүрген жақсы адамға ризалығыңды білдіру, алғыс айтудан асқан қуаныш жоқ шығар. Хромтау аудандық білім мекемелерінің кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлжан Аханова аудан мұғалімдерін түгелдей біледі десем, артық болмас. Сондықтан да болар, кәсіподақ ұйымына демалыс орындарына келген жолдамаларды ретімен бөліп отырады, әр мұғалімнің жай-күйін, науқас түрлерін біліп, демалыс үйлерінің тиімді жақтарын айтып, кеңес береді.

Бұдан бес жыл бұрын аяғымды сындырып алып, ұзақ уақыт баса алмай жүрдім. Сол кезде Гүлжан Айтмағанбетқызы мені шақырып алып, Ақтөбедегі «Юкон» демалыс-емдеу орнына баруға кеңес берді. Онда түрлі балшықпен емдеу, парафинмен қыздыру, су ванналары, т.б. емдер бар екен. Еңбек ардагері ретінде жолдама берді. Демалыс орны дегенді ойлап та жүрген жоқ едім, 10 күн түрлі ем алдым, көңіл-күйім жақсарды, аяғым да қалпына келді. Әуелі адамға деген ықылас, мейірімділік ем болғандай сезіндім…

Енді 2009 жылдың басында «Меркі» шипажайына барудың жолы түсті. Онда да Гүлжан Айтмағанбетқызының адамгершілігі тағы да алдымыздан шықты. Аудан мектептерінен шыққан 13 білім мекемелерінің қызметкерін Луговой бекетінен адамдар күтіп алып, түн ортасы болса да, орындарымызға орналастырды. Ол да біздің аудан кәсіподақ ұйымы басшыларының еңбегі. Барлық жағдайды қарастырып, хабарласып, жайымызды біліп отырды. Алатау сілемдерінің етегіне орналасқан демалыс орны өте әдемі жерде екен. Айнала тіп-тіке өскен түрлі ағаштар, сарқырап ағып жатқан Меркі өзені, таудан аққан бұлақтар сылдыры жаныңды жайландырып, бір ғажайып тыныштық сезімге бөлейді. Табиғаттың өзі-ақ ем болғандай…

Дәрігерлері мен түрлі ем жасайтын медицина қызметкерлері де өте ізеттілікпен, жылы жүзбен қызмет көрсетті. Түрлі химиялық қоспалардан тұратын, 40 метр тереңдіктен шығатын радон суы көп ауруға ем екен.

Меркі өлкетану мұражайына, Сыпатай батыр кесенесіне бардық, 4-5 шақырым жердегі тау үңгірін көрдік, көптеген өлке тарихымен таныстық.

Туған жеріміздің тамаша табиғаты мен қызықты тарихы мақтаныш сезіміне бөледі.

Астаналық, алматылық, тараздық демалушылармен бірге болдық, талай адамдармен таныстық.

Елена Юшкеевич басқаратын №2 Хромтау мектеп-гимназиясы әкімшілігі де демалыс орнына барушыларға алаңдамай емделіп қайтуға жағдай жасады, ақыл-кеңестер берді. Ол жас та болса парасатты адам, әсіресе, зейнеткерлерге деген құрметі ерекше, әрдайым қамқор болып жүреді.

Райса САРМАНОВА,

зейнеткер.

Оқырман хаттарын топтастырған Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

ail_ru@mail.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button