Басты бет » Жаңалықтар » Мемлекет басшысының тапсырмалары жедел орындалуы керек

Мемлекет басшысының тапсырмалары жедел орындалуы керек

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкімдері, облыстық мәслихат депутаттары, мелекеттік органдардың басшылары қатысты.
Облыс әкімі: «Мемлекет басшысы салмақты тапсырмалар берді, оларды жауапкершілікпен орындау керек. Жалпы, облыстың көрсеткіштері жаман емес, бірақ әлі де ауқымды жұмыстар атқаруға тиіспіз. Салалар бойынша талдау жүргізіп, қолда бар ресурстар мен мүмкіндіктерді пайдалана отыра, барлық бағыттар бойынша жұмысты жандандыру керек», — деп атап өтті.
Сондай-ақ облыс басшысы жиынға қатысушылар назарын жергілікті және республикалық бюджетті нақтылауға аударып, Ақтөбе қаласы мен аудандар әкімдерінің 2021 жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылатын жобалардың құжаттарын дайындау қажеттігін атап өтті.
«Жобалық-сметалық, тағы да басқа құжаттарды тездетіп әзірлеу керек. Бұл — тұрғындардың өзекті проблемаларын шешуге жақсы мүмкіндік. Біз барлық маңызды жобаларды қолдауға дайынбыз. Өйткені олар халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған», — деп сөзін түйіндеді облыс басшысы.