Жаңалықтар

Мемориалды тақта орнатылды

Сейсенбі күні облыстың құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері Федор Чемодановтың құрметіне орай мемориалды тақта ашылды. Шараға Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Азамат Бекет, жергілікті билік пен қоғамдық ұйым өкілдері, майдангердің туыстары қатысты. 

Аталған мемориалдық тақтайша ардагер өмірінің соңғы кезеңінде өзі қызмет еткен Ардагерлер үйі ғимаратының қабырғасына ілінді.

Федор Чемоданов Ұлы Отан соғысына аттанып, батырлығымен, ерлігімен танылды. Ал соғыстан кейінгі жылдары еліміздің ауыл шаруашылығы саласына көп еңбек сіңірді. Қоғамдық жұмысын жалғастырып, мүгедектігі бар жандарға қамқорлық көрсетті. Біз осындай тұлғаларымызды әркез естен шығармауымыз керек. Бұл тақтайшаның орнатылуы халқының майдангерге деген құрметінің белгісі деп білеміз. Биылғы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ардагердің өзі қызмет еткен ғимараттың қабырғасына осындай тақтайшаның орнатылуы аса маңызды. Себебі өскелең ұрпақ батырларымыздың есімін, оның ерлік жолдарын біліп жүруі тиіс, — деді қала әкімінің орынбасары өз сөзінде.

Сондай-ақ жиын барысында облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Алмас Жантекенов, «Қос шынар» Әлия-Мәншүк қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес және майдангердің ұрпақтары сөз сөйлеп, оның өмір жолынан естелік әңгімелер айтты.

Батырдың ұлы Александр Чемоданов бүгінде Әйтеке би ауданындағы Құмқұдық ауылында отыз жылдан астам уақыт шаруашылықпен айналысып, әкесінің ізін жалғастырып келеді.

— Бүгін әкеміздің дүниеден өткен күні. Бұл күні облыстық мүгедектер қоғамының бастамасымен мемориалды тақта ашылып отыр. Әкеміз облыстың дамуына зор үлес қосқан жан. Еңбек жолын қарапайым агроном болып бастап, аудандарда басшылық қызметтер атқарды. Бүгінгі шараға атсалысқан азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз. Алдағы уақытта Ақтөбе қаласынан әкеміздің атына көше берілсе екен дейміз, — дейді Александр Чемоданов.   

Шара соңында ескерткіш тақтаға гүл шоқтары қойылып, майдангердің рухына тағзым етілді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button