Әкімдер есебі

Әлеуметтік мәселелер айтылды

Ақтөбе қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №62 орта мектептің мәжіліс залында Алматы ауданының әкімі Әміржан Оразғалиевтің тұрғындармен кездесуі өтті.

Жиынға Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, осы ауданның тұрғындары қатысты. Әуелі Әміржан Оразғалиевтің ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндамасы тыңдалды.

Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен әлеуметтік арақашықтық сақталған залда отырған тұрғындардың дені әлеуметтік нысан, баспана, базар маңы тазалығы туралы мәселелерді көтерді.

«Нұр-Ақтөбенің» тұрғыны Алтынбек Мақашев:

— Оқушыларды кикбоксингке баулып, үйретіп келемін. Секцияға 60-қа жуық бала қызығушылықпен қатысып жүр. Қазіргі таңда №12 үйдің жертөлесінде, ал жазда аулада жаттығамыз. Қазіргі санитарлық талаптарға сай балаларды 5-6 топқа бөліп жаттықтырамын. Бізге бір ғимарат, арнайы зал болса деген тілегім бар, — деді. Спортшының тілегін естіген Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров қабілеті бар жасөспірімдерді кикбоксингке тәрбиелеп жүрген Алтынбекке сәттілік тілеп, алдағы уақытта салынып жатқан үйлердің жертөлелерін спортзалы етіп беру жағы қарастырылатынын жеткізді.

№62 орта мектептің аула сыпырушысы Жұмабай Сапарбаев мүгедек баласы барын, 2008 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрғанын, кезектің жылжымайтынын айтты. Бұған Ақтөбе қаласы әкімі Асхат Шахаров бүгінде 24 мың адам тұрғын үй кезегінде тұрғанын, баспана тек заң аясында берілетінін айтып, жеке қабылдауына шақырды.

Ақтөбе қаласының 84 жастағы тұрғыны Сәлима Оразбаева Орталық базар ішінің тығыздығын, айналасындағы тазалықты сөз етті. Сондай-ақ ол аялдамадан жоғары қарай тізіліп отыратын, негізінен, жақын маңдағы ауылдан келетіндерге жағдай жасалуын сұрады. «Мысалы, тұрғындардың сатуға әкелген заттарын жайып қоятын тұрақты сөрелер тұрса, базар маңында бір тәртіп болар ма еді», — деген ұсыныс-тілегін айтып, әкімнің жұмысына сәттілік тіледі.

Тағы бір тұрғын ардагерлердің бас қосып, қауқылдасып, дойбы-шахмат ойнап, кездесетін бір ғимараты болса деген сауалын жеткізді. Бұған қала әкімі әлеуметтік нысандардың тапшы екенін, алайда сұрастыруға болатынын айтты.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button