Әкімдер есебі

Өзекті шаруалар назардан тыс қалмайды

Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов Қауылжыр, Мөңке би, Ақтоғай, Бершүгір ауылдық округтерінің орталықтарында болып, ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және биылғы жылға арналған міндеттері туралы есебін берді.

Жалпы, әр округте өткен кездесулер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай онлайн режимде өтті.

Ең алдымен, аталған округ әкімдерінің есептері тыңдалған соң, аудан әкімі Жанболат Жидеханов өткен жылы атқарылған жұмыстарға шолу жасады. Қауылжырлықтар аудан орталығына дейінгі жол жөнделсе деген тілектерін жеткізді. Сондай-ақ ауылға білікті дәрігердің керек екенін де атап өтті.
Мөңке би ауылдық округінде алғаш сөз алған ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Жаңабай Ерғазин ауылда «Туған жерге тағзым» акциясымен 2016 жылдан бері көптеген игі істердің атқарылғанын мәлімдеді. Ауызсу желісінің тартылып жатқаны да қуантарлық жағдай екенін айта келіп, енді оның сапалы аяқталуына бақылау жасалса деген тілектерін ортаға салды. Ауылда дәріхана ашылса, жедел жәрдем көлігі берілсе деген өзге де сауалдарын қойды.
Бершүгір ауылының тұрғындары көптен бері көтеріліп жүрген көгілдір отын мәселесіне тоқталса, Сарысай мен Алабас елді мекендерінде су желілері мен электр бағаналарының тозығы жетіп тұрғаны, интернет жылдамдығының әлсіздігі
сөз болды.

Өз кезегінде аудан әкімі барлық қойылған сауалдарға жауап беріп, көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Мәселен, Мөңке би ауылында дәріхананың жеке кәсіпкерлік арқылы ашылатынын, ол үшін кәсіпкерлермен келісімсөз жүргізіліп жатқанын айтты.  Сонымен қатар Сарысай елді мекеніне ашық спорт алаңын салу, Бершүгір ауылындағы балабақша ғимаратын жөндеуге қаражат бөлу жұмыстарын қарастыратынын жеткізді.
Есептік кездесулерге аудандық мәслихат хатшысы Сқақ Бигеев және халыққа қызмет көрсету мекемесінің, аудандық полиция бөлімінің өкілдері қатысып, халықтың толғандырған сауалдарына жауап берді.

Қыдыралы ӘЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button