Денсаулық

Медициналық сақтандыру қоры 57,5 миллиард теңгенің келісімін жасады

Биыл «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстық филиалы 63 медицина ұйымымен 57,5 миллиард теңгенің келісімін жасады.  Қаржы кепілдендірілген тегін медициналық көмек, яғни ТМККК және МӘМС пакеттері шеңберіндегі қызметтерге бағытталады. Бұл жөнінде қордың облыстық филиалының директоры Батырбек Нұрғалиев мәлімдеді.

Биылғы жылы мемлекеттік тапсырысты орындайтын 63 медициналық ұйымның 28-і  жекеменшік клиника.

— Облыс тұрғындарының 81,88 пайызы, яғни 728 031 адам медициналық сақтандыру жүйесіне енген. Жалпы 3 жылдан аса  уақыт ішінде қорға  Ақтөбе облысынан түскен қаржының  көлемі —  22,9 миллиард теңге. Оның 18,6 миллиард  теңгесі жұмыс берушілердің аударымы болса, қалған 4,3 миллиард теңге жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұрғындарға тиесілі. Ал, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 118,6 миллион теңге бірыңғай жиынтық төлем төлеген, – деді Батырбек Нұрғалиев.

Егерде азамат МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған болса, санатына қарай ай сайын төлейтін жарна мөлшерін анықтап алуы керек. Мәселен, жеңілдігі бар 15 санатқа кіретін  азаматтар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Ал биылдан бастап жалдамалы жұмыскерлерге жұмыс берушінің бухгалтериясы жалақының 2%-ын  және жалақы қорынан 2% мөлшерде, яғни  қорға 4% жарна төлейді. Сондай-ақ  жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалығының иелері, жеке практикамен айналысатын азаматтар ең төменгі жалақының 5%-ы мөлшерінде төлем жасайды. Биыл ең төменгі жалақының мөлшері — 42 500 теңге. Сондықтан төлем мөлшері бұрынғыдай, яғни 2975 теңге.   Ал азаматтық-құқықтық негізде шарт бойынша жұмыс істейтін азаматтар табысының 2%-ы мөлшерінде жарна төлейді. Ең жоғарғы төлем көлемі —  8500 теңге.

Өзін-өзі  жұмыспен  қамтып отырғандар үшін  МӘМС жүйесіне қосылудың екі жолы бар. Біріншісі — өз бетінше төлеу. Жарна көлемі —  ең төменгі жалақының 5 пайызы. Бұл — 2 125 теңге. Екіншісі —  бірыңғай жиынтық төлем. БЖТ көлемі —  республикалық маңызы бар қалалар үшін 1 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), яғни  2917 теңге. Ауылдық жерлер үшін 0,5 АЕК, яғни 1458,5 теңге. Сақтандыру пакетіне енген қызмет түрлерін пайдалану үшін БЖТ соңғы 3 айда үзіліссіз төленуі тиіс.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button