Денсаулық

Көру бақытының қадірін білеміз бе?

Адамдар жанарын бала кезден күткені абзал. Әйтпесе, жарық дүниенің миллион бояуын көрсетіп жүрген көз де бір күні шаршайды, нұры солады. Расында көзге түсер салмақтың соншалықты ауыр екеніне бас қатыра бермейміз. Керісінше, жан қалтамыздан бір елі ажырамайтын телефонға телміреміз, теледидарға тағы қараймыз. Әлемде таралуы жөнінен көз аурулары бесінші орында тұр.

Көру қабілеті бұзылғандар қанша?

Өткен аптада ғана Көз аурулары қазақ ғылыми-зерттеу институтының Елордадағы филиалының директоры Әйгерім Төлетова бүгінде елімізде 56 мыңдай адам «суқараңғы соқыр» дертімен тіркеуде тұрғанын айтты. Олардың 18 мыңы балалар екен. Яғни елімізде зағип ретінде мүгедектікке шығатын жандардың саны жыл сайын көбейіп отыр.

Ал біздің облыста көзі көрмейтін 3638 мүгедек бар. Оның 656-сы — І топ, 539-ы — ІІ топ мүгедегі. 2302 азамат — ІІІ топтың мүшесі.  Бала кезден мүгедектер саны —  141. Бұл туралы бізге Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің медицина-әлеуметтік сараптаманың әдіснама және бақылау бөлімінің басшысы Асқар Ордабаев айтып берді. Оның айтуынша,

былтыр облыста көру қабілеті бұзылған 117 адам мүгедек куәлігін алыпты. Сондай-ақ 33-і — бірінші, 11-і — екінші, 66-сы — үшінші топ мүгедегі. Олардың жетеуі — бала.

Мүгедектермен жұмыс істеп отырған бөлім басшысы көз күтіміне ерекше мән беріп, әсіресе, көзді демалтып отыруға кеңес береді. «Көз қызарса, қышыса, ауырсынса, бірден дәрігерге көрінген жөн. Өкінішке қарай, тұрғындар көз ауруы асқынып кеткен кезде ғана медицина қызметкерінің көмегіне жүгінеді. Бұған ағзадағы түрлі созылмалы сырқаттар да қосылып, көру қызметіне әсер етеді. Мысалы, телефон мен компьютерде бір сағат жұмыс істеген адам  міндетті түрде 15 минут көзін демалтқан жөн. Көзге жаттығу жасауды әдетке айналдырсаңыз, тіпті жақсы», — дейді Асқар Ордабаев.

Көз ауруының алдын алу үшін…

Статистикаға сүйенсек, көзі көрмей қалып жатқандардың арасында балалар да, ересектер де бар, әрі олардың қатары күн санап өсіп жатыр. Сондықтан да облыстың штаттан тыс офтальмологі, жоғары санатты дәрігер Гүлшат Сарбаевамен сөйлесіп, көз ауруларының алдын алу туралы біліп, ауру белгілерін анықтадық.

— Соңғы жылдары екі адамның бірі көзінің тәуір көрмейтінін айтып шағымданады, бірі көзілдірік тағады, тағы бірі көзге операция жасатып жүр. Атап айтсақ, алыстан немесе жақыннан көрмеушілік, сондай-ақ, іштен туабітті аурулар көп. Оған қоса көз ауруларының пайда болуына түрлі жарақаттар, физикалық, химиялық факторлар да әсер етеді. Мысалы, «осылар тыныш болсын» деп, балаларға телефон беріп қоятынымыз тағы бар. Сондай-ақ, қант диабеті, онкология секілді кейбір аурулар да көру қабілетін бұзады. Көз ауруларының белгілері де сан түрлі, барлығы дерлік көзбен байланысты. Мысалы, көз аңғалағының ауырлауы, көру аймағының тарылуы, бұлыңғыр көруі, көз алдында «тордың» пайда болуы, әсіресе, кешқұрым және түнде көру қабілетінің нашарлауы, көздің жасаурауы секілді түрлі белгілері бар. Ал көздің қызаруы қан қысымының өзгергенінен хабар береді, — деп бастады әңгімесін көз дәрігері.

Сондай-ақ Гүлшат Сарбаева жыл санап дамып жатқан офтальмологияның зерттеу әдістерінің көбеюі көз ауруларының жиі анықталуына себепші боп отырғанын жеткізді. Одан әрі ол көз ауруларының алдын алу шаралары туралы әңгімеледі.

Негізі, аурудың алдын алу медицинаның кез келген саласында бар, офтальмология да бұл тұрғыдан кенде қалып жатқан жоқ. Мәселен, біздің елде глаукома, яғни «суқараңғы» ауруын ерте анықтау үшін скринингтік тексерулер жүргізіледі. 40 жастан 70 жасқа дейінгі барлық тұрғын екі жылда бір рет осы тексеруден өтеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша глаукоманың салдарынан бес миллионнан астам адам көру қабілетін жоғалтқан, бұл — әлемдегі барлық көзі көрмейтіндердің 13,5 пайызы. Сондықтан да көзді медициналық тексеруден өткізу — глаукоманы ерте анықтаудың бір жолы. Әсіресе, туыстарыңыздың бірі глаукомадан зардап шексе немесе олардың көру қабілетінің бұзылу себебі анықталмаған болса, көз күтіміне ерекше мән бергеніңіз жөн, — дейді облыстың штаттан тыс офтальмологі Г.Сарбаева.

Сондай-ақ ол қатты бас ауруы немесе көз ауруы байқалса, жүрек айнып, көз алды бұлыңғырланса, бұл — глаукоманың жедел түрінің белгілері болуы мүмкін екендігін ескертті.

Түсіндіріп өтейін, глаукома — көздің ішкі қысымының жоғарылауынан туындайтын ауру. Сау көзде әдетте белгілі бір қысым үнемі сақталады, қалыпты жағдайда сынап бағанасы 18-22 миллиметр көрсетеді. Глаукомамен ауыратын адамның көзінде мұндай айналым бұзылып, сұйықтықтың көз ішінде жиналуынан көзішілік қысым көтеріле бастайды. Бұл процесс неғұрлым ұзақ жүрсе, соғұрлым жүйке жасушалары көп өледі. Глаукоманың екі негізгі түрі бар — ашық және жабық бұрышты. Ашық бұрышты глаукома жиі кездеседі және ол жасырын өтеді, өйткені ол көру қабілеті тым нашарлағанға дейін ешбір симптомсыз болуы мүмкін. Мысалы, сіз теледидардан сүйікті бағдарламаны көріп отырып, кенеттен суреттің шетінде бір бөлігі жоғалып кеткенін байқасаңыз, көру өрісінің ақауын анықтау үшін, әдетте, жақсы көретін көзді жабу керек. Қандай да бір белгіні байқасаңыз, дәрігерге баруды кейінге қалдырмаңыз,  — дейді көз дәрігері Г.Сарбаева глаукомаға қатысты.

Офтальмолог кеңесі

Көз — адамның ең нәзік мүшесі. «Көзің ауырса, қолыңды тый» деген сөз бекер айтылмаса керек. Осы орайда көз күтімі туралы офтальмолог Гүлшат Сарбаеваның кеңесін ұсынып отырмыз.

Көзге күтім жасағанда тазалық пен ұқыптылыққа баса мән беру керек. Ең әуелі қолыңыз таза болғаны жөн. Жазу үстеліне отырғанда орындықта арқаңыз бен басыңызды түзу ұстаған дұрыс. Жұмыс жасайтын бөлмеңіз жарық болғаны дұрыс. Теледидарды қараңғыда мүлдем қарауға болмайды. Ол көзге зиян. Көз А, С, B, Е витаминдерінен қуат алады. А дәрумені торлы қабықтың денсаулығы үшін өте маңызды. Ол сарғыш көкөністер мен жемістерде кездеседі. Бұл дәрумен өрік пен сәбізде, авокадо мен сарғыш түсті болгар бұрышында көптеп кездеседі. B тобындағы витаминдер қан тамырларын қатайтып, орталық жүйке жүйесін қоректендіреді. Сондықтан көз де құнарлы қорекке бай дұрыс тамақтануды талап етеді.

Бүгінде көп адам компьютермен жұмыс істейді, тіпті күнұзақ соның алдында отыратындар бар. Осы кезде көз шаншып, қызарып, суырып ауырады. Көздің шаршағанын басу үшін бөлмені желдетіп, назарыңызды басқа жаққа аударып, бірнеше минут көзге жаттығу жасағаныңыз дұрыс. Мысалы, көзіңізді қатты жұмып, қайта ашыңыз. Осыны бес рет қайталаңыз. Осы жаттығудан соң көзіңізді 15 рет жыпылықтатыңыз. Тағы бір жаттығу: біресе жақынға қарау, біресе алысқа көз жіберу. Бұны да 15 рет қайталасаңыз болады. Гаджеттерге тәуелді балаларға да осындай жаттығуларды үйретіп қойған абзал, — дейді Гүлшат Сарбаева.

Қызықты деректер

  • Көздің салмағы небары 7 граммға тең, ал көз алмасының диаметрі — 24 мм.

  • Адам орта есеппен төрт секунд сайын көз жыпылықтатады. 12 сағаттың 25 минутында көзін ашып-жұмады.

  • Әйелдер еркектерге қарағанда екі есе көп көз жыпылықтатады.

  • Адамның жоғарғы және төменгі кірпіктерін есептегенде 150-ге жетеді.

  • Орта есеппен алғанда бір жылда әйелдер 47 рет, ер адамдар жеті-ақ рет жылайды. Сағат 18.00-20.00 аралығында 77% үйде, 40% жалғыздықта көз жасына ерік береді. Адам барлығы дерлік жылағаннан жеңілдеп қалады.

  • Сәбилер барлығы бірдей ашық-сұр көзбен туады, екі-үш жылдан кейін ғана өз көзінің түсі қалыптасады.

  • Көзді ашып түшкіру мүмкін емес.

  • Көз түсі жанардың нұрлы қабығында болатын меланин пигментінің санына байланысты. Меланин аз болса, көз түсі көк, жасыл, сұр, ал пигмент көп болса, қара, қоңыр, ашық қоңыр түсті болады. Әлемде адамдардың 2%-ы ғана жасыл көзді болады, бұл ең сирек кезедесетін көз түсі.

  • Түнде аспаннан бақыраш бейнесіндегі Жетіқарақшыны тауып алыңыз. Сосын сол «бақыраштың» тұтқасы маңындағы ұсақ жұлдызға зер салыңыз. Егер сол жұлдызды тапсаңыз, онда көзіңіздің көруі қалыпты болғаны. Бұл — көру қабілетін тексеретін ежелгі әдіс.

Р.S. Күннің нұры мен көркем табиғатты, жанашыр адамдарды көріп жүрудің шын бақыт екенін сезесіз бе? Ендеше, жарық дүниені бір сәтте көрмей қалудан артық қасірет жоқ шығар. Сондықтан да қазірден көз күтіміне мән беріңіз! (Құлағыңыз тыныш болуы үшін балаңызға смартфон беруші болмаңыз!)

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button