Экономика

«Даму» бизнесті қолдау мүмкіндіктерін кеңейтті: Мурабаха және Иджара

«Биыл шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ең басты назарда болуға тиіс».

                                                                                                  Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры исламдық қаржыландыру арқылы мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтті. Қазақстандағы исламдық қаржыландыру — несиелеу нарығындағы жаңа бағыт.

Статистикаға сүйенсек, 2018 жылы әлемде 418 коммерциялық Ислам банкі болған. S&P Global Ratings «Islamic Finance Outlook» рейтинг агенттігінің есебі бойынша исламдық қаржыландырудың жаһандық нарығы өсіп келеді:  2019 жылдың басында 2,1 триллионға жетіп, бір жыл ішінде 5%-ға ұлғайған.

«Даму» қоры алғаш рет 2020 жылдың сәуір айында исламдық қаржыландыру бағдарламасы арқылы шағын және орта бизнесті қолдауды, яғни кәсіпкерлікті қолдау құралдарын ұлғайтуды жүзеге асыра бастады. «Даму» қоры облыстық филиалы берген ақпаратқа сүйенсек,осы бағдарлама аясында исламдық қаржыландырудың екі құралы пайдаланылады. Бірі — тауарды бөліп-бөліп сатуды көздейтінМурабаха шарты, екіншісі —  дәстүрлі лизингтің аналогы —  Иджара.

Исламдық қарыздар бойынша субсидия беру мақсатында «Даму» қоры исламдық қарыздардың үстеме бағаларын субсидиялаудың жекелеген қағидаларын енгізді. Бұл тетіктердің барлығы «Бизнестің жол картасы-2025»мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.

Бұл екі құралдың әдеттегі несиеден айырмашылығы — займ беру принциптерінде. Исламдық қаржыландырудың өзіндік ерекшелігі де бар. Мысалы, қарыз алушы айыппұлдарды өсімпұл түрінде төлесе, онда бұл ақша қайырымдылыққа жіберіледі.

«Даму» қоры исламдық қаржыландыру қағидаттары бойынша шағын және орта бизнеске жеңілдетілген шарттармен несие беру үшін «Al Hilal» Ислам банкі» акционерлік қоғамына —  10 млрд теңге және «Kazakhstan Ijara Company» акционерлік қоғамына 3 млрд теңге қаражат салған.

Статистика бойынша Мурабаха және Иджара шарттарымен жеңілдетілген қаржыландыру аясында жобаларды қолдау нәтижесінде елімізде 206 жаңа жұмыс орны құрылып, өндіріс көлемі 12,8 млрд теңгеге жеткен, сонымен бірге  салық түсімдерінің көлемі 341 млн теңге болған.

Исламдық қаржыландыру мүмкіндіктерін пайдаланып, «Даму» қорының қолдауына ие болып отырған кәсіпкерлік нысандарының бірі — керамогранит өндіретін «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС. Бұл зауыт осы жылдың бірінші тоқсанында іске қосылмақ.

— Зауыт құрылысын аяқтау үшін қаржы керек болып, «Даму» қорына жүгініп, «Al Hilal Ислам банкінен» жеңіл шарттармен қаржы алдық. Несие алу барысында «Даму» қоры шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясында кепілдік ұсынды. Бұл жоба бойынша импорттың орнын басатын 5 миллион шаршы метр көлемінде керамогранит шығарып, 220 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Әрі бұл зауыт Ақтөбе қаласы индустриялық аймағындағы ірі кәсіпорындарының бірі болады. Зауыт 2021 жылдың 1-тоқсанында іске қосылады деп жоспарланып отыр, — дейді «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС бас директоры Қанат Битеміров.

Аталған зауыт өнімінің 50 пайызы — Ресейде, қалған жартысы ел аумағында сатылады деп жоспарланып отыр.

Исламдық қаржыландыру тетіктерін алғаш болып қолданған кәсіпорындар арасында шымкенттік «Зерде-Керамика» ЖШС,  «Эдем Транс» ЖШС, маңғыстаулық «Редкометальная компания» КТ БК» ЖШС секілді компаниялардың жобалары бар.

— «Даму» қоры исламдық қаржыландыруды одан әрі қолдап, дамытуды жоспарлап отыр. Елімізде микро, шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлердің белгілі бір бөлігі шариғат қағидаттары бойынша қаржыландыруды қажет етеді. Біздің міндетіміз — даму институты ретінде оларды барынша қамту және қолдау, —  дейді «Даму» қоры бағдарламалық құралдар департаментінің директоры Арсен Мұстафин.

Өткен жылы еліміз бойынша 10 мың жоба 183,6 млрд теңге көлемінде жеңіл несие алған, исламдық қаржыландыру аясында «Даму» қоры жалпы сомасы 11 млрд теңгеден асатын 31 жобаға қолдау көрсеткен.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button