Экономика

Әлеуметтік серіктестік: колледж-өндіріс

Ақтөбе автомобиль-жол колледжінде ұйымдастырылған «Дуальды және модульдік оқыту жүйесін енгізу — уақыт талабы» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында облыстық кәсіпкерлер палатасы, Ақтөбе автомобиль-жол колледжі және қаладағы 18 кәсіпорын арасында әлеуметтік әріптестік туралы үш жақты меморандумға қол қойылды. Мақсат — техникалық және кәсіптік білім беруді іске асыру бойынша ынтымақтастықты дамыту және дуальды оқыту жүйесі бойынша білікті мамандарды мақсатты даярлау, сондай-ақ кәсіпорынның кадрлық әлеуетін арттыру және ұйымдар арасындағы өзара түсіністікті нығайту.

Бұл құжатқа сәйкес, колледж студенттері «Данай-Ақтөбе» ЖШС, «Вест Моторс Сервис» ЖШС, «Авто-қозғалтқыш» ЖШС, «Трансмиссия» ТҚС, ЖК «Куликов А. М.», «Найзағай-СТ» ЖШС, «Ассана-дорСтрой» ЖШС секілді кәсіпорындарда  «жабдықтарды жөндеу шебері», «автомобиль көлігінің диспетчері», «автосервис менеджері», «автомобильдерді жөндеу жөніндегі слесарь», «техник-технолог» секілді  біліктіліктер бойынша тәжірибеден өтеді. Сонымен бірге бұл ынтымақтастық «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Тоңазытқыш-компрессорлық машиналар мен қондырғылар», «Баспа өндірісі», «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы» мамандықтары бойынша дуальды оқытуды ұйымдастыруға және жастарға әрі қарай кәсіпорынға жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Яғни колледж кәсіпорынға өндіріс процесіне бірден кірісе алатын студенттерді жібереді. Кәсіпкерлер палатасы мамандарының айтуынша, кәсіптік-техникалық оқу орны мен бизнес-құрылым арасындағы әлеуметтік әріптестікті кеңейту жергілікті кадрларды даярлау сапасын арттырады.

Облыста 13 басым бағыт, 41 мамандық және 53 біліктілік бойынша дуальды оқытуды енгізудің жол картасы іске асырылып отыр. Бүгінгі таңда осы жол картасы аясында 222 бизнес-құрылым 29 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымымен (2139 студентті бірлесіп даярлау бойынша) келісім жасасты.

Дуальды оқытудың жол картасына кәсіпорындар мен студенттердің қатысуы жыл сайын артып келеді: Мәселен,  2016-2017 оқу жылы — 89 кәсіпорын және 1507 студент, 2017-2018 оқу жылы — 232 кәсіпорын және 2209 студент, 2018-2019 оқу жылы — 301 кәсіпорын және 2024 студент, 2019-2020 оқу жылы 288 кәсіпорын және 1753 студент қатысты. Дуальды оқытудың жол картасы облыс кәсіпорындарына кадрлық әлеуетті қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Атамекен» палатасының ұйтқы болуымен «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпорындар жанынан 24 оқу орталығы ашылды. Былтыр осы орталықтарда жұмыссыздар ретінде тіркелген 504 адам білім алды.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің ақпараты бойынша былтыр қараша айында 2020-2022 жылдарға арналған кадрларға қажеттілік бойынша сауалнама жүргізілген. Облыс бойынша бұл сауалнамаға қатысқан 2 366 кәсіпкерлік субъектісінің 26%-ы ғана кадрларға қажеттіліктің бар екенін айтқан. Ал сауалнамаға қатысқан қаладағы 384 кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің 47%-ында кадрларға қажеттіліктің бар екендігі байқалған. Жылдар бойынша кадрларға қажеттілік: 2020 жылы — 1 624 бос орын,  2021 жылы — 3 962 бос орын,  2022 жылы — 3 283 бос орын. Оның ішінде бос орындардың 16%-ында жоғары білімді мамандарға, 55%-ында —  орта арнаулы оқу орындарында оқыған мамандарға сұраныс бар және бос орындардың 29%-ында мамандардан қандай да бір білімі болуы талап етілмейді.

Бұл сауалнама нәтижесінде кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің кадрларға деген негізгі қажеттілігі орта буын мамандары мен жұмысшы біліктіліктері бойынша байқалады деп қорытынды жасауға болады. Негізінен сұранысқа ие мамандықтар мыналар: дәрігерлер, әртүрлі санаттағы жүргізушілер, малшылар, тігіншілер, өнеркәсіптік және басқа да жабдықтардың операторлары, тас қалаушылар, аспаздар және сатушы-кассирлер. Сауалнама нәтижелері мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және қысқа мерзімді оқыту үшін білім басқармасына және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жіберілді, — дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Айнұр Баймұратова.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button