Басты жаңалықтар

Қыста қайда демалуға болады?

Қыс мезгілі де өз алдына керемет әсер сыйлайтын ерекше уақыт. Бүгінде жұмыстан қолдары қалт еткен қала тұрғындары демалыс күндері қала сыртына барып демалғанды жөн санайды. Қазіргі таңда демалыс орындарының құны қалта көтере ме? Ең қолжетімдісі қайсы? Осы орайда біз ақтөбеліктер жиі баратын демалыс орталықтары туралы біліп, тұрғындардың пікірін тыңдаған едік…

Демалыс орталықтарының құны қанша?

Облыстық кәсіпкерлік басқармасы туризм бөлімінің берген мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі таңда қала сыртында орналасқан 5 қысқы демалыс орталығы бар. Олар — «Green Land», «Тау», «Солнечный»,  «Халва», «Көк жайлау» туристік базалары.

Бүгінде қала маңындағы Кірпішті елді мекенінде орналасқан «Green Land» демалыс базасы көптеген туристер үшін сүйікті орынға айналды. Мұнда қыс мезгілінде тұрғындарға мұз айдыны, ипподром, шаңғылар мен шаналар, қонақүй мен мейрамхана, VIP монша бассейнімен қызмет көрсетеді. Қарғалы өзенінің көркем аймағында орналасқан демалыс базасына, әсіресе, сенбі, жексенбі күндері келушілер көп. Туристік базаға кіру құны ересектерге — 1000 теңге. Балаларға — 500 теңге. Бұл жерде көңілді уақыт өткізу үшін спорттық бұйымдарды жалға алуға да біраз қаражат жұмсауыңызға тура келеді. Жіктеп айтар болсақ, шанамен сырғанау (1 айналым) бір адамға 800 теңге, ал шананы 3 сағатқа жалға алу — 1000 теңге, коньки тебу сағатына — 500 теңге.  Қарда жүретін көлікті жалға алу — 2 мың теңге. Қонақүй 30 мың-150 мың теңге аралығында. Ал, монша кешені 7 мың-15 мың теңге, орташа чек бағасы — 4 мың теңге. Сондай-ақ демалыс базасы келушілерге ипподромда атпен жүруді де ұсынады.

Қала сыртындағы Ақжар елді мекенінде орналасқан тағы бір жайлы отбасылық демалыс орталықтарының бірі  — «Тау» демалыс базасы. Тәулік бойы күзетілетін аймақта таза ауада тынығуға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Алаңда 15 адамға арналған 6 коттедж үйшік, мейрамхана мен ойын-сауық орындары, монша, арнайы автотұрақ бар. Демалушылар таудан сырғанап, мұз айдынында коньки тебе алады. Сондай-ақ қалың қарда жүретін көліктерге мініп, көңілді уақыт өткізеді. Бұл демалыс базасына кіру тегін. Мұз айдынына конькилерді жалға алу құны бір сағатқа 500 теңге. Таудан сырғанауға арналған тюбингтер сағатына 2 мың теңгеге жалға беріледі. Ал, үйшіктерді жалдау 25 мың мен 35 мың теңге аралығында. Жылқымен серуендеу (1 айналым) — 500 теңге. Мейрамханадан тамақтанып, демалыс уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік көп.

«Көңілді демалысыңызды ұйымдастырып береміз…»

Бүгінде қаламызда демалысыңызды ерекше етіп ұйымдастырып беретін арнайы ұйымдар да бар. Мәселен, ақтөбелік Алдияр Имашев пен Тимур Нарымов туристік маршруттарды ұйымдастыруды кәсіпке айналдырған. Егер қаламыздағы мәдени орындарға, демалыс базаларына немесе табиғат аясына, облыс аудандарындағы тарихи жерлерге саяхаттағыңыз келсе, «Team travel group» туристік орталығының көмегіне жүгіне аласыз. Кәсіпкерлер былтыр облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асырылған «Арманыңа қол жеткіз» атты жас кәсіпкеРлерге арналған жоба бойынша қайтарымсыз 1 500 000 теңгелік грант иегерлері атанды.

  • Осыдан үш жыл бұрын мектепте жұмыс жасадым. Бір сыныптың оқушыларын қаламыздағы тарихи, мәдени жерлерге экскурсияға алып барғаным бар. Балаларға да, ата-аналарына да ерекше ұнады. Сонда туристік орталық ашу туралы ой келді. Қазір оқушыларға да осындай қызықты экскурсиялар ұйымдастырамыз. Автобуспен барар және келер жолда қаламыздың тарихы, басқа да қажетті мәліметтер туралы әңгімелейміз. Билет құны — 500-1000 теңге аралығында. Бұл қолжетімді баға деп ойлаймыз.

Сондай-ақ ересектерге де түрлі бағытта турлар ұйымдастырамыз. Белгіленген жерге бару үшін көлігі, тамағы, фотосессия жұмыстары, көңілді уақыт өткізуге арналған түрлі квест ойындары кіреді. Бағасы баратын жерімізге байланысты 6 мың теңгеден басталады.

Қазір таңертеңнен кешке дейін кеңседе отырып жұмыс істейтіндер көп. Жұмыс режимінен арылу үшін бірер сәт табиғат аясына шығып, салауатты өмір салтын ұстанған жөн, — дейді Тимур Нарымов.

Бүгінде Тимурмен бірге 5 адам жұмыс істейді. Бұған дейін олар бірнеше рет студенттермен қала сыртындағы «Green Land» демалыс орталығына және Қарғалы ауданына саяхат ұйымдастырды.

Тұрғындар не дейді?

Гүлзия Нагишева, қала тұрғыны:

— Мен қаламыздағы бірқатар демалыс орталықтарында болып жүрмін. Бірақ маған «Green Land» демалыс базасы ұнайды. Себебі іші ерекше әдемі әрі заманауи. Жақында ғана отбасымызбен және достарымызбен осы демалыс базасында болдық. Маған ұнағаны — барлығы бір аумақта орналасқан. Балаларға көңіл көтеруге арналған жерлер өте көп. Алайда бір кемшіл тұсы, әсіресе сенбі, жексенбіде адам өте көп болғандықтан, ұзақ кезек күтіп қалуға тура келеді. Мысалы, таудан сырғанау үшін тюбингті жалға алу сағатына — 2000 теңге, кішкентайы 1500 теңге тұрады. Бір сағаттың 25 минуты кезек күтумен өтіп кетті. Отбасымызбен демалысқа шықсақ, естелікке әдемі суретке түскіміз келетіні белгілі. Бұл жер ерекше фотосессия жасауға өте қолайлы.

Әйгерім Қабдолова, қала тұрғыны:

— Өткен демалыс күні туыстарыммен қала сыртындағы Ақжар-1 елді мекенінде орналасқан «Восток» демалыс базасында болдық. Бұл жер қаладағы басқа демалыс орталықтарымен салыстырғанда бағасы әлдеқайда тиімді деп ойлаймын. Біз алдын ала бір апта бұрын жан-жақты ақпарат алып, қонақүйден бір бөлмені брондап қойдық. Бөлме жалдау бағасы — 3 мың теңге. ViP бөлмелерді жалдау 7 мың теңге тұрады. Демалыс базасының аумағына кіру тегін. Шаңғы мен коньки тебу және атқа міну сағатына 500 теңге. Таудан тюбингпен сырғанау ересектерге — 2000 теңге. Балаларға — 1000 теңге. Тауға арнайы құрылғылардың көмегімен шығуға болады. Жалпы бұл аймақта ешқандай ақша жұмсамай-ақ таза ауада серуендеп қайтуға да болады. Таңертеңгі 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс жасайды.

Серік Ізімов, қала тұрғыны:

—  Жақында отбасымызбен «Тау» демалыс базасында болдық. Бір ыңғайлысы, ол жерге өз спорттық құрылғыларыңмен барып, таудан тегін сырғанауға мүмкіндік бар. Шынында мұндай демалыс орталықтарына баруға жиі көңіл бөле бермейміз. Алайда қаланың қарбаласынан тыс уақыт тауып, бір сәт отбасыңмен осындай жерлерге келсең, ерекше демалып қаласың. Достарымызбен бас қосқанда түрлі ойын-сауық, тамақтану орталықтарына барып жатамыз ғой. Бірақ қыста таза ауада тыныққанның жөні бір бөлек.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button