Басты жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың түйінді бағыттары талқыланды

Облысқа Nur Otan партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің жұмыс тобы келді.

Топ мүшелері екі күндік бағдарлама аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарының нәтижелері мен партиялық «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаны» орындау бойынша зерттеу жүргізеді.

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшесі, жұмыс тобының жетекшісі Талғат Нәрікбаевпен кездесті. Кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың түйінді бағыттары талқыланды.

Оңдасын Оразалин қаржыландырудың ұлғаюы нәтижесінде облыста тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға және ақтөбеліктердің тіршілік сапасын көтеруге бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылғанын атап көрсетті.

«Президент тапсырмалары аясында біздің облысымызда маңызды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға қаржы бөлінді. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша біз жол, тұрғын үй құрылысында, әлеуметтік салада ауқымды жобаларды іске асырдық, жедел шешуді талап ететін проблемалар күн тәртібінен алынды. Біз оң нәтижелерді көріп отырмыз, ең бастысы, тұрғындардың көзқарас-ұстанымдары өзгеруде. Барлық бағыттар бойынша да жұмыстарды күшейте түсуді көздеп отырмыз», — деп атап өтті облыс әкімі.

«Біздің басты міндетіміз — өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар бойынша  қандай шаралар қабылданып жатқанын, қандай мәселелер күн тәртібінде тұрғанын қарау. Біздің тобымыз барлық бағыттар бойынша жұмыс істейтін болады, аудандарда болып, жұртшылықпен, тұрғындармен кездеседі.

Nur Otan партиясы сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау, қазіргі қоғамдағы бұл келеңсіз құбылысқа қарсы іс-қимыл бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде», — деді өз кезегінде Nur Otan партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің топ жетекшісі Талғат Нәрікбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button