Денсаулық

9 адам індет жұқтырды

Брифинг

24 қаңтар күні облыста коронавирус жұқтырған 9 адам тіркелді. Оның жетеуі Ақтөбе қаласынан болса, қалған екі адам Шалқар және Мұғалжар аудандарынан тіркеліп отыр. Науқастардың үшеуінде ауру белгісі байқалмаған. Аурушаңдықтың тәуліктік өсу деңгейі — 0,2%.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды баяндады.

— Облыс эпидемиологиялық ахуал бойынша жасыл белдеуде тұр. Алайда тұрғындардың босаңсуына болмайды. Қазір тұмаудың да өршитін кезі. Соңғы екі тәулікте жедел респираторлы вирустық инфекцияға 46 адам шалдыққан. Сондықтан күн сайын азаматтарға қауіпсіздік шараларын сақтап жүруді ескертеміз, — деді Мұхтар Сербаев.

Сондай-ақ ол санитарлық талапты сақтамағандарға айыппұл салынып жатқанын айтты.  Мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес, ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабы 1-бөлігі бойынша заң бұзғандарға 180 160 446 теңге көлемінде 1328 айыппұл салынған. Координациялық орталықтар арқылы түскен хабарламалар негізінде жоспардан тыс 27 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 26 объектіге 5 643 510 теңге көлемінде айыппұл салынған. 19 объектінің жұмысын тоқтату бойынша ауданаралық экономикалық және әкімшілік сотқа ұйғарым жіберілген. Оның ішінде екі объект тексеріліп, 87 510 теңге айыппұл салынған.

Шекара бекеттері де бақылауда. Ақпан айынан бастап Ресеймен шектесетін Мәртөк ауданында «Жайсаң» және Қарғалы ауданындағы «Әлімбет» шекара бекеттерінде санитарлық-карантиндік пункт жұмыс жасап жатыр. Алтыншы қазаннан бастап «Әлімбет» бекеті арқылы 22 073, «Жайсаң» бекеті арқылы 44 679 адам өткен. Оның ішінде 48 адамнан коронавирус анықталды. 27 адам — транзиттік көліктердің жүргізушілері. Ал 21 адам — жолаушы.

Ал Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, облыстың стационарларында коронавирусқа шалдыққан 135 адам ем қабылдауда. 49 адам инфекциялық стационарда жатыр. Жансақтау бөлімінде он адам жатса, бір науқас жансақтау бөлімінде жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған. Карантиндік стационарда 75 адам бақылауға алынған.

Жалпы, облыста КВИ-мен ауырған 3898 адам тіркелді, оның 50,2%-ы ауру белгілерімен және 49,7%-ы симптомсыз  жағдай. 3712 науқас жазылып шықты. Ақтөбе қаласында 2775 адам ауырса, Әйтеке би — 21, Алға — 107, Байғанин — 58, Ырғыз — 54, Қобда — 15, Қарғалы — 62, Мәртөк — 151, Мұғалжар — 162, Темір — 197, Ойыл — 21, Хромтау — 131, Шалқар ауданында 114 адам вирус жұқтырған.

Жалпы тіркелген 3898 науқастың 3,5%-ы сырттан келген. 592 науқас ауру адаммен байланыста болған. Профилактикалық мақсатта тексерілгендердің саны — 1057.  Қазіргі таңда үй карантиніне 355 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button