Ауыл

Кәсіпкер үш отбасыға үй алып берді

Өткен жылы Алға ауданы Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Амангелді ауылының тағдырына алаңдап, «Ақтөбе» газетінің тілшілері арнайы ісапар ұйымдастырған болатын.

Онда жергілікті тұрғындардың өтінішімен ауылдағы негізгі мектептің бала саны жетіспегендіктен бастауышқа айналу қаупі туып, көпбалалы отбасылар көшіп келетін болса, тұрғын үймен қамтамасыз етілетінін жариялағанбыз. Егер бастауыш мектепке қарап қалса, онсыз да тұрғындары сиреген ауыл одан әрі қаңырап қалмақ. Сол үшін ауыл тұрғындары өздері әрекет жасап, айналаға хабарландыру жіберіп, көшіп келушілер болса құшақ жайып қарсы алатынын айтқан-ды. Содан бері бір жыл өтті. Не өзгерді? Нәтиже бар ма? Оқырманмен кері байланыс жасап, әрдайым хабардар болып, талап-тілегімен бөлісіп отыратын облыстың бас газеті арқылы Амангелдінің бүгінгі ахуалын айта кетуді жөн санадық.

Әрине, пәлен жерде бақыр бар дегенге ешкім шауып шыға қоймас. Бірақ тұрмыстың тауқыметі титықтатып, бірнеше балаларымен жеке баспанаға қол жетпей жүргендерге қаладан гөрі ауылда тұрған қолайлы. Өйткені мал ұстауға мүмкіндік бар. Бақша салуға ешкім кедергі емес. Міне, осындай мақсатпен Амангелдіге бір жазда 3 отбасы көшіп келіпті. Жергілікті кәсіпкер Самат Қалдығұлов оларды тұрғын үймен қамтамасыз етіп, қысқы отын-суына көмек берген.

Әр кез ауылының жайына алаңдап, жаны ашып жүретін кәсіпкердің ойы да, арманы да негізгі мектепті орта мектепке айналдыру.

Бір жылда 3 отбасы келсе, жақсы нәтиже. Хабарласқан адамдар көп. Бірақ бізге көпбалалы отбасы керек. Алға қаласынан көшіп келген бір апайдың алты баласы бар. Оның бесеуі мектепте оқиды. Ержетіп қалған балалары ауыл іргесіндегі шаруашылыққа келіп, атқа мінуді үйреніп жүр. Жазда оларды маусымдық жұмысқа тартамын. Қарақалпақстаннан тағы бір отбасын тұрғын үйге кіргізіп, әйелімен бірге жұмысқа алдым. Екеуінің қазіргі қыстағы табысы — 170-180 мың теңге. Төртінші отбасы келемін деп отыр. Егер тағы да көпбалалы отбасылар болса, ауылдағы бос тұрған үйлерге орналастыруға дайынмын. Олар сол үйлерде 5 жыл тұрады. Бес жылдан соң үй өздерінің атына рәсімделеді. Биыл ауылға көгілдір отын келеді деп күтіп отырмыз, — дейді С.Қалдығұлов.

Ал мектеп директоры Балдырған Нұрмұқанова «бұл отбасылар көшіп келмегенде, халіміз мүшкіл еді» дейді. Оның айтуынша, бірінші сыныпқа баратын бала жоқтың қасы.

Былтыр тоғызыншы сыныпты бітіріп кеткендер бар. Одан басқа ауылда көшіп кеткен отбасылар болды. Мектепте 21 оқушымыз ғана қалды.   Ауылға екі баласымен көшіп келген бір келіншек мектепке мұғалім боп кірді. Екі баласы да оқиды. Сөйтіп, үш отбасыдан тоғыз бала мектепке қабылданып, қазіргі таңда 30 балаға жеттік, — дейді мектеп директоры.

Самат НАРЕГЕЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button