Мәдениет

Сағындым сені…

Өткен сенбі күні Өнер орталығы ғимаратында ұйымдастырылған ретро әндер кеші осылай аталды.

Жаңа жылда Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония ұжымының көрермен қауымға ұсынар тосынсыйы көп болғалы тұр.

Концертте өткен ғасырда жазылған Нұрғиса Тілендиев, Бәкір Тәжібаев, Шәмші Қалдаяқов, Теміржан Базарбаев, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев, т.б. көрнекті композиторлардың әндері шырқалды. Ғұмырлы туындылардың кейбірін көрермендер қосыла әуелетті. Әсіресе, «Сағындым сені», «Алматының алмасы», «Сыған серенадасы», «Жан досым» сынды әндерді жиналғандар жылы қабылдады. Ал орындаушылардың арасында Ардақ Төлепберген, Әкімжан Шәкірұлы, Жұлдыз Нұрқасымовалар жарқырай көрінді.

— Пандемияға байланысты өткен жылдың қараша айынан бастап жүз адамға дейін концерт беруге рұқсат берілді. Енді 11 қаңтардан бері залға 300 көрерменді қабылдап жатырмыз. Алдағы уақытта бұрынғы тіршілігімізге ораламыз деген ойдамыз.

Бүгінгі «Сағындым сені» өзіміздің камералық оркестр мен филармония солистерінің атсалысуымен ұйымдастырылып отыр. Бұған жылдар бойы іріктелген, халықтың жүрегінен мықтап орын алған туындыларды арнайы таңдап алдық.

Биылғы жаңалығымыз — дастандарды қамтып жатырмыз. Өткенде «Нарқызды» ұсындық, таяуда «Асау-Барақ» дастанының премьерасына шақырамыз, — дейді Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның директоры Елубай Кенжалиев.

Айта кетейік, жас ұрпақты отансүйгіштікке шақырып, елге қорған болған батырлардың ерлігін дәріптейтін «Асау-Барақ» рухани жыр кеші 30 қаңтар күні сағат 16.00-де Өнер орталығы концерт залында өтеді. Мәдени бағдарламаға қатысатындар — ҚР Мәдениет қайраткері Перуза Нарман, ҚР Мәдениет саласының үздігі Елдос Жұмағұлов, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Нұрлан Әбдібеков, Әділет Күзенбаев, Ғазиза Әбдірова, Мәншүк Мұқанова, Динара Шынарбаева.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button