Рухани жаңғыру

Сөздің түзу болмағы — ниет түзулігінен

Қазақстан Республикасының Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында мынадай тұжырым бар: «Еліміздің басты нышандарының бірі — мемлекеттік тіл. Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық. Осы аралықта қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп көбейді.

Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе — ниетте».

Ал ниет ана тілімізге деген пейіл, ықылас, ынта таныту болып табылады. Елімізде ана тілімізге, оның тағдырына ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе, мемлекеттік мәртебеге ие болып отырған қазақ тілінің қоғамдық қызметін жандандыру, қалыптастыру басты мәселеге айналды.

Осы орайда оның негізі туралы академик Әбдуәли Қайдаровтың «Ең алдымен оның тірек болар үштағаны — жазу-сызуы (ұрпақ арасын жалғастырар алтын көпірі), ономастика (жер бетіндегі ескерткіші), терминологиясы (оның баю, жаңару көзі) берік емес екендігін мойындау қажет», — деген пікірі орынды айтылған.

Қазақ тілі көркем сөздің, мәдениеттің құралы ғана емес, біздің тіл — ұлтымыздың бітім-болмысын, рухани толығу мен дамудың негізгі көздерінің бірі. Сондықтан уақыт өтіп, оның бет-бедері өзгерген сайын қазақ тілінің ұлттық нақышы да жаңарғанын тілдік айналымда жүрген көптеген сөздердің қолданысынан байқаймыз.

Жалпы алғанда тіл мәдениеті, сөйлеу мәдениеті дегенде есте ұстарлық бір мәселе — қоғамдық мәселені, әлеуметтік сұрақтарға қатысты тақырып болса, оны түсіне білу керек, осы мәселе төңірегінде тақырыптың айтар ойына сай келетін  сөздер мен тұрақты сөз тіркестерін қолданған дұрыс.

Белгілі ғалым, профессор Абат Қыдыршаев «Шешендік өнер» атты еңбегінде: «Алғашқы кезекте сөз сөйлеудің мақсатына — Кімдерге сөйлеймін? Оларға не айтамын? Оларға мұны не үшін айтамын деген сауалдар қойылу керек. Сондай-ақ сөйлеудің сыртқы техникалық жағын айқындайтын — Қалай дұрыс айту керек? Қалай түсінікті айту керек? Қалай қызықты айту керек? Қалай тиімдірек сөйлеу керек деген сұрақтарға жауап бере алатындай дайын болу керек деп нақты көрсетеді.

Мақсатымыз — сөйлеу құдіреті арқылы тіліміздің кешегі, бүгінгі және болашақтағы сөз мәдениеті қандай болады деген ізгі ниетті айту. Осындай ізгі ниеттің бірі деп Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Парламент депутаттары мен журналистерінің басын қосып, онлайн кездесу өткізгені туралы Ерқанат Көпжасардың бас газетіміз «Egemen Qazaqstanda» жарық көрген мақаласын айтуға болады. Мақалада «Қазақ тілінің мәйегіне қалай қайтып ораламыз?» деген сұрақтың төңірегінде қатысушылардан нақты ұсыныстар айтқандары туралы талдау жасалады. Осы онлайн кездесуде журналист Әділбек Қаба «Қазақ тілді журналистердің басынан өтетін бір ақиқат бар: оларға күнде ақпаратты орыс тілінен аударып, пайдалануына тура келеді. Ал аудармамен күнделікті айналысып жүрген адам бірте-бірте тілі орысшаға ауысып бара жатқанын өзі де байқамай қалады. Бүгінде әлеуметтік желі тілімізді одан ары қарабайырландырып жіберді. Әрине, тіл жанашыларлары бұған қатысты сынды айтып-ақ жатыр. Алайда мәселе тілді меңгеру деңгейінде ғана емес, әр адамның тіл тазалығын, тіл мәдениетін сақтау жауапкершілігінде жатқан сияқты», — десе, сенатор, «Қазақстан Медиа Альянсы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Нұртөре Жүсіп тілдің қолданыс аясын кеңейту мен тіл мәдениетінің  сақталуы тұрғысынан қарағанда, бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы мен қоғамдық санаға әсері өте күшті екенін еске салды. Әйтсе де сөз қолданысындағы жауапсыздық, талғамсыздық өріс алып отырғанын жасырған жоқ.

«Ең үлкен кемшілік — сөздің мағынасына мән бермеу. Сөздің ауыспалы және тура мағынасы болатынын бәріміз жақсы білсек те, осы мәселеге келген кезде тілшілер де, радио, телеарна журналистері де қазақ тілінің бояуын, мағынасын, фразеологиялық сөйлемдердің бұзылмай сақталуын, мақал-мәтелдің шарттарын орындай алмай жатады. Бүгінде тіл мәдениетінде, жазу, сөйлеу тұрғысында бірқатар кемшілік бар. Тілшілер өзінің сөз саптауында басқа тілдердің заңдылықтарына етек алдырып кетеді. Бір ғана мысал: «керекпіз» деген сөздің өзі басылымдарға да, телеарналарға да шығып жатыр. Бұл — кітап оқуды мәдени құндылықтардың қатарынан шығарып тастаудың салдары», — дейді сенатор. Нұртөре Жүсіптің айтуынша, қазір журналистер мен тіл мамандары кітап оқуды мүлде азайтқан. БАҚ-ты оқығанда жас буынның тілінде, жергілікті бұқаралық- ақпарат құралдарының  тілінде сөз мәдениетінің негізгі алғышарттары сақтала бермейтінін байқаймыз, оған дәлел кешегі Парламент Мәжілісіне, облыстық және қалалық мәслихаттарға депутаттар сайлау барысының қорытындысы туралы берген ресми хабарларда  «қуаныштан жүздері бал-бұл жайнаған депутаттар» немесе «су жаңа депутаттар» деген тіркестер жергілікті теледидардан айтылды. Шамасы, депутаттарды қуаныштан гөрі, халық алдында берген уәдемді, халық аманатын қалай орындаймын деген толғауы мен күрмеуі өте көп мәселелерді шешу туралы ой толғандырғаны дұрыс сияқты.

Сондықтан тіл мәдениетінің мәртебесін айқындайтын негізгі заңдылықтардың бірі — сөйлеу мәдениетіндегі бірізділіктің болуы тиіс.

Бұқаралық ақпарат құралдарында кейде облыс әкімін «өңір басшысы», «өңір әкімі»  деген сөздермен алмастырып айту жиі қолданылады. Облыс әкімі — ресми, мемлекеттік тұлға, сондықтан ресмилікті сақтап, оны «облыс әкімі» деп атаған дұрыс, себебі  «облыс» деген сөзбен «өңір» деген сөздердің арасында үлкен мағыналық айырмашылық бар.

Тіліміздің сөздік құрамындағы сөздерді өз мағынасында қолданса деген тілек бар. Соңғы кезде «аналық сиыр» деген сөз жергілікті теледидардан бірнеше рет айтылып жүргенін байқадық. Қазақ тілінде және  көркем сөз шеберлерінің шығармаларында бұл сөз жоқ. Қазақ ешқашан «аналық сиыр», «аналық қой» деп сөйлемеген де және айтпаған. Оның орнына «саулық қой», «сауын сиыр», «саулық», «тұсақ» деп атаған. Әрине, диктордың мәтінді оқудағы   ең  басты  тілдік  ерекшелігі — ресмилік мазмұнда  болуы.

Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, ізденіп қарасақ, осындай қателіктерге бой алдыруға біздің де кінәміз бар. Сонымен бірге енжарлық, бойкүйездік, барлығына бір призмамен қараған көзқарастарымыз да себепші сияқты. Біз көпке топырақ шашып отырғанымыз жоқ, дегенмен қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып жұмсалып, өзінің тұғырында мәңгі, тұрақты отыруы үшін сөз мәдениетінде  сөздердің көркемдік кестесін сақтаса, құба-құп болар еді.

Ал енді тұрақты қойылып келе жатқан «не істеу керек?» деген сұраққа келсек, телевизия маманы Дана Нұржігіт қазақ телевизиясындағы тілдің өзгеруін — дикторлық мектептің жабылуы деп тұжырымдады. Бұл пікірді біз де қолдаймыз.

Ойды ой қозғайды. Біздің Ақтөбе телерадиосының бір кездегі жүргізушілері  қазіргі кезде зейнеткерлікке шықса да, әлі ортамызда жүр. Олар  қазіргідей ақпараттық технология дамыған кездегідей болмаса да, «жоқтан барды жасап», үлкен өмір мектебінен өтті. Міне, осы ағаларымыз бен апаларымызды ортаға ала отырып, қазіргі түйткілі көп мәселелерді шешуге болады ғой деп ойлаймыз. Тілді қолдануда «сөз мәдениеті», «тіл мәдениеті»  деген ұғымдар бар. Сөз мәдениеті дегендегі сөз  бен тілдік қолданыстағы «мәдениет» деген атауды «тіл» дегеннен гөрі «сөз» деп тіркестірген дұрыс деген қазіргі кезде тілші ғалымдардың да ұсыныстары бар. Сондықтан сөз мәдениеті — біздің халқымыздың  көне замандардан бастап, қазақ ойшылдары мен ақын-жырауларының, қаламгерлерінің даналық тағылымдарының терең мәнімен қатар,  аға буын мен жас ұрпақты байланыстыратын негізгі тұмабұлақ.

Сөз мәдениеті — халқымыздың дүниетанымы мен рухани бай дүниесін  тарихи және тілдік тұрғыдан қолдана білу  және осы мағынада сипаттау болып табылады. Сөз мәдениеті — сан қырлы, терең, оны жан-жақты  біліп, мәдениетті сөйлеу үшін сөздің шынайы, көркем табиғатын дұрыс қолдана білу керек. Себебі сөз мәдениетіндегі негізгі элемент — сөз.

Сөз мәдениеті  арқылы сөйлеу үлгісін қалыптастыру, оны дамыту қазіргі кезде маңызды әрі көкейкесті мәселеге айналып отыр. Біз бұл жерде «тырнақ астынан кір іздеп», барлығы дұрыс емес, тележурналистеріміздің сөз мәдениеті төмен деген ойдан аулақпыз. Кезінде В.Радлов, А.Затеевич, А.Янушкеевич және т.б. тамсана жазған, ел мен жер үшін, қазақ халқының болашағы үшін күрескен ардақты алаш азаматтарының аманатын арқалаған, қазақ ақын-жазушыларының көркем шығармалары арқылы дүниежүзіне халқымызды паш еткен ана тілімізді, «Ақ қағазға сөз ойып шаршадым», — деп көрнекті қаламгер Раxымжан Отарбаев айтқандай, асыл сөзді «қатқан көн тері тулақтың үстінде жүн сабағандай» етіп қолданғандарды естіп әрі оқығанда жаның қиналады.

Қысқасы, сөз түзелсе, тыңдаушы да түзелер еді…

Нұрдәулет АЛДАШЕВ,

филология ғылымдарының кандидаты,

доцент.

Басқа жаңалықтар

Back to top button