Құқық

Автобус жүргізушісінің куәлігі жоқ болып шықты

Жол қауіпсіздігі

20-22 қаңтарда облыс аумағында «Автобус» жедел алдын-алу іс-шарасы жүргізілді. Жол-көлік оқиғаларының санын азайту, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында жүргізілген шара барысында автобустың тұрақты және тұрақты емес жолаушылары мен жүк тасымалына, автобустың техникалық жай-күйіне және оның конструкциясының белгіленген талаптарға сәйкес келуіне ерекше назар аударылды.

Жедел алдын-алу іс-шарасы барысында ПД жеке құрамы жолаушылар көлік құралының жүргізушілері тарапынан жасалған 400-ге жуық құқықбұзушылықты анықтады. Оның ішінде маневр жасау ережелерін бұзу, белгіленген қозғалыс жылдамдығын арттыру, көлік құралын басқару кезінде телефон немесе радиостанция пайдалану, жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзу секілді деректер тіркелді.

Патрульдік полиция қызметкерлері «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Ақтөбе-Орск автожолында Украинка кентінің Ақжар ауылында оқитын оқушыларын тасымалдайтын «Hyundai» маркалы автобусты тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде мектеп автобусының жүргізушісінің жол-көлік оқиғасын жасағаны және оқиға орнынан кетіп қалғаны  үшін 1 жыл 9 айға жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды.

Полиция қызметкерлері жолаушылар тасымалдайтын «ПАЗ»  қоғамдық көлігінің тағы бір жүргізушісінің былтыр мас күйінде көлік жүргізгені үшін көлік құралын басқару құқығынан айырылғанын анықтады.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі дерегі бойынша белсенді азаматтық ұстаным танытқан тұрғындардың және азаматтық патруль көмегімен қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған 50-ден астам құқықбұзушылық анықталған.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button